Қызылорда қаласында көптен бері шешімін күткен маңызды мәселе – Сабалақ елдімекені табиғи газға қосылуда.
Бұл жаңалықты Сабалақ тұрғындары аса зор қуанышпен қабылдап жатыр.
Қала маңында орналасқан Сабалақ елдімекенінде халық саны жыл сайын артып, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынуда және соңғы 3 жылдың ішінде 5 млрд. теңге жуық қаржыға ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды.
Оның ішінде жол, жарық, ауыз су желісі тартылып, бірқатар көшелерге жарықтандыру жүргізілді. Қоғамдық көлік қатынасы реттелді.
Осы жұмыстармен қатар, тұрғындардың басты сұранысы табиғи газ мәселесін шешу болатын.
Аймақ басшысы халықтың сұранасын қанағаттандыру мақсатында тиісті салаға мәселені жедел шешу туралы тапсырма беріп, демеушілік есебінен 53 млн. теңгеге жоба сметалық құжаттама әзірленді.
Нәтижесінде, республикалық және облыстық бюджеттен жобаны жүзеге асыруға 3,2 млрд теңге бөлініп, 2024 жылы елді мекенді газдандыру жұмыстары басталды.
Мердігер мекеме «Сырэнергогазстрой» ЖШС арқылы 3 кезеңнен тұратын жоба аясында 100 шақырымға жуық газ құбыры тартылып, 1 дана газ реттеуіш пункті мен 5 дана шкафты газды реттеу пункті орнатылды.
Қазіргі таңда пайдаланушы мекемелер тарапынан тексеру және қабылдау жұмыстары аяқталып, елдімекенге жеткізуші газ құбыры жоғары қысымды газ желісіне қосылды.
Жыл соңына дейін барлық жұмыстар аяқталып, 1670 абонент көгілдір отынға қосылуға қол жеткізеді.
Айта кету керек, аймағымызда 2021 жылдың соңында газдандыру деңгейі 67 пайыз болатын.
Атқарылған ауқымды жобаларадың арқасында 2022-2025 жылдар аралығында 63 млрд. 600 млн. теңгеге 77 жоба жүзеге асырылып, биыл облысымызда газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жетті.





