Өңірде жоғары технологиялық медициналық көмек алу қолжетімді бола түсуде. Көпбейінді облыстық ауруханада 30 төсек-орынға арналған ревматология бөлімшесі ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмас Әбiлпатта және медицина саласының ардагерлерi мен қызметкерлері қатысты.
Жаңа бөлімше Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық профильді бөлімшелерді кеңейту бағдарламасы аясында іске қосылды. Облыс тұрғындарына сапалы әрі уақытылы медициналық көмек көрсету, ревматологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау және тиімді ем жүргізу, сондай-ақ асқынулардың алдын алу үшін ашылған бөлiмде ревматологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін енгізуге мүмкіндік берiп, нәтижесінде пациенттерге кешенді және үздіксіз көмек көрсету деңгейі артатын болады.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, былтыр облыста қаңқа-бұлшықет жүйесі және дәнекер тін ауруларымен 40 771 науқас тіркелген, оның ішінде 18 629 жаңа жағдай анықталған. Сонымен қатар, дәнекер тіннің жүйелі аурулары 642 жағдайды құрады. Көпбейінді облыстық ауруханада былтыр 282 науқас стационарлық ем қабылдаған. Орташа ем қабылдау ұзақтығы 13,5 күнді құраса, қазіргі кезде 44 адам жоспарлы госпитализацияны күтуде.
Осы орайда ревматология бөлімшесінің ашылуы өңір тұрғындары үшін жоғары мамандандырылған медициналық көмекті қолжетімді етіп, ауруды ерте анықтау мен тиімді ем жүргізуге мол мүмкіндік бермек.
«СБ» ақпарат





