Сәулетіне сән қосқан Қызылорда

6

0

Жылдан жылға сәулетіне сән қосқан Қызылорда қаласын жасыл желекке орау – өте ауқымды жұмыс. Көше көркін келтірген гүлзарлар мен бой түзеген ағаштар көздің жауын алады. Қазір Назарбаев даңғылы бойында түрлі-түсті қызғалдақ өсіп тұр. Бұл – тұрғындар мен қала қонақтарына әсерлі көңіл-күй сыйлайтын көрініс. Сыр қызғалдағы былтыр қараша айында тұқымнан егілген. Қыстай жер астында жатып, биыл наурызда гүлдеді.

Бүгінде шаһарды көгалдандыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Жыл басынан тиісті мамандар қызу жұмысқа кірісті. Тынымсыз еңбектің арқасында жазда саябақтар мен демалыс орындары, мекемелер ауласы және көше бойында сәнді де көпжылдық, жергілікті климатқа бейім ағаштар жайқалып, қызылды-жасылды гүлдердің хош иісі аңқиды.

Қала аумағын көгалдандыру және абаттандырумен «ҚазСтройКапитал ЛТД Қызылорда» ЖШС мекемесі айналысады. Мекемеде 250-ден астам қызметкер жұмыс істесе, 40-тан астам техникасы бар.  Бәрі де соңғы үлгідегі техника. Сондай-ақ автоматты суару жүйесі іске қосылған.

Биыл қала аумағына 9 мыңға жуық ағаш  көшеті отырғызылады. Мекеме басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Алтай Мұхановтың айтуынша, ағаш отырғызу, гүл егу жұмыстары қарқынды, күтіп-баптау да тыңғылықты жүргізілуде.

– Жыл басынан жұмысқа кірістік. Ең алдымен сол жағалаудағы «Жастар орталығы» жанынан  автоматты суару жүйесі жүргізілді. Сұлтан Бейбарыс  көшесіне талдарға орын белгілеп, отырғыза бастадық. Қазір бұл жұмыстар қаланың барлық аумағында жалғасуда. Биыл 8950 тал егіледі деп жоспарлануда, оның 3 мыңы егілді. Сол жағалаудағы Абылай хан даңғылына 2000, Қорқыт ата көшесіне 1000 түп отырғызылды. Одан бөлек газон төсеу, егу жұмысы да қолға алынды. Осы айдан бастап гүлдер де егіледі, – дейді директордың орынбасары.

Алдағы уақытта қалған ағаш көшеттері қала орталығы мен парктерге отырғызылып, көркейе түседі. Қазір газон Рәміздер алаңы, Тағзым алаңы және Назарбаев даңғылы бойына егіліп жатыр. Сондай-ақ газон шықпай қалған аумаққа тұқым қайта себіледі. Бұдан бөлек, гүл егу қарқын алады. Атап айтар болсақ, облыс әкімдігі, «Сыр ана» монументі, Назарбаев даңғылы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш, қала әкімдігі, Ы.Жақаев көшесі, Сырдария өзенінің сол жағалауы, Абылайхан даңғылы, «Тағзым» алаңы, орталық алаң, ескерткіштер, аллеялар мен саябақтарға,  басты көшелерге гүлдің сан түрі егіледі. Қазір жер дайындалып, қопсытылуда. Былтыр да осы аумақтарға 5 түрлі 290 мың түп біржылдық гүл мен 11  мың түп  раушан гүлі егілген. Күзге дейін қосымша тағы отырғызылған. Биыл да бұл меже артығымен орындалмақ.

Сәулетіне сән қосқан Қызылорда

Табиғатпен тіл табысып, етене жұмыс істеп жүрген еңбекқор жандардың арқасында жасыл желек жайқалып тұр. Көгалдандыру көптің ісі екенін дәлелдеп жүрген азаматтың бірі – мекеменің агрономы Файзолла Смағұлов. Ол  ағаш егудің өзіндік тәсілі бар екенін айтады. Бұл салада жүргеніне 30 жыл болыпты. Тәжірибелі маман тал егіп, күтіп-баптаудың қыр-сырына әбден қаныққан.

– Жылда қала аумағына жаңа көшеттер отырғызылады. Қолдан келгенше күтім жасаймыз. Ең алдымен көшет отырғызылатын жерді дұрыс таңдау маңызды.  Желден ық болатын, күннің көзі түзу түсетін жер таңдалғаннан кейін шұқыр қазылады. Тереңдігі 70 сантиметрден кем болмауы тиіс. Шеңбері 60 сантиметр болса жеткілікті. Егілетін ағаштың тамырын ылғалдандырып қою керек. Тамырын  тал қиятын қайшымен кесіп, шұңқырға салғанда  майыспайтындай етеміз. Көшеттің арақашықтығы 2,5-3 метр, ал, алма, өрік жеміс ағаштарының арасы 4-6 метрге дейін қашық орналасады. Ағаштың түбіне табиғи қи салынып, мойнына дейін су құйылады. Осылайша әр егілген көшетті жас баладай баптаймыз. Екі-үш күнде, әр түпке 30 литр суды мөлшерлеп құйып отырамыз.  Жаз айларында күніне екі мезгіл, яғни таңертең және кешке суарылады, – дейді агроном.

Маманның айтуынша, Сыр өңірінің климатына сәндік үшін терек, катальпа, үйеңкі, айлант, қарағаш, Сыр талы бейім. Ал, жеміс ағашынан өрік, шие, алма, жүзім, оңтүстік аудандар үшін шабдалы, алмұрт егу қолайлы. Аралдың шалғай құмды ауылдарына сексеуіл егіледі. Сексеуіл құмды тоқтататын қасиетке ие. Сол себепті арнайы бағдарлама аясында мұнда жыл сайын  жүздеген түп сексеуіл отырғызылып, тұқымбақтар салынуда.

Жақында Қызылордада «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Мөлдір бұлақ» атты ауқымды экологиялық акция өтті. Бұлақтар мен жағалау аумақтары тазартылып, оған 16000 адам қатысты. Нәтижесінде 425 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды. Акцияға 140-тан астам арнайы техника жұмылдырылып, жұмыс сапалы жүргізілді. Өңірдің барлық ауданында Сырдария өзенінің жағалауы, Арал ауданындағы «Ақкеспеде», Жаңақорғандағы «Қайнарбұлақта» табиғи су көздері тазартылып, маңы абаттандырылды.

Жалпы аймақта «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыс атқарылуда. Жалпыхалықтық сенбіліктер өткізіліп, қаланың келбетін көріктендіруге үлес қосуда.

Сырт көз Сыр өңірінде ағаш пен жасыл желек егу қиын деп есептейді. Алайда бұл ұғым өзгергені қашшан. Қазір қала адам танымастай кейіпке енген. Көшелер жасыл желекке оранып, жан-жағы гүлге толған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жасыл желектің бабын жасаған бағбандар еңбегі мақтауға тұрарлық. «КазСтройКапитал ЛТД Қызылорда» мекемесінің қызметкерлері күні-түні тынбай еңбек етеді. Олар күндіз ағаш, гүл егіп баптаса, ымырт үйіріле суару жүйесін іске қосып, қадағалауға кіріседі.

Айналаның гүлденіп, жайқалып тұрғаны – маңдай тердің, еңбектің жемісі. Сондықтан көшенің сәнін бұзбауға  атсалысайық. Әр тұрғын ауласына ағаш, гүл егіп жайқалтып отырса, ғажап емес пе?!

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»