Фото: ашық дереккөз
Атырауда сәбиді хиджама әдісімен емдеу дерегіне қатысты тексеру аяқталды. Бұл туралы ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Лаура Ахметнияз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Атырау облысы прокуратурасының сұрауы бойынша бұл факті тексерілді. Тексеру іс-шаралары аяқталды. Оның нәтижесі бойынша заңсыз медициналық қызмет жасалғанын анықтадық. Хиджама әдісін өз ұйымына лицензия алмаған медбике жүргізген. Сонымен қатар, оның тиісті қызметпен айналысуына рұқсат беретін сертификаты да болмаған», – деді Л.Ахметнияз.
Оның айтуынша, тексеріс аясында аталған факті бойынша әкімшілік айыппұл салынды. Материалдар прокуратураға, полиция департаментіне жолданды.
«Енді біз аумақтық департаментпен бірлесе отырып осы мәселені пысықтап, аталған тәсілге қатысты орталықтың қызметіне тыйым салу туралы сотқа талап-арыз түсіреміз», – деді комитет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Атырауда нәрестені хиджама тәсілі арқылы емдеу фактісіне қатасты ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пікір білдірді.
«Бүгінде адамдар дәстүрлі емес медицинамен айналысып жүр. Қалай болғанда да олар медициналық көмек көрсетсе, тиісті лицензияны алуы керек. Қазіргі кезде лицензияланатын медициналық қызметке хиджама жатпайды. Сондықтан Комитет (медициналық-фармацевтикалық бақылау) бұл деректі қарап, тексеру жүргізеді. Алдағы уақытта осы мәселелерді қарастыратын боламыз», – деді А. Ғиният.
Фото: ашық дереккөз
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<