Журналист Руслан Өтепбай құлдықтан босап, қазір Тараз қаласында тұрып жатқан апалы-сіңілі Құндыз бен Назгүлдің жағдайын көріп, жаңа жылмен құттықтады, kznews.kz.
Руслан Өтепбай бұл сапары жайлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазған. Айтуынша, қос қарындастың жағдайынан хабар алу үшін араға төрт ай салып, арнайы Таразға барған.
«Құндыз бен Назгүлдің жағдайынан хабар алу үшін араға төрт ай салып, Таразға келдім. Қос қарындасымды көріп, жаңа жылдарымен құттықтап, сөйлесіп қайттым. Құндыз бен Назгүл сіздерге сәлем айтып жатыр», – деп жазды журналист.
Сапар барысында ол Қытайдан арнайы әкелген сыйлықтарын да табыстағаны айтылады. Әсіресе, Құндызға сыйланған микрофон ерекше әсер қалдырған. Журналистің сөзінше, Құндыз қонақтарға микрофонмен «Таңғы елес» әнін орындап берген.
Дегенмен әлеуметтік желіде бұл кездесуге қатысты пікірлер екіұдай. Көпшілік қыздардың қазіргі жағдайына алаңдап, «бұрынғы қалыптарына қайта түсіп қалғандай» көрінетінін жазып жатыр. Кейбір қолданушылар «мал бағып жүрген күйіне қайта түскенін» айтып, қыздардың өмірі толық түзеліп кетпегеніне қынжылыс білдірген.






