Риддер Жылу электр орталығына 11 млн теңге айыппұл салынды

556

0

Фото: ашық дереккөз

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша «Риддер Жылу электр орталығы» АҚ-ға 11 млн теңге айыппұл салынды. Ал Риддер тұрғындарына жылу тиісінше жеткізілмегені үшін 63 млн теңге өтелді. ҚазАқпарат бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.

2022 жылдың қараша айында Риддер қаласында апат орын алып, тұрғындарға жылу беру температурасы төмендеген болатын.

Аталған жағдайдың себебін анықтау үшін Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы уәкілетті органдардың мамандарымен бірлесіп, кәсіпорын қызметінде тексеру жүргізген.

«Оның нәтижелері «Риддер ЖЭО» АҚ-ның қанағаттанарлықсыз техникалық жай-күйін көрсетті.

Заңнамаларды бұзудың 240-тан астам фактісі анықталды.

Прокуратураның қадағалау актілері бойынша уәкілетті органдар ЖЭО-ға қатысты бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығара отырып, 11 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жаза қолданды.

Сондай-ақ прокуратураның ұсынысы бойынша «Риддер ЖЭО» АҚ жылу энергиясын тиісті деңгейде жеткізбегені және сапасының нашарлағаны үшін төлемді қайта есептеу арқылы 63,3 млн теңге сомасына 21,7 мың тұтынушыға залал өтелді», – делінген ШҚО прокуратурасының хабарламасында.

Бұдан бөлек, тексеру барысында табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзу фактісі анықталды. Атап айтқанда, 548 млн теңге сомасына тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаның қаражаты мақсатсыз жұмсалған.

«Риддер ЖЭО» АҚ үшін 2023 жылғы 1 сәуірден бастап 2024 жылғы 31 наурызға дейін халыққа тарифті 18% төмендете отырып, уақытша өтемдік тарифті бекітті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<