Бүгін қаланың сол жағалауындағы жаңа стадионда облыстық Садақ ату федерациясының жаңа басшысын сайлауға арналған арнайы жиын өтті.
Басқосуға Қазақстан Республикасы Ұлттық садақ ату федерациясының президенті Азамат Есентайұлы, атқарушы директоры Еділ Құнанбайұлы, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы, сондай-ақ жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында ҚР Ұлттық федерациясының өкілдері облыстық Садақ ату федерациясының жаңа басшысы ретінде белгілі кәсіпкер Исламғали Айтуарұлы Қозбақовты таныстырды. Қатысушылар тарапынан жаңа кандидатура қолдау тауып, нәтижесінде аталмыш федерацияға жаңа басшы сайланды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кәсіпкер Исламғали Айтуарұлы қазіргі таңда жергілікті «Қайсар» футбол клубын басқаруда. Ендігі кезекте ол өңірде олимпиадалық спорт түрлеріне енгізілген садақ ату спортын жетілдіруге және оның кәсіби сипатын арттыруға күш салмақ.
Сонымен қатар, 11 мың орындық жаңа стадион «Kaysar Arenaда» садақ ату үйірмесі ашылып, өз жұмысын бастады. Бұл бастама аймақ жастарының ұлттық спортқа қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, алдағы жаз маусымында өңірде садақ атудан Қазақстан Республикасының чемпионатын өткізу жоспарлануда. Бұл жарыс облыс спортшылары үшін үлкен тәжірибе алаңы болмақ.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы






