Сәулетке сапа сай болуы тиіс

164

0

Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, қала әкімі Нұржан Ахатов, жауапты сала басшылары құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысын бақылады.

Алдымен сол жағалаудағы 9 қабатты 120 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысын көрді. Жалпы ауданы 7011 шаршы метр болатын үйлерде бір бөлмелі 18, екі бөлмелі 66, үш бөлмелі 36 пәтер бар.

Келесі нысан – денешынықтыру-сауықтыру кешені. Құрылысына 2,9 млрд теңге қаралған нысан «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынуда. Онда бір мезетте 131 спортшы жаттыға алады. Бірінші қабатта волейбол, екінші қабатта күрес және басқа да залдар орналасады.

Әрі қарай Титов шағын ауданындағы әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін бой көтерген бес қабатты 135 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс алаңына барды. Жаңа тұрғын үйде 35 бір бөлмелі, 80 екі бөлмелі, 20 үш бөлмелі пәтер бар.

***

Құрылыс нысандарындағы жұмыс барысын бақылау «Достық үйінің» жаңа ғимаратында жалғасты. Нысан жақын арада пайдалануға беріледі. Бейбарыс сұлтан көшесіндегі сәулетті ғимараттар қатарын толықтырған нысанның сырты күннен қорғайтын сәндік панельдермен қапталған. Екінші және үшінші қабаттарда кеңселер, сондай-ақ холл, фойе, ресепшн, гардероб, 200 орындық үлкен зал, 60 орындық кофейня орналасады. Конференц-зал заманауи техникалармен жабдықталады.

Цокольді қабатта би студиясы, музыка және вокал кабинеттері, клуб, қоймалар, архив және қосалқы бөлмелер қарастырылған. Бүгінде ішкі әрлеу және дизайнерлік безендіру, сондай-ақ сыртқы абаттандыру жүргізілуде. Жұмыстың 95%-ы біткен. Құрылыс алаңында 7 техника және 135 жұмысшы еңбек етуде.

Ал Президент саябағында бас мердігер «Bi Global» ЖШС ауқымды абаттандыру жобасын жүзеге асыруда. Саябаққа 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңын, 4 спорт және 4 workout, 7 демалыс аймағын, 4 фудкорт, теннис үстелдерін, биіктігі 50 метр болатын айналмалы дөңгелек аттракцион, би алаңын, стритбол, вело және жүгіру жолақтарын, сахна, сарқырама каналдары мен көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдарын, арқан саябағы мен модульдік санитарлық нысандар салу жоспарланған. Мұнда жыл он екі ай жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) бой көтеріп келеді. Бас мердігер «Alem Qurylys AQ» ЖШС жобаға сәйкес спорт блогын, іс-шараларға арналған event-аймақ, тұрғын корпустар, қонақүй үлгісіндегі шағын ғимараттар, дәстүрлі киіз үйлер, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы және сахна салады.