«Рухани жаңғыру» мақаласы 5 тілге аударылды

316

0

«Рухани жаңғыру» мақаласы 5 тілге аударылды Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы халықаралық деңгейде насихатталмақ. Себебі бұл бағдарламаны үгіттеуге шетелдік студенттер білек сыбана кірісіп кетті. Ол туралы тәлімгерлер Еуразия Ұлттық Университетінде өткен форум барысында айтты, – деп хабарлайды 24 Хабар.
 Француз Жереми Конверт сегіз қырлы, бір сырлы. Небәрі жарты жылда домбырада ойнауға машықтанып алса, қазір қазақ тілін меңгеріп жатыр. Кәрі құрлықтан келген жас жігіт Еуразия Ұлттық университетінде халықаралық қатынастар кафедрасында білім алып жүр. Жереми Конверт студент (Франция): – Қазақстанға келген соң қазақ тілінен бөлек халықтың мәдениетімен де танысқым келді. Сөйтіп домбырада ойнауды үйреніп алдым. Енді Францияға оралғаннан кейін достарыммен осы тәжірибемен бөлісемін. Жереми Францияда «1001 қадам» атты жобаны іске қосты. Енді шетелдік білім ордаларының студенттері Қазақстан туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Алдымен жыл соңына дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша акциялар өтпек. Кейін жастар дөңгелек үстелдер мен конференцияларда сөз сөйлеп, газет-журналдарда Қазақ елі жөнінде мақалалар жариялайды. Андрей Шенин профессор (Ресей): – «Рухани жаңғыру» мақаласы Батыс баспасөздерінде де, Ресей газет-журналдарында да қызу талқыланып жатыр. Біздің елде жастар мәселесі кеңінен көтерілмейді. Керісінше саяси оқиғаларға ден қойылды. Ал Қазақстанда жастарға көп мән беріледі. Сүйіншілейтін тағы бір жайт. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үгіттеу аясы кеңеймек. Еуразия Ұлттық университетінің студенттері мен оқытушылары мазмұны терең мақаланы Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдеріне аударды. Ақбота Жолдасбекова, Л.Гумилёв атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар факультетінің деканы: – Олар қазақ пен орыс тілдеріне қоса қытай, араб, француз, ағылшын және испан тілдеріне аударуға бас салды. Бұларға шетелден келген профессорларымыз да қол ұшын тигізді. Бұл бастаманы 2-3 аптаның ішінде тәмамдады. «Рухани жаңғырудың» аясында бұл студенттер «Біз латынша жазамыз – Латынды қолдаймыз» атты жобаны да жүзеге асырып жатыр. Осыған сәйкес жастар әлеуметтік желілерде аптасына кемінде бір рет латын қарпіндегі жазбаларымен бөлісуге келісті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<