Кеше 11 сағат 55 минут 101 телефон нөміріне Қызылорда қаласының Абай даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйдің 2-қабатында пәтер жанып жатқаны және пәтер ішінде адам болуы мүмкін екені туралы хабар түсті.
Оқиға орнына Қызылорда облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен жауынгерлік есеп 2 техникасымен дереу арада жетті. Барлау барысында 2-қабаттағы терезеден түтін шығып жатқаны анықталды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, пәтер ішінде адам қалған. Пәтерге балкон арқылы кірген құтқарушылар ес-түссіз жатқан азаматшаны тапты. Дер кезінде пәтердің балконынан өрт сөндіру автосаты арқылы оны апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырды. Олар алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, облыстық медициналық орталығына арқа және жамбас бөлігі ІІ, ІІІ дәрежелі күйік алған күйде жеткізді.
№2 МӨСБ ауысым жетекшісі, азаматтық қорғау лейтананты Б.Романқұлов, бөлімше командирі азаматтық қорғау старшинасы Е.Пазлиев, аға өрт сөндіруші-құтқарушы азаматтық қорғау кіші сержанты Б.Баймаханның жедел іс-әрекетінің арқасында оқиға орнынан 1975 жылғы келіншек аман қалды.
12 сағат 16 минутта көлемі 1 шаршы метр өрт толығымен сөндірілді. Өрттің себебі анықталуда.
Өртті сөндіруге ТЖД Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамынан 18 адам мен 4 техникасы, Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы (1 техникасымен 5 қызметкер), Апаттар медицинасы орталығы Қызылорда филиалы (1 техникасымен 4 қызметкер), ІІД (3 техникасымен 10 қызметкер) қатысты.
Айгүл Нұрманова,
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат
тобының бас маманы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<