Республикалық олимпиаданың жеңімпазы

940

0

Редакцияға Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінен сүйінші хабар келіп жетті. Бұл жолы іргелі білім ордасының 10 сынып оқушысы Айжан Рамазан республикалық Абайтану олимпиадасының жүлделі ІІ орын иегері атаныпты. «Балалар жылымен» тұспа-тұс келген жоғары жетістік іргелі ізденіс пен еңбектің мәуелі жемісі екені анық.

Озат оқушының жетекшісі Фарида Әбенованың айтуынша, Абайтану олимпиадасы биыл төртінші рет ұйымдастырылған. Олимпиада ҚР Білім және ғылым министрлігінің тікелей қолдауымен және ұйымдастыруымен өткізілген.

Республикалық олимпиаданың жеңімпазы

– Алматы қаласында ұйымдастырылған олимпиада екі кезең бойынша өтті. Әуелі қатысушылар ақынның қарасөздері мен поэзиясы негізінде дайындалған тақырыптардың біріне эссе жазса, кейін М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан берілген үзіндінің қай тарау, қандай бөлімнен алынғанын айтып, мазмұнын жалғастырды. Роман мазмұнынан «Сократтық» сұрақтар беріліп, талапкерлердің логикалық ойлау деңгейі тексеріліп, олар ақын шығармашылығы бойынша дайындалған тапсырмаларға жауап берді. Әр жанрдағы шығармаларына жан-жақты талдау жасап, алған тәлімі мен білімін сарапқа салып, сыннан өткізді. Сондай-ақ, М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан алынған сөйлемге кешенді талдау жасау арқылы грамматикалық сауаттылығы анықталды – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Фарида Әбенова.

Осы сындардан сүрінбей өткен Айжан Рамазан олимпиада жеңімпазы атанды. Ол ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Ш.Каринованың қолы қойылған Дипломмен марапатталды.

– Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Бізді аудандық білім бөлімінің өкілдері мен мектеп-лицейіміздің директоры, аудандық мәслихат депутаты Ғ.Жаңабаева бастаған педагогикалық ұжым үлкен сеніммен шығарып салып, зор құрметпен күтіп алды, – деді Ф.Әбенова.

Айту керек, олимпиаданың республикалық кезеңіне облыстық, қалалық деңгейден жеңімпаз болған оқушылар, атап айтқанда, 14 облыс, 3 қала, республикалық білім беру ұйымдары, НЗМ ДББҰ, Абай мектептері желісі бойынша жалпы саны 130 оқушы қатысқан. Жүзден озар жүйріктерді белгілі Абайтанушы, әдебиетші-тілші, зерттеушілер анықтаған. Жүлдегерлер бағалы сыйлықпен марапатталып, қатысушылар мен жетекшілер М.Әуезов атындағы театрға барып, қойылым тамашаласа, жетекшілерге коучинг-семинар көрсетілген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<