Roca Group тағы бір өндірістік алаңын Қызылордада ашады

16

0

Өткен аптада инвестиция тартуда толымды табыстарға жеткен біздің өңірдегі өндірістің өркендеуіне қызмет ететін тағы бір келісім жасалды. Кейінгі үш жылда аймақ экономикасына 1 триллион 600 млрд теңге инвестиция тартылғаны белгілі. Биылғы меже 720 млрд теңгеден асады.

Ел Үкіметі атынан Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, екінші тараптан испаниялық Roca Group компаниясының еншілес кәсіпорны «Рока Қазақстан» ЖШС бас директоры Даниэль Эрнандес «Қызылорда облысында заманауи сантехникалық бұйымдарды өн­діру және құрастыру зауытының құры­­лысы» жөніндегі жоғары техно­логия­лық жобаны жүзеге асыруға бағытталған инвестициялық келісім­дерге қол қойды.

Жоба Мемлекет басшысының өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар тарту және импортты алмастыру жө­ніндегі мақсаттарға қол жеткізу  міндеттеріне сәйкес жүзеге асы­рылуда.

Бұл – испан компаниясының Қы­­­зыл­орда облысында заманауи сани­тар­лық-техникалық өнім өндіру және құрастыру зауытын салуға 44 млрд теңге инвестиция салатынын рас­тайтын маңызды құжат.

Өңірге келетін инвестор Roca Group туралы айтсақ, компанияның 100 жылдан астам тарихы бар, сантехникалық жабдықтарды өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Бүкіл әлемдегі 78 өндірістік алаңын басқарады, онда 20 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Өнімдері 170-тен астам елге тарайды және жоғары сапалы, инновациялық шешімдер мен еуропалық стандарттарға сәйкес болғаны үшін кеңінен танымал.

Қол қою рәсімінде аймақ басшысы бұл келісім Қазақстан мен Испания арасындағы серіктестік қарым-қатынастардың дамуы үшін маңызды кезең екенін атап өтті.

Инвестициялық келісім ая­сында Қызылорда облысында за­ма­науи өнеркәсіптік кәсіпорын салу жос­парланған. Жаңа зауыт кера­ми­ка­лық санитарлық бұйым­дарды, ванна бөлмесіне арналған жиһаз­дарды, кірістірілген субұр­қақтарын және басқа да өнім­дерді өндіру мен жинауға маман­данады. Кәсіпорынға Roca Group компаниясының озық өн­дірістік технологиялары мен стан­дарттары енгізіліп, өндіріс автомат­тандырылады, энергия тиімділігі және экологиялық қауіпсіздігі ескеріледі.

Жобаның өндірістік қуаты жылына 500 мың дана бұйым, өндірілетін өнімдер Қазақстанның ішкі нарығына ғана емес, Орталық Азия елдеріне де экспортталады, 300-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Сонымен қа­тар, қазақстандық мамандарды ха­лы­қаралық тәжірибені қолданып оқыту және біліктілігін арттыру қарас­­тырылған.

Инвестициялық келісімде мем­лекеттік қолдаудың кешенді шаралары да қамтылған. Оған салықтық преференциялар беру, технологиялық жабдықтарды, бөлшектерді, қосалқы бөлшектерді, сондай-ақ шикізат пен материалдарды импорттаған кезде кедендік баждардан босату кіреді. Қызылорда облысының әкімдігі жер учаскесін беріп, қажетті инженерлік инфрақұрылымды жеткізеді.

Инвестициялық келісімнің мерзімі – қол қойылған күннен бастап 25 жыл. Roca Group компаниясының өкілі Қа­зақстанды стратегиялық маңызды нарық ретінде қарастыратынын, себебі оның географиялық жағы­нан тиімді орналасқанын, қо­лайлы ин­вестициялық климат қалып­тасқанын, мемлекеттік қолдау шаралары бар екенін атап өтті.

Бұл жоба өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, импортқа тәуелділікті азай­­­ту және жоғары қосылған құ­ны бар өнімдерді экспорттау бо­йын­­­ша мемлекеттік сая­саттың ба­сым бағыттарына сәйкес келеді. Құ­ры­­­лыс жұмыстары 2026 жыл­дың бірін­­ші тоқсанында басталады деп жоспарлануда.

Кәсіпорын әлемдік стандарттарға сәйкес келетін санитарлық-тех­ни­­калық өнімдер шығаратын Қазақ­стан­дағы алғашқы өндіріс болмақ. Зауыт қосылған құны жоғары өнім өнді­рісін ұлғайтуға және Қазақ­станның экспорттық әлеуетін кеңей­туге мүм­кіндік береді.

Айта кету керек, инвестициялар туралы келісім жасау жоспары Премьер-министр Олжас Бектенов пен Roca Group директорлар кеңе­сінің төрағасы Сантьяго де Гомар Роктың осы жылдың маусым айын­дағы кездесуі барысында тал­қы­ланған болатын. Құжатқа қол қо­йы­луы және жұмыстың басталуы ел эко­номикасының инвестициялық тар­тым­дылығын арттыру жөніндегі жүйелі шаралардың нәтижесін және инвестор сенімін көрсетеді.

Г.ТЕЛЬМАНҚЫЗЫ