Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, әнші, композитор Елена Әбдіхалықовамен кездесті. Еліміздің, Сыр өңірінің мәдени-рухани дамуына қосқан үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, сый-құрмет көрсетті.
– Бүгінгі шығармашылық кешіңіз ұлтымыздың «Қазақ» атауының қайтарылғанына, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толған мерейтойға, Қызылордамыздың төл мерекесі – Қала күніне үлкен тарту. Сіз әрдайым туған топырақты, халқымыздың өр рухын жырға қосып, мәдениетіміз бен руханиятымызды өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеп келесіз.
«Сыр елі – жыр елі» атанған өңірімізде өнерпаздарға қолайлы орта қалыптастыруға, өнерлі, дарынды жастарымыздың шығармашылығын шыңдауға бағытталған маңызды жобалар қолға алынған. Өнер адамдарын, мәдениет майталмандарын қолдауға әрқашан дайынбыз. Төл өнеріміздің туын биікте ұстап, көрерменнің зор құрметіне бөлене бергейсіз! Сізге мықты денсаулық, шығармашылығыңызға табыс тілеймін, – деді облыс әкімі.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың «Өнер орталығындағы» «Сағыныш ғұмыр» атты концерті Сыр халқын бір серпілтіп, рухани әсер сыйлады. Концертте облыстағы симфония оркестрінің сүйемелдеуімен орындаған автордың сыршыл да назды, қуатты да рухты шығармалары көрермен көңілін толқытты. Оркестр дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мүсілім Әмзе.
Шығармашылық кеште ақын, Мемлекеттік сыйлық иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы Сырдың сыршыл ақын қызына құттықтау лебізін білдіріп, оның сан қырлы талантына, саф өнеріне жоғары баға берді.
Концертте автор М.Мақатаев, Ұ.Есдәулет, Е.Жүніс сынды қазақтың белгілі ақындарының сөзіне жазылған өзінің танымал әндерін әнші Жұбаныш Жексенұлымен бірге оркестрдің сүйемелдеуімен орындады. Сондай-ақ Астана мемлекеттік филармониясының солисі, қобызшы Шолпан Шарапатова, эстрада әншілері Дәурен Сейітжанов, Арайлым Ибраева орындаған шығармалар көрермен көңілінен шықты.
Ақын өлеңдерінен құралған «Менің атым Сағыныш» атты композицияны театр артистері шебер орындады. Сондай-ақ «Қазақ елі», «Сыр елі», «Есіңе мені алғайсың» сияқты халыққа кең тараған әндерін халық қосыла шырқады.
Концертті облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, зиялы қауым тамашалап, кеш иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықоваға ықылас гүлі табысталды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





