Сабит Ибадулла – басқарма басшысы

5

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты жиналыс өтті. Онда аймақ басшысы жаңадан тағайындалған облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ибадулла Сабит Ибадуллаұлын таныстырды.

Сабит Ибадуллаұлы 1986 жылы Қызыл­орда қаласында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінде «Информатика», Қарағанды эко­номикалық университетінде «Экономика» мамандықтары бойынша білім алған. Педагогика ғылымдарының магистрі, техника ғылымдарының кандидаты.

«Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша PhD докторы.

Әр жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университетінде бағдар­ламашы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2018-2024 жылдары облыс әкімдігі жанындағы ақпараттық техно­ло­гиялар орталығының директоры, облыс әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлі­мінің басшысы лауазымдарында еңбек еткен. 2025 жылдан бүгінгі күнге дейін облыс­тық полиция департаменті бастығының цифр­ландыру саласына жетекшілік жасайтын орын­басары қызметін абыроймен атқарып келді.

Облыс әкімі жаңа басшыға маңызды міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, жасанды интеллект саласын­дағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруды, инвестиция тарту жүйесін және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық жобаларды әзірлеуді, іске асыру тетіктерін жетілдіруді міндеттеді. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуді, өңірде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруды, оған қолжетімділікті қамтамасыз етуді тапсырды.