Өңірлер Астананың 20 жылдығына не сыйлайды

417

0

Өңірлер Астананың 20 жылдығына не сыйлайды Ел өңірлерінің Астананың 20 жылдық мерейтойына дайындап жатқан тартулары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Елорда Инфо» сайтына сілтеме жасап.

 Елорда әкімі Әсет Исекешевтің халықпен есептік кездесуінде белгілі болғандай, бас қаланың биылғы мерейтойына аймақтар бір-бір нысаннан салып бермек.

 Атап айтқанда, Ақтөбе облысы «Бейбітшілік қақпасы» композициясын, Алматы қаласы 240 орындық балабақшаны, Алматы облысы Арай саябағы базасында спорттық-сауықтыру қалалық паркін, ал Атырау облысы Есіл өзені арқылы өтетін велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпір салуды көздеп отыр.  

Ал Шығыс Қазақстан облысы биыл шілде айында ашылатын Ботаникалық саябаққа жарықты-музыкалық фонтан, Қызылорда облысы «Космос» тақырыбына ашық алаңы бар гүлзар мен экспозиция тартуды жөн санаған.  

Биыл елордада сондай-ақ «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі мен жаяу жүргіншілер бульвары пайда болады. Бұл –  Астанаға Қарағанды облысының дайындап отырған сыйы.  Батыс Қазақстан облысы Жеңіс пен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысында гүлзар салмақ, ал Маңғыстау облысы Достық үйін қайта жөндеуден өткізіп бермек.

Бұдан бөлек, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстары есебінен қалалық саябақтан бастап Ильинка кентіне дейін қашықтығы 56 шақырым веложол салынады.  Жалпы Астананың 20 жылдық мерейтойында елордада 645-тен астам мәдени-бұқаралық шара өткізу жоспарланған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<