Қасым хандығын басқарған Ораз-Мұхаммед сұлтанға ескерткіш тақтаны орнату идеясының авторы – Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов. Естелік белгі Ораз-Мұхаммед жерленген Ескі татар зиратында, Ресейдің мәдени мұралар нысанына енген Ауған-Мұхаммед сұлтанның кесенесіне жақын жерде орнатылды.
«Сөз жоқ, бұл – бір тұлғаға ғана емес, тұтас бір дәуірге, сонау аласапыран дәуірдегі қазақ сұлтандығының Ресейдегі тарихи ізіне, екі халықтың арасындағы достық пен ынтымақтың, бірлік пен тірліктің өзіне қойылған ескерткіш деп білемін. Сол себепті, Ораз-Мұхаммедтің есімі бүгінгі ұрпақ санасында орыс-қазақ достығының символы әрі екі ел арасындағы дипломатиялық алыс-берістің қарлығашы ретінде мәңгі сақталады», – деді салтанатты шара барысында Елші Иманғали Тасмағамбетов.
Еске сала кетейік, Ораз-Мұхаммед сұлтан Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның тікелей ұрпағы, Тәуекел ханның інісі Ондан сұлтанның ұлы. Ол өз заманында орыс патшасына бағынышты аймақта хандықты билеп, қазақ сұлтандарының арасында шет елде үлкен абыройға ие болған әйгілі тарихи тұлғаның бірі. Ораз-Мұхаммедтің ерлігі мен өмірі туралы көптеген деректерді жат жерде сұлтанның сенімді серігіне айналған шежіресі Қадырғали Жалаири жазып қалдырған. Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» атты тарихи романында қазақ сұлтанының қайраткерлігі, парасаттылығы мен қаһармандық келбеті шебер суреттеледі.





