Бекең адал еңбегімен елін биікке көтерді. Енді міне, сол адал еңбегі арқылы өзі алты Алаштың аңыз азаматына, ардақтысына айналды. Еліміз сонау тәуелсіздік алған тұста, егемендіктің іргесін қаласқан тұлғалардың бірегейі болды. Ауырлықтан қашпады, қиындықтан саспады. «Не істеймін?» деп жоғарыға жалтаңдамады, босаңдық танытып қиын сәтте мойымады. Дауыл мен жауынға қарсы тұрды. Ауыртпалық шақта көлеңке іздеп отыратын жай таңдамады. Өйткені оның мойнында ел тағдыры, адамдар қам-қарекеті тұрды. Жеткен жетістігіне көңілі толмады, халқының қамын жеп кеудесін мұң торлады. Бұның барлығы Алашқа деген жанының тазалығы еді.
Қайтсем халқыма қорған болам деп ой орманын аралады. Өзін елі үшін аямады. Егемен елдің ертеңі үшін қам жеді. Сөйтіп, ел жолында беріле ерінбей еңбек етті. Халқым – бағым, елім – арым, туған жер – барым деп жансебілдікпен жұмыс жасады. Абырой да, атақ та өзі іздеп келмейді. Бәрі адал еңбектің, төккен тердің, қара бейнеттің арқасында келеді.
Бердібектің ірілігі ісінде еді. Еліміз тәуелсіздік тұғырына қонған кезеңде, ел арасын жұмыссыздық жайлап, күнкөріс төмендеген қиын шақта 1995 жылдың қыркүйек айында Бердібек Машбекұлы туған жері Қызылорда облысына әкім болып келді. Ол кісі жастық жігермен, жалынмен, күш-қайратымен тынбай жұмыс жасап, өңірді тығырықтан алып шығудың оңтайлы жолдарын қарастырып, Сыр бойының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңаша ізденістер арқылы жол іздеп, жанқиярлықпен еңбек етті.
Бұл сәт біздер көріп білмеген нарықтық кезеңнің алғашқы ауыр тұсы еді. Бекең өзіне артылған сенімнен шығу жолында намыспен, қайсарлықпен, құштарлықпен осы кезеңде жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс жасады. Өзі басқарған жылдар ішінде жаңа істердің көзін ашып, білімділігі мен біліктілігінің арқасында Сыр елін сол ауыртпалықтан алып шыға білді. Менің Бердібек Сапарбаевпен таныстығым осы Сыр өңіріне әкім болып келгеннен басталды.
Мен ол кезде «Береке нан» акционерлік қоғамының директоры қызметінде болатынмын. Елімізде небір алып зауыттар мен іргелі комбинаттардың жұмыстары тоқтап тұрған шақ. Мемлекетімізде жекешелендіру саясаты жүріп жатқан уақыт еді. Жасыратыны жоқ, мен мынау Қызылорда теміржол су жүйесі, қаладағы сүт зауыты, басқа да ірі кәсіпорындар мен комбинаттар жекешеленеді дегенге өз басым сенгенім жоқ.
Бірақ сол кездегі саясаттың ұстанымы осындай болды. Бекең елге келісімен өз кабинетінде бір сәтте отырмай, мекемелерді, кәсіпорындар мен өндіріс орындарын үздіксіз аралап, олардың бойына қан жүгіртіп, тіршілік жасау шарасын бірден қолға алды.
Бір күні ретін тауып Бердібек Сапарбаевқа кіріп біздің мекеменің хал-жағдайы мен атқарып жатқан тірліктер жайлы баян еттім. Содан соң жекешелендіру жайлы ой қозғап, өндіріс орнын 3 жыл мерзімге сенімді басқаруға беруге болатындығы жөнінде ой-пікірімді, ұсыныстарымды жеткіздім. Сол кезде байқағаным Бекең мені әбден тыңдап алды. Содан соң аса сабырлықпен, ыждағаттықпен, пайымды-парасатпен ұсыныстарыма оң пікірін білдірді. Сонда барып ол кісінің бойында адами қасиетінің зор екенін аңдадым. Барлық жағдайға аса түсіністікпен қараған басшыны алғаш рет көруім.
Осыдан соң көп ұзамай, облыс басшысының кезекті аралауының реті біздің мекемеге келді. Бекең алдымен мекеме жұмысымен, тыныс-тіршілігімен кеңінен танысты, цехтарды аралап көрді. Еңбек адамдарымен кездесті. Өте керемет жылы жүздесу болды. Еңбек адамдары ол кісімен емін-еркін сөйлесіп, ашық дискуссия орнатты. Олармен емен-жарқын тіл табысып, қиыншылық кезеңде сабырлы болуға шақырды. Облыс басшысы өндіріс орнының жұмысына көңілі толып, оң бағасын берді. Ісімізге сәттілік тіледі.
Біздің ұжымның еңбек адамдары ол кісінің сондай жанашырлығын, жүрегі жұмсақ жан екендігін көпке дейін ауыздарынан тастамай айтып жүрді. Тіптен, біз мынадай кішіпейіл басшыны көрген емеспіз деген ойларын да жасырмады. Бекеңнің бойынан қазақилықтың жылы лебі есіп тұрғанын көпшілік сонда сезген еді, білген еді.
Бердібек Машбекұлы қолынан іс келетін, әсіресе, қарапайым еңбек адамдарына аса мән беретін. Осындай ауыр, қиын кезеңдерде ол кісімен бірге жұмыс жасағанымды өзім мақтан тұтамын. Өте білімді, әркез қолынан кітап түспей білім-білігін ұштап отыратын. Ұтымды ұйымдастырушы, елжанды, ұлтжанды, іскер басшы бола білді. Соның арқасында Қызылорда облысынан өзге 4 облысты басқарды. Ақырын жүріп, істің көзін таба білетін басшы болды. Мен айтар едім, Бердібек Сапарбаев осы іскерлігінің арқасында әкімдердің көшбасшысы бола білді. Ол сонысымен қатарына сыйлы, әріптестерінің алды болды.
Уақыт еншісінде ел небір жақсы, аяулы азаматтармен кездесіп, дидарласып жүрміз. Ал олардың ішінде ел жүрегіне есімі көшіп алған, көңіл төрінде өшпестей ұялап қалған азаматтар болады. Дара тұлғасымен ел есінде мәңгі сақталған қайраткердің бірегейі – Бердібек Машбекұлы Сапарбаев екені анық.
Бір ғана Шығыс жерінде елді қызыл судың қарғынынан қорғап, демеу бола білген Бердібек Машбекұлының, сол шығыста Ұлы Абайдың рухын жаңғыртуға қосқан үлесін біреу білсе, біреу білмес бәлки. Бұл жайында жерлес жампоз ақын Бақытжан Абызов «Абай ақынның Өскеменге келуі» атты жыр жолында:
«Ана тілім босағаға енді бек,
Артқа тастап жаутаңдаған сәттерді.
Көк байрақты – Әкім балаң Бердібек –
Төрге оздырды және Рухты ап келді…» деп дәріптегенін білеміз. Сол рухты еңбектің лайықты бағасы да болады деп сенеміз.
Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері,
Шиелі ауданының, Қызылорда қаласының құрметті азаматы
Әрине, басшы істің басы-қасында жүреді. Ол – ұйымдастырушы. Дегенмен түзген бағдарың, алған бағытың дұрыс болмаса, соңыңнан халық ере ме? Ермейді! Сондай-ақ алған бағытыңды өзің бастап сапта болып, қатардағы қарапайым адамдармен жиі кездесіп, істің мән-жайын түсіндіріп, олармен бірге жүрмесең, олардың жан дүниесіне үңілмесең, ісің жемісті бола қоюы екіталай. Халықты өзіңнен артық сүйгенде ғана олардың жан дүниесіне ене аласың, олардың жанына жалау бола аласың. Әйтпесе еңбегің еш.
***
Халыққа бармайтын, халықтан қорқатын басшы — басшы бола алмайды. Егер сен жұмыс жасап жатсаң, жұмысың нәтижелі болса, неге қорқасың?! Одан кейін барлық мәселені бірден шешіп тастау мүмкін емес. Өмір болғаннан кейін күнде бірдеңе шығып тұрады. Бірақ сен халыққа бар, халықпен кездес. Қорқатын ештеңе жоқ.
***
Кабинетте отырып халықтың мұңын жоқтау диагнозыңды білмей дәрі ішумен бірдей.
***
Көптеген жас ауылға барып жұмыс істегісі келмейді. Жалақысы аз дейді. Аздан бастау керек. Бәріміз де жас болдық, бәріміз де солай бастадық. Ешкім бірден бастық болып 200-300 мың теңге алған жоқ. Барлығы бірден келмейді ғой. Мен де грузчик болдым. Өйткені маған жанұямды асырау керек болды.
***
Бұл өмірден түсінгенім: әке қашанда әке екен. Сен мейлі әкім, мейлі министр бол, бәрібір ол үшін баласың. Үлкен қызметтерден қол тие бере ме, ауылға барсам «келуді қойдың ғой» деп ренжуші еді…
***
Алла тағалаға мың да бір рақмет деймін! Маған осындай өмір бергеніне, осындай қызмет бергеніне, осындай жора-жолдас, басшылар, отбасымды, балаларымды бергеніне мың алғыс! Тәубе деймін. Мың да бір рақмет! Шүкір!
«Сапарбаев тұлғасы» кітабынан.






