Республикалық мониторингтік топ – Қызылордада

402

0

Республикалық мониторингтік топ - Қызылордада Жемқорлықпен күрес – қоғам дамуына үлес. Жең ұшынан жалғасқан кеселдің ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін Елбасы үнемі ескертіп келеді. Осыған орай елімізде 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы бекітілді. Стратегия аясында республикалық арнайы мониторингтік топ құрылған болатын. Тұрақты жұмыс істейтін консультативті-кеңесші орган ретінде құрылған топтың мақсаты – шалғай елді мекендерді аралап, жергілікті халықпен кездесулер ұйымдастыру. Осылайша, алыстағы ағайынның мәселесін анықтап, құзырлы мекемелерге жеткізу. Оған қоғамдық өзгерістердің ақиқатын бүкпесіз айта білетін азаматтар мүше. Жуырда осындай белсенді өкілдерден құралған топ Сыр өңіріне іс сапармен келді. Қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тарту, бақылау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында келген топ мүшелері бірқатар мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелер жұмысымен танысты.

Медициналық ақпараттық жүйе қамтамасыз етілген

Ең алдымен қаладағы №3 емханада болып, көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты халықтың пікірін тыңдады. Шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова емхана қызметі мен «DamuMed» медициналық ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы жайлы тарқатып айтты. Сонымен қатар облыс аумағындағы медициналық ұйымдарға кешенді медициналық ақпараттық жүйесін ендіру жұмысы жүзеге асырылып, қазір қала және аудан деңгейіндегі медициналық ұйымдардың бұл жүйемен қамтылуы 100 процентке жеткенін атап өтті. Жыл соңына дейін облыстың интернет белсенді тұрғындарының 30%-ын мобильді қосымшамен қамту жоспарланғанына тоқталды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин де өз кезегінде мемлекеттік органдардағы процестерді, яғни халықпен қарым-қатынасты цифрландырудың маңыздылығы жоғары екенін айтып, бұл ретте тұрғындардың құқықтық сауаттылығын әлі де арттыру қажеттігін алға артты.

ІТ. Бұл – болашақ

Келесі кезекте топ мүшелері Ә.Тәжібаев атындағы кітапханада орналасқан заманауи ІТ парк қызметіне қанықты. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған «HаckDаy-2017» аймақтық фестивалі өңірімізде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында талантты жастардың көптігін дәлелдеді. Соның нәтижесінде ІТ парк құрылып, талантты өрендер өздерінің стартап-жобаларын әзірлеуге мүмкіндік алды. Ақпараттық технологияларды дамыту жөніндегі облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Индира Ақжігітованың айтуынша, ІТ парк түрлі лабораториялық симулятор, 2D, 3D графикалық жобаларды әзірлеу мен өндірістегі қолданысын тестілеуге, ақпараттық-бағдарламалық өнімдер жасап шығаруға және салаларды автоматтандыруға жол ашады. Қалалық қосымша білім беру әдістемелік орталығының маманы Серікбол Ералиевпен тілдескенімізде де, ол бұл салаға жас мамандар көптеп келуі үшін мектеп бағдарламасында жаңа технологияның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажеттігін жеткізді.

Кедергісіз қызмет көрсету – басты назарда

Кезекті нысан – кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы болды. Мұнда орталық директоры Қамар Бекетова келушілерді атқарылған ауқымды істермен, көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстырды. Мәліметтерге сүйенсек, аталған орталық қазір 40-тан аса қызмет түрін ақысыз негізде көрсетуде. Барлық қызмет түрлері ҚР Ұлттық экономика министрлігінің стандарттарына, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» ҚР Заңына сәйкестендірілген. Кездесу барысында топ мүшелері бұл қызметтердің барлығына оң баға беріп, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы әкімшілік кедергілердің жойылуы сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алатынына тоқталды. «Атамекен» ҰКП Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация Комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов бизнес өкілдерінің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына мемлекет тарапынан төленетін субсидияға қатысты қалыптасқан проблемаларын, жылу есептегіш құралдарына қатысты мәселелерін тыңдады. Алдағы уақытта мониторингтік топпен бірге бұл мәселелерді зерделеп, ортақ ұсыныс шығаратындығын жеткізді. Сондай-ақ, меймандар құқық қорғау қызметтері орталығына барып, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша беріліп жатқан кеңестердің барысына бойлады. Облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Мағрипа Әлиева жыл басынан бері аталған орталықта 1150 тұрғын қабылданып, 1056-на заң талаптары түсіндіріліп, 56 тұлғаның жазбаша арызы қабылданғанын баяндады.

Жемқорлықпен күрес жүйелі

Бұл шаралар облыс әкімдігіндегі жиынға ұласты. Облыстың мемлекеттік қызметшілерімен және Әдеп жөніндегі уәкілдерімен кездесу барысында Айгүл Соловьева аймақта оң нәтижелер бар екенін атап өтті. Дегенмен, шаруаны ширата түсу керектігін, жемқорлықпен күрес – ортақ дүние екенін қаперден шығармауға шақырды.

– Өткен жылы Transparency International үкіметтік емес халықаралық ұйымының рейтингісінде Қазақстан жемқорлықпен күрес жүргізуде 9 сатыға көтеріліп, бүгінде әлем бойынша 122-ші орынды иеленіп отыр. Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауында да жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күресті жалғастыруды тапсырды. Біздің топ мемлекеттік сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясы аясында құрылып отыр. Бір жарым жылға жуық қызмет барысында бірқатар іс-шаралар кешені атқарылды. Биыл конгрессте мониторингтік топтарды жергілікті, аудандық, ауыл округтері деңгейінде де құру туралы шешім қабылданды. Жемқорлықпен күрес – әрбір адамның борышы. Бұл мәселені шешуге білек сыбана кірісу қажет, – деді мониторинтік топ жетекшісі. 

Басқосу барысында қатысушылар мемлекеттік қызметтегі өзгерістер, әдеп нормаларының сақталуына қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Бұдан бөлек, облыстық арнайы мониторингтік топ мүшелерімен де жүздесу ұйымдастырылды. Шарада облыстық мониторингтік топ басшысы Анар Ізден негізгі міндеттер мен жұмыс барысында басты назарға алынған бағыттар жайлы баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстық арнайы мониторингтік топ белсенді жұмыс жасап,  жемқорлыққа қарсы түрлі шараларға, жобаларға қатысып,  мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша сыртқы талдау жұмысын атқаруда. Былтыр 17 мемлекеттік орган мен ұйымдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, 77 ұсыным берілген.

***

Келесі күні топ мүшелері Байқоңыр қаласына сапар шекті. ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасында мемлекеттік орган, қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесу өткізілді. Жиынды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абзал Мұхимов жүргізді. Шарада Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Әділ Қошалақов Қармақшы ауданы бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары, Әдеп нормаларының сақталуы жөнінде атқарылған жұмыстары туралы хабарлама жасады. Сондай-ақ, мониторингтік топ Байқоңыр қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығына бас сұқты. Орталық қызметімен ХҚКО-ның Байқоңыр қалалық бөлімінің басшысы Шара Ұзақова таныстырды. Айта кетейік, орталық Байқоңыр қаласы, Төретам кенті және Ақай ауылдық округінің тұрғындарына 600-ден аса электронды мемлекеттік қызметтер көрсетеді. Аталған орталық арқылы өткен жыл көлемінде 70203 мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Екі күндік сапар Сырдария ауданында қорытындыланды. Мониторингтік топ мүшелері ауданда өткізіліп жатқан «Адал жол – Честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафонының салтанатты шарасына қатысты. Аталған марафон аясында С.Сейфуллин ауылынан бастап Тереңөзек кентіне дейін 100 адамнан құралған велошеру өткізілді. Салтанатты шарада марафон туы Шиелі ауданына табысталды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ, 

Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ. 

 

 

 

 

 

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<