Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен мәжілісте 15 наурызда өтетін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына арналған республикалық референдумды және Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін ұйымдастыру мәселелеріне байланысты мәжіліс өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жауапты мекеме басшылары қатысты.
Мәжілісте алдағы республикалық референдумды аудан көлемінде заң талаптарына сәйкес, ашық әрі жоғары деңгейде өткізу мәселелері жан-жақты қаралды. Күн тәртібіне сәйкес аудандық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Аманбай комиссиялардың дайындығы, учаскелердің жұмыс барысы және ұйымдастыру мәселелері туралы баяндама жасады.
Аудан әкімі өз сөзінде бұл саяси науқан ел тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі екенін атап өтіп, барлық жауапты тұлғаларға референдумды ұйымдастыру жұмыстарын сапалы әрі жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Сонымен қатар учаскелік референдум комиссияларының жұмысына ерекше назар аударып, заңдылықтың сақталуы мен ұйымдастыру шараларының толық қамтамасыз етілуін қатаң бақылауда ұстау керектігін айтты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов референдум күні ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік шаралар, тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты ұстау бағытында атқарылатын жұмыстар туралы хабарлама жасады.
Аудан басшысы дауыс беру күні барлық референдум учаскелерінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасалып, Наурыз мерекесі қарсаңында этноауылдар ұйымдастыру, мәдени концерттік бағдарламалар өткізу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері мен түрлі акциялар өткізу мәселелерін жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау, медициналық қызметтің дайын болуы, коммуналдық қызметтердің үздіксіз көрсетілуі, шалғай елді мекен тұрғындарының дауыс беруіне жағдай жасау, қоғамдық көліктердің жұмысын ұйымдастыру мәселелері де қатаң бақылауда болуы керектігі айтылды.
Мәжілістің күн тәртібінде алдағы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін атап өту мәселелері де қаралды. Аудан әкімі мерекелік шараларды жоғары деңгейде өткізу үшін дайындық жұмыстарын қазірден бастап күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, кент, қала және ауылдық округтерде этноауылдар ұйымдастырып, ұлттық дәстүрлерді дәріптейтін мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу, әсіресе аудан орталығында өтетін Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өту қажеттігін атап өтті. Мерекені атап өтуге арнайы іс-шаралар жоспары әзірленгенін, жоспарға сәйкес жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру керектігін ескертті.
Сонымен қатар аудан басшысы Наурызнама онкүндігі аясында өтетін іс-шараларды мазмұнды әрі жоғары деңгейде ұйымдастыруды, әр күннің мазмұнына сай мәдени-рухани, ұлттық дәстүрді дәріптейтін шараларды кеңінен өткізіп, аудан тұрғындарының белсенді қатысуын қамтамасыз етуді жауапты сала басшылары мен кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне жүктеді.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі барлық жауапты тұлғаларға жүктелген міндеттерді сапалы орындауды тапсырып, республикалық референдум мен наурыз мерекесін жоғары деңгейде өткізу – баршамызға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
Қазалы ауданы әкімдігі





