Рухани құндылық қайнары

35

0

Біз осы ғимаратқа бас сұққанда-ақ қарбаласы көп екені білінді. Жыл басында пайдалануға берілген «Руханият орталығының» ішінде тағылымы мол түрлі шара өтетінін еститінбіз. Онысы рас екен. Жаңақорғанның дәл орталығынан бой көтерген еңселі ғимаратта аудан мен облыс көлеміндегі басқосулар жиі ұйымдастырылып жүр.

Мұнда кіргенде байқадық, орталықтың бірінші қабатындағы музей ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шарасы басталып кетіпті. Аудандағы түрлі этнос өкілінің басын біріктірген концерттік қойылым ассамблеяның 30 жылдығына арналса керек. «Достық – рухани қазына» деп аталатын шара мақсаты – ел бірлігін насихаттауға бағытталғандай.

12 мыңнан аса экспонат бар

Жоғарыда айтқандай, ассамблея іс-шарасы біткен соң орталық ішін асықпай аралағанымыз бар. Алдымен музей бөлмесіне кірдік. Ғылыми қызметкер Мөлдір Дүйсенбаева әр жә­дігердің тарихын айтып, же­ке­лей таныстырып үлгерді. Мұнда көр­ге­німіздей, Жаңақорған жеріндегі ежелгі тарихи қалалар мәліметі, олардан табылған түрлі қолөнер бұйымдары көп. Аудан төңірегінен шыққан батыр мен би, ақын мен жазушы, соғыс ардагерлері, құрмет төрінен көрінген еңбек ерлері және тағы басқа белгілі тұлғалар жайлы мол мағлұмат тұр. Жергілікті халықтың байырғы кәсібінен сыр шертетін, өткен заманның куәсі іспеттес шаруашылық, тұрмыстық заттар да осында.

Рухани құндылық қайнары

– Биыл ақпан айынан бері облыс басшысының бастамасымен Жаңақорған аудандық музейі жаңа ғимаратта өз қызметін жалғастыруда. Негізі егемендіктің алғашқы жыл­дарында қаланған музей бүгін­де облыстағы іргелі мәдени орта­лықтардың біріне айналды. Қор осы өңірдің сан ғасырлық тарихынан сыр шертер жәдігерлеріне, өнеркәсібі мен мәдениеті жайлы мәліметтерге бай. Ұрпақтар сабақтастығын жалғай отырып, халық игілігіне айналдыруда, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде музей экспозициясының ала­тын орны ерекше, – дейді Мөлдір Дүйсенбаева.

Ғылыми қызметкердің сөзінше, жаңа «Руханият орталығының» ашылуы аудан жұртшылығына тың серпін берген. Мұнда ардагерлермен, жастармен бірлесіп жұмыс істеу өте қолайлы. Кең, жарық, тамаша жабдықталған кабинеттер мен залдар көз тартады әрі келушілер үшін барлық жағдай жасалған.

– Біз өзімізде өтетін танымдық шаралар арқылы өткен тарихи жәдігерлерді жинақтаумен, бүгінгі ұрпақты ел тарихын тануға, мәдениет пен өнерді бағалауға шақырып келеміз. Биыл музейдің жылдық жоспары қайта бекітіліп, сол бойынша жұмыс жүруде. Біздегі жалпы экспонат саны 12253-ке жетті. Оның 7707 данасы негізгі қорға, 4546 данасы көмекші қорға тіркелген, – дейді ғылыми қызметкер.

Кітапхана – қоғам айнасы

«Руханият орталығынан» орын алған А.Сопыбеков атындағы аудан­дық кітапхана жаңа ғимаратқа көшкелі өздерінің тың бастамаларымен оқыр­манын қуантып келеді. Мұнда келгелі ұжым 160 шара өткізіп, мыңдаған адамға қызмет көрсеткен. Бүгінде аудандық кітапхана қорында 35936 кітап бар.

Рухани құндылық қайнары

– Жыл сайын кітапхана қоры толығып, оқырмандарға қолжетімді ашық қор жүйесі қалыптасты. Жаңа әдебиеттер, ғылыми-танымдық кітап­­тар мен көркем шығармалар бойынша көрмелер ұйымдастырылып, кітапхана қорын электронды жүйеге енгіздік. Сонымен қатар, оқырман сұранысына сай цифрлық қызмет түрлері кеңейтілді, яғни QR-код арқылы кітап іздеу, электронды ката­логпен жұмыс сынды жаңа мүмкіндіктер іске қосылды, – дейді кітапхана директоры Әсемкүл Тілеубергенова.

Басшының сөзінше, кітап­ханада жастар мен оқушы­ларға арналған түрлі ба­ғыттағы әдеби кештер, таным­дық са­ғаттар, кез­де­­су­лер, бай­қаулар, поэзия оқулары мен шығар­ма­шылық алаң­дар тұрақты түрде өтеді. Мысал келтірсек, аудандық кітапханада «Туған өлке тұлғалары» жобасы аясында ҚР Мәдениет қайраткері, Қа­зақ­стан Композиторлар ода­ғы­ның мүшесі, әнші-сазгер Сауранбек Елеуов­тің 70 жасқа толу құр­метіне «Сазымен жүрек тербеткен» атты шығар­машылық кеші, Жазушылар одағының мүшесі, мәдениет қай­раткері, әдебиет пен жур­на­листика саласында өзіндік қол­таңбасы бар қаламгер Жақсылық Рахматулланың туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кеші ұйым­дастырылған. Жазушы, Мем­лекеттік сыйлықтың лау­реаты Тынымбай Нұр­ма­­ғамбетовтың 80 жасқа тол­уына орай «Періш­телердің өлімі» шығар­масына оқыр­ман­дар кон­фе­ренциясы, «Тынымбай тұң­­­ғиы­­ғы­нан сыр шертейік» атты қаламгермен жүз­десу кеші, түрколог ға­лым, «Парасат» орде­нінің иегері, профессор Әбжан Құрышжанұлының 95 жылдығына орай оқырманның қаты­суымен «Өмір өрнектері» тақы­ры­бында ақпараттық сағат өтіпті.

Рухани құндылық қайнары

Бұдан бөлек, «Кітап – рухани қазына», «Оқы, ойлан, талда», «Әдебиет айнасы» атты әдеби талқылар, жергілікті қалам­герлермен кездесулер, оқырман клубының отырыстары аудан тұрғындарының өміріне мәдени серпін беріп келеді. Аудан ақындарын бір арнаға тоғыстырған «Поэзия патшалығы» үйірмесі де бар.

– Жақында ғана біздің кітап­хананың ұйымдастыруымен «Зама­науи кітапхана: жаңа идеялар мен бастамалар» атты облыстық форум жоғары дәрежеде өтті. Осы жылы кітапханаға заманауи форматтағы коворкинг орталығы, ашық оқу ай­мағы, балалар бұрышы, топтық және жеке оқуға арналған орын жасақталып, оқырманға жайлы орта құрылды. Оқушылар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда шахмат, логикалық ойындар, компью­терлік сауат ашу сабақтары өтуде. Сондай-ақ заман талабына сай сандық форматқа 538 кітап енгізілді. Ең басты жаңалық – жергілікті басылым «Жаңақорған тынысы» газетінің 1993 жылдан бүгінге дейінгі нөмерлері сандық форматқа көшірілді. Жалпы аудан кітапханасының басты мақ­саты – оқуды насихаттау, жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейту, рухани мәдениетін дамыту. Осы бағыттағы жұмыс тоқтамайды, – дейді кітапхана директоры.

Айтпақшы, «Руханият орталы­ғында» топтасқан барлық мекеме мен ұйымның мүшелері әр айдың 25-не бірлескен шара өткізіп тұрады. Бұл бастама биылдан бастап, яғни 25 қазан – Республика күнінен бері ұйымдастырылып келеді. Алғашқы шара Абайдың 180 жылдығына орай өтсе, өткен қараша айында «Заң мен тәртіп» қағидасына сай басқосу болған.

Ахат пен архивті аралағанда…

Орталықтағы тағы бір мемлекет­тік мекеме – облыстық мемлекеттік ар­хивінің Жаңақорған аудандық филиалы. Филиал басшысы Зағипа Әбжәлелованың айтуынша, мұнда 201 қор бар. Ал 201 қордың өзін ашып айтсақ, бұл – аудандағы 201 мекеменің архиві сақтаулы деген сөз. Мұның ішінде жеке тектік қордан басқа, аудан әкімдігі, бөлімдер, білім беру ұйымдары, бұрынғы совхоздар мен ауылдық кеңестер, сондай-ақ бүгінгі ауылдық округтер туралы дерек қамтылған.

– Қазір біздің аудандық филиалда 38 мыңға жуық құжат жи­нақталған. Ең алғашқы аудан­дық ауруханаға қатысты көне құжат 1926 жылға жатады. Өзім 1986 жылы архивист болып қызметке келдім. Ал 1992 жылдан бастап тұрақты сақталатын қор жасақтала бастады. Ол – ауданда құрылған әр мекеменің төл тарихы. Ал жеке құрамдағы қор құжаттары мекемеде жұмыс істейтін адамдарға байланысты. Олардың өмір тарихы, қызметтік жылдары, марапаттары, алған жалақылары қамтылады. Оған дейін мұндай құжаттар әр ме­кеменің ішкі архивінде сақталған. Мұнан соң жеке тектік құжатты жинақтадық. Қазір бізде 20-дан астам жаңақорғандық белгілі азаматтардың құжаттары сақтаулы. Мысал кел­тірсек, осы архивті ең алғаш ашқан, 40 жылдан астам ауданға еңбегі сіңген қаржыгер Бегмахан Дүйсенбаевтың жеке тектік қорын жинаудан бастадық, – дейді З.Әбжәлелова.

Оның айтуынша, соғыс арда­герлері, мәдениет үздіктері, ауыл ша­руашылығы майталмандарының жеке тектік құжаттары осында сақтаулы. Сондай-ақ құнды құжаттар қатарына аудан мен кент әкімдігінің қаулы-қарарлары да жатады. Ал аса құнды деп саналатын құжаттар аудан емес, облыс орталығындағы архивте жа­татын көрінеді. Көбіне құпия ретінде көрсетіледі.

Ал орталық ішіндегі АХАТ (аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу) бөлімі тұр­ғындарға жаңаша форматта қызмет көрсетуде. За­манауи ғимарат ішінде тек құжат рәсімделіп қана қоймай, ұрпақ жалғастығы мен рухани құндылықтар дәріптеледі.

– «Руханият орта­лы­ғының» неке қию залында бүгінге дейін 56 жұптың некесі салтанатты түрде қиылды. Дүниеге келген 591 нәрестеге туу ту­ралы куәлік табысталды. 120-ға жуық зейнет жасына жеткен қарияларға зейнеткерлік куәлік те құрметпен берілді. Сондай-ақ 30 кәмелеттік жасқа толған қыз-жігіттерге жеке төлқұжаттарын осы ғимаратта ұсын­дық, – дейді бөлімнің бас маманы Гүлнұр Жошиева.

Мұндай маңызды сәт­терде бөлім қызметкерлері ауданға, облысқа белгілі ардагерлерді шақырып тұ­рады. Әсіресе, жас отау құрған жұптардың некесі қиылғанда олар көп жылдан бері отбасы бірлігін сақтаған, немере-шөбере сүйген ата-әжелердің ақ батасын алады. Біз мұны кейінгі буынға тәрбие беретін тамаша үрдіс деп қабылдадық.

Қос буынның бірлігі

Бұған дейін орталықта арда­герлер кеңесі мен Жастар ре­сурс­тық орталығының орын тепкенін айтқанбыз. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пах­маддин Айна­қожаевтың ай­туынша, елдегі ақсақалдар мен жастар ара­сында бірлес­кен шара жиі өтіп тұрады.

– Ауданда 8 мыңнан астам ардагер болса, елді мекендер мен мекемелерде 81 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Қазір жаңа ғимарат ішіне көштік. Облыс басшысы мен аудан әкімі қарттарға деген қолдауын аяған емес. Бүгінде аудан орталығындағы ақсақалдар мен әжелер осында жиі бас қосады. Сондай-ақ мерейлі жасқа жеткен қариялардың отбасылары келіп, осы орталықта көптеген шара өткізеді. Екінші айтар дүние, ау­дан әкімдігі мен жергілікті үлкен кәсіпкерлер қарттарды сауықтыру орындарына жіберіп тұрады. Мысалы, «ЖанАрай» серіктестігі 30 ардагерге шипажайға жолдама сыйлады, – дейді төраға орынбасары.

Бұдан бөлек, аудан ардагерлері тарихи орындарды аралап тұрады екен. Осы жылдың тамыз айында аудан әкімдігінің қолдауымен «Қорқыт ата» кешені және «Байқоңыр» айлағына екі күндік сапар ұйымдастырылыпты. Бұған жаңақорғандық 30 ардагер барып қайтқан.

– Жастар өткізген қай шара болмасын, біздің аудан ақсақалдары міндетті түрде қатысады. Осындай сабақтастықпен аудан мен ауылдарда көптеген тағылымды шара өткіздік. Екі буын, ақсақалдар мен жастар жұ­мысы тығыз байланыста. Осы жылы «Әжелерді ардақтайық» деген аудандық форум өз деңгейінен жо­ғары өтті. Кеңес жанынан «Ақ əжелер» ансамблі құрылған. Өңір­дегі байқауларға қатысып жүр. Жал­пы облыстағы мәдениет пен спорт шараларынан қалыс қал­май­мыз. Жақында ғана аудандағы ақ­са­­қалымыз Темірхан Сәрсенбаев Қызылордада өткен ардагерлер ара­сындағы үстел теннисі жарысында бірінші орынды жеңіп алды. Тағы бір айтатын жайт, аудандық ардагерлер ұйымы атынан «Ардагерлер мерейі» газеті шығады. Бас редакторы өзім. Басылымда аудан мен облысқа белгілі қарияларымыздың өнегелі өмір жолын насихаттап келеміз, – дейді П.Айнақожаев.

Айта кетейік, аудандағы қазыналы қарттардың мерейлі жасын құрметпен өткізу тұрақты жолға қойылған. Сондай-ақ елге еңбек сіңірген ақсақалдар мен аналарға «Жаңақорған ауданының құрметті ардагері» төсбелгісі тапсырылып жүр. 

Ал Жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасармен кездескенімізде Жаңақорғанда 14-35 жас аралығындағы 24764 жас барын айтып қалды. Бұл – аудан тұрғындарының 31,3 пайызы.

– Ел Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылында» 100-ден астам аудан жастарының қатысуымен «Еңбек жолы – жарқын болашақ» атты жастар слетін өт­кізгенбіз. Слет қарсаңында аудан әкімі Мажит Самитовпен кездесу өтіп, жұмысшы жастар марапатталды. Жалпы жыл басынан бері біздің орталық 200-ден аса шара өткізді. Конституциясының 30 жылдығына орай «Жаңақорған – 2025» жүгіру марафоны, «Street Workout Challenge – 2025» спорттық сайысын ұйым­дастырдық, – дейді ол.

Оның сөзінше, жаңақорғандық жастарды кәсіпке бейімдеу жұмыс­тары өтіп тұрады. «Мүмкіндіктер алаңы»  жылжымалы  жәрмеңкесімен  бос жұмыс орындары, кәсіпкерлік мақсатта алынатын гранттар жайлы түсіндіру жиі ұйымдастырылады. Ел ішіндегі жұмыссыз қыз-келін­шектерге шаш қию, макияж жасау, тігін шеберлік сабақтары өтіп, кейбір тұрғындар осы бойынша жұмысқа да орналасқан.

– Жаңақорған ауданы жастарының арасында волонтерлік қозғалыс өте жақсы дамыған. Ауданда 200-ге жуық волонтердің басын құраған «Жаңарған Жаңақорған Жастары» қоғамдық қоры жұмыс істеп келеді. Осы кезге дейін 13 мұқтаж отбасыға баспана салып, аудан орталығынан «Қамқор» әлеуметтік дүкенін іске қосты. Жыл сайын әлеуметтік дүкеннен 400-ге жуық отбасы көмек алып келеді, – дейді Жастар ресурстық орталығының директоры.

Сөз соңы. Былтыр Сыр өңірінде «Руханият жылы» деп жарияланғаны белгілі. Атаулы жылы 11,5 млрд теңге бөлініп, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының өзіндік тың баста­масымен өңірдің 7 ауданында «Ру­ханият» орталықтары бой көтерді. Өзге облыстарда кездесе қоймайтын мұн­дай сәулетті ғимарат ішіне музей, кітапхана, архив, неке қию залы, арда­герлер және аналар, қоғамдық келісім, үкіметтік емес ұйымдар, Жастар орталығы сынды бірқатар тарихи-мәдени, рухани ұйымдар бірік­­тірілді. Бұл бір жағынан, бюд­жет қаржысын тиімді басқаруға, әкім­шілік шығындарды азайтуға септігін тигізетіні анық. Екіншіден, орталыққа көшірілген барлық ау­дандық мекемелердің материалдық техникалық базасы жаңартылды.

Ал қарт Қаратау етегіндегі Жаңа­­­қорған жеріндегі «Руханият орта­лығы» тәрбие мен тағылымды шаралардың қайнаған ортасы екенін тағы бір дәлелдегендей.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы».

Жаңақорған ауданы