Сәтбаев арнасындағы бөгет мүжіліп барады

328

0

Фото: Сәтбаев атындағы су арнасы

Сәтбаев су арнасындағы бөгеттің жағдайы кәсіпорын өкілдерін алаңдатып отыр. Айтуларынша, осыдан бес жыл бұрын №87 бөгетке жасалған жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізіліп, бүгінде оның салдары айқын біліне түскен. Бөгеттің жиегі мүжіле-мүжіле, бүгінде қауіптіліктің ең жоғары шегіне жеткен, деп хабарлайды Қазақпарат

2019 жылы су арнасындағы төртінші су торабының 87-ші бөгетінде реконструкция жұмыстары жүргізілген. Алайда мердігер компания жөндеу жұмыстарын сапасыз әрі шала-шарпы жүргізіп, бүгінде су қоймасы апаттық жағдайда тұр.

Сәтбаев арнасы Павлодар пайдалану басқармасының басшысы Владимир Егеревтің айтуынша, сапасыз жөндеу жұмыстарының салдарынан жақын маңдағы елді мекендерге қауіп төніп отыр. Су қоймасының ернеуі жырылып кетсе, мол су сыртқа лақ ете қалуы мүмкін. Бөгет тез арада қалпына келтірілмесе, көктемгі су жіберу шаралары кезінде жағдай қиындай түседі.

– Бізді жазғы уақытта су бетінде пайда болатын толқындар алаңдатады. Қыста проблема жоқ. Толқын бөгетке соғылған сайын ол мүжіле береді. Кез келген уақытта жарып шығуы мүмкін. Сол үшін алаңдаймыз. Қазір бөгеттің жағдайын үнемі қадағалап отырмыз, күйі нашарлап барады. Құрылысқа толық жөндеу жасалуы керек, – дейді ол.

Бұл мәселені AMANAT партиясының партиялық бақылау комиссиясы бақылауға алған. Түйткілді шешу үшін сараптама жасап, қайтадан мердігерді таңдау керек деп есептейді. Бұған дейінгі мердігер жұмыстарды жетер жеріне жеткізіп орындай алмағаны анық, себебі ол маманданған компания емес еді. Су арнасы оны сотқа беріп, жеңіп шыққан. Бірақ сот істерінің өзі 2 жылға созылыпты. Сондықтан мамандар алдағы уақытта конкурстық жұмыстарда жеңіп шығатын мердігерді таңдауда сақ болу керек екенін ескертіп отыр.

«Арна – стратегиялық тұрғыдан өте маңызды нысан. Ондағы кемшіліктер Орталық Қазақстан үшін айтарлықтай апаттық жағдайлар туындатуы мүмкін. Республикалық бюджеттен аталған су арнасының жөндеу жұмысына қомақты қаржы бөлінді. Біз бұл қаражаттың дұрыс игерілуін қадағалайтын боламыз. Бұған дейінгі жөндеу сапасыз болып шықты. Ендігіде ондай кемшілік орын алмауы керек», – дейді AMANAT партиясы өңірлік филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенко.

Жалпы соңғы жылдары Сәтбаев арнасының жағдайы кері кетіп тұр. «ҚазСуШар» РМК оның жылдық табысынан 2 млрд теңгені жырып алып, еліміздің өзге аумақтарындағы инвестициялық жобаларға жұмсап жатқанын, салдарынан арнаның қаржылық ахуалы нашарлап кеткенін кәсіпорын өкілдері айтып отыр. Арнаның өзі Павлодар облысының Май ауданындағы Белая өзенінен басталып, Қарағандыға дейін жалғасады. Ұзындығы 459 шақырым болса, соның 380-дей шақырымы Павлодар облысының аумағында орналасқан. Су торабының бірегейлігі сол, 22 сусорғы стансалары суды төменнен жоғарыға қарай айдап, жалпы биіктігі 418 метрге дейін көтереді. Мұндай су артериясы жер бетінде жоқ. Оның жоба-жоспарын кезінде ғұлама Қаныш Сәтбаевтің өзі жасап кеткенін екінің бірі біле бермейтіні де анық. Сусорғы-қуат жабдықтары жылына шамамен 2200 млн КВт/сағат электр энергиясын тұтынатындықтан арнаның екінші кезегі – «Қарағанды – Жезқазған» бағыты жүргізілмеді. Яғни сол тұста­ғы мамандар мұны тиімді емес деп есеп­теді. Соның әсерінен арна бүгінде өз әлеуетінің тек 40 пайызын ғана пайдаланады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жы­лына тұтынушылар арнадан 450-460 млн текше метр су сатып алып отыр. Кәсіпорын азаттық жылдарында үш мәр­те банкрот бола жаздаған. Бірнеше жағдайдан әупірімдеп шыққанымен, ақыр соңы 2000 жылы банкрот болып танылып, қайта құрылымдаудан өтеді. Сол тұста мекеме «Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорын болып аталды. Алайда 2011 жылы ұйым республикалық мәртебесінен айырылып, «Қазсушар» РМК-ның филиалы болып қана қалды. Су арнасына қызмет көрсетіп тұрған кәсіпорындардың құлдырауы осы уақыттан басталып кеткені кездейсоқтық емес. Себебі «Қазсушар» РМК оны дербестігінен ғана айырып қана қойған жоқ, жыл сайын арна арқылы түсетін мил­лиард­таған теңге табысты жырып әкетіп, республикамыздың өзге өңір­леріне құйды. Ал арна бойын­да жылдар бойы еңбектеніп келген қызметкерлердің үлесіне еш­теңе тимеді. Еңбекақы өспеді, техно­логия­лық жабдықтарға күрделі жөндеулер жеткілікті жүргізілмеді.

Мәжіліс депутаттары мекемеге дербес заңды тұлға мәртебесін қайтарып беруді сұрап отыр. Бұл пікірді қостаушылар қатарында депутат Нұржан Әшімбетов те бар.

«Мем­­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қ.Сәт­баев атындағы каналдың қанағаттанарлықсыз техникалық жай-күйін атап көрсетіп, Үкіметке осы мәсе­лені зерделеуді тапсырған еді. Одан соң былтыр еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық дамуы мәселелері бойынша кеңейтілген кеңесте Президент су ресурстарын басқару жүйесін қайта қарап, «Қазсушарды» қаржылық жағынан тұрақты ұйым етіп қайта форматтауды тапсырды. Бұл мәселені каналды алғашқы салушылар да, ма­мандар да қайта-қайта көтеріп жа­тыр. Былтыр Мәжілістегі «Amanat» фракциясының мүшелері Үкі­мет басшысына депу­таттық сауал жолдадық. Онда екі бірдей мәселені қарастыруды сұра­дық. Біріншіден, «Қазсушар» кәсіп­орынының құрамындағы рентабельді филиалдарды дербес қы­лып, жағдайы қиындауларын бөлек­теп «оңалту шарасын» жүргізу қажет. Бә­рін бірдей батпаққа тық­пай, жөнге келмейтіндерімен айналыс­қан жөн. Бірақ барлық мекеме бір жүйеге бағынуға тиіс, мысалы, су коми­тетіне немесе су ресурстарын басқаратын жаңа холдингке. Екіншіден, «Қазсу­шардың» құрамында заңдылық және қаржылық еркіндік берсе, өзін-өзі ақтай алатын филиалдар қазірдің өзінде бар. Ол – Сәтбаев атындағы стратегиялық маңызы бар канал. Каналдың бірегей инфрақұрылымы мен қаржылық тәуелсіздігін сақтау үшін оған дербес заңды тұлға мәртебесін беру қажет. Бұл өз кезегінде кейінгі жылдары осы кәсіпорында қордаланған көптеген мәселенің шешілуіне мүмкіндік береді және су арнасы Астана қаласы мен Орталық Қазақстан аумағын су ресурстарымен сенімді түрде қамтамасыз етеді», дейді депутат.

Бір кемшілігі, арнаның мәселесі жыл сайын көтеріледі де, аяғы сиырқұйымшақтанып «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып қоя береді. Бұл тарапта Сәтбаев атындағы су арнасы стратегиялық тұрғыдан еліміздің бірқатар өңірі үшін аса маңызды екенін, оның жұмысында кінәрат шықса, зардабын отандық үлкен өнеркәсіптер, қалалардағы миллиондаған тұрғындар тартатынын ескеруіміз қажет. Бүгінде су арнасы Павлодар, Қарағанды, Ұлытау облыстары мен Астана қаласына тір­шілік нәрін жеткізіп тұрған жалғыз су көзі екені, бұған қоса Темір­тау металлургиялық комбинаты, Екібастұздағы қос МАЭС-тің бұған байлаулы тұрғаны назарға алын­са игі. Оның үстіне арнадан Ақмо­ла облысының Қорғалжын көлі­не, Павлодар облысының Шідерті ал­қабына жыл сайын су жіберіліп, көлтабандар мен суармалы алқаптар­ды қамтамасыз етіп тұрғанын неге ұмытамыз?

Болашақта Астана бағытында жаңадан салынатын Софиевка су қоймасына дейін Шідерті арнасынан су тармағы жүргізіледі. Бұл жұ­мыстар, атап айтқанда, жобалау, құрылыс және одан арғы қызмет көрсету Қ.Сәтбаев атындағы су арнасына тікелей жүктелгені жөн болар. Ендеше су арнасының кәсіпорнын жеке құру, оның әбден ескірген жүйелерін жаңартып, ұйымды дамытудың жөн-жобасы қайта жасалса деген тілек бар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<