Сағасы толықсыған Сарысудың Сыр еліне пайдасы

1189

0

Фото: Ауылшаруашылығы басқармасы

Биылғы жылы шаруалардың асығы алшасынан түсіп, Сарысудың сағасы толықсып, 7 жылдан бергі облыс территориясына келмеген су сағалары сарыла ақты. Ұлытау мен Қызылорда облыстарына ортақ өзенді жауапты мамандар тиімді пайдалана келе, Телікөл мен Ащыкөл көлдері арқылы 500 мың гектардай жайылым мен шабындық жерлерін суландырды.

Нәтижесінде қазіргі таңда өңіріміздің Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласына қарасты 500 мың гектар жерде орналасқан 100 мың бас қой, 30 мың бас ірі қара, 5 мың бас түйе, 6 мың бас жылқы ұстап отырған 100-ден аса шаруа қожалықтары қоныстанып, көл суын тиімді пайдалануда. Жайылымдық жерлерде шөптің шығымы да едәуір жақсарған.

Алдағы уақытта да Үкімет мақсаттарына сәйкес жем-шөп өндірісін дамытуда, ет-құс өнімдерінің экспорттауды арттыруда жыл сайын ерте көктемде Сарысу өзеніне берілетін жылдық судың көлемін көбейте отырып, аталған мәселелерді қарқынды шешу жолдары қарастырылады.

Мал басын өсіріп, экологиялық таза өнім өндіруге ұмтылу арқылы шетелдік нарыққа шығуға үлкен мүмкіндік бар. Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Әрине, ең әуелі сапалы ет, сүт, құс өнімдерін алу үшін шаруа қожалықтарына жайылымның жайлылығы қажет-ақ. Жайлы, сулы, табиғи құнарлы жерді қалыптастыру – үлкен жүйелі істі талап етеді. Осы міндеттерді шешу арқылы біз ауыл шаруашылығының экологиялық таза және тұрақты болашағын құра аламыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<