Біздің бала күнімізде әрбір үйдің бір бұрышында елеусіз ғана ілініп тұратын шап-шағын радио болатын. Сыртынан қарағанда шап-шағын болғанымен, сол радио бүтін еліміздің «идеология» деп аталатын аса жауапты саясатының жүгін көтеріп тұрды. Иә, «Қазақ радиосынан» әуе толқыны арқылы әлемге тарайтын әдеби-танымдық хабарлар шетелдерде өмір сүріп жатқан қандастарымызбен арада ілкі байланыс орнатып, олардың елге деген сағынышын еселей түсетін.
Сол уақытта радио арқылы хабар жүргізетін ерекше дауыс иесі Сауық Жақанованың есімі жүрегіміздің бір түкпірінде жатталып қалған еді. Өйткені ол оқыған өлең болсын, әңгіме болсын, тіпті қарапайым хабар болса да, елең еткізіп, одан әрі мазмұнына елітіп әкететін. Қазақтың арқалы ақыны Мұқағали Мақатаев «Өлең шіркінді оқыса, Сауық оқысын» дейді екен.
Ал КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімовтің айтуынша, «Сауықтың дауысы – даланың дауысы. Аққу сазды, бұлбұл үнді, үп еткен самал желдей лебізге толып шығатын сол бір тамаша дауысты естімеген қазақ жоқ шығар. Сөздің сиқырын, сазын, киесін терең ұғып, терең пайымдайтын білім-білігіне, парасат-пайымына қоса оған Тәңірден зор талант берілген. Оның өнерінің шынайы, табиғи, мазмұнды, мағыналы болатыны да содан».
Иә, «Қазақ радиосы» ғасырдан астам қызмет көрсетіп, ел тарихынан ерекше орын алды. Олай дейтініміз, оның алтын қорында ұлт руханиятының қисапсыз қазынасы сақталып қалды. Сол қазынаны толтыруда Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, «Сахара сандуғашы» атанған Сауық Жақанованың сүбелі үлесі бар. Ол аса дарынды, дауылпаз үнді диктор Әнуарбек Байжанбаевпен қатар алпыс жылдан астам қызмет етті.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Қазақ радиосының» аңызы, диктор Сауық Жақановамен кездесу өтті. Рухани мәні жоғары танымдық жиын университеттің «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» факультетінің студенттері үшін өте әсерлі болды. Кездесу барысында жастар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, дара дауысты диктордың дәрісін тыңдады. Өнегелі өмір жолынан сабақ алды.
Кездесуді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайманов ашып, жиынның мазмұны жайлы айтты. Кешті «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының жетекшісі Серікхан Жүзеев жүргізді.
Мазмұнды кештің мейманы Сауық Жақанова қазақ елінің астанасы болған, ұлтымызға «Қазақ» атауын қайтарып, ел мәдениеті мен руханиятының бастауы болған Сыр еліне сапарында ұстаздар мен студенттердің шақыртуын қабыл алып, кездесуге үлкен толқыныспен келгенін айтты.
– Қызылорданы бүкіл Қазақстанның кіндік ордасы десек болады. Бұл жерде білім мен мәдениеттің іргетасы қаланып, мемлекет үшін маңызды шешімдер қабылданды. Биыл астана болғанына бір ғасыр толып отырған Қызылордаға табаным тигеніне тебіреніп отырмын.
Иә, «Қазақ радиосында» қызмет ете жүріп, бүкіл қазақ елінің білім, мәдениет, өнер өкілдерін насихаттап, сол уақыттағы мемлекет, қоғам қайраткерлері, қарапайым еңбек адамдары жайлы дүние жүзіне хабарлар таратып, руханиятқа азды-көпті еңбегімді сіңіргенім – бағым деп ойлаймын, – деді ол.
«Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айман Айтбаева сөз сөйлеп, диктордың дауысына деген бала кездегі құштарлығын, қалтқысыз құрметін әсерлі әңгімелеп берді.
Кафедраның аға оқытушысы Асыл Оразова «Эфирдің Ақбаяны» атанған Сауық Жақанованың өмір жолы мен шығармашылығы жайында мазмұнды баяндама жасап, қарапайым ғана диктордың жасаған хабарлары қоғамдағы қаншама тағдыр иесіне ықпал еткенін мысалға келтірді.
Қазақ тілінің, сөзінің тазалығына айрықша мән беретін Сауық Мәсіғұтқызы дикторлық жолымен қатар, ұстаздық қызмет ете жүріп, «Сөйлеу техникасы», «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» атты оқу құралдарын жазып, көптеген шәкірт тәрбиеледі.
Кештің құрметті меймандарының қатарында – Еуропадағы қазақ диаспорасының белді өкілі, саяси ғылымдары докторы Абдұлқайым Кесижи, Халықаралық «Шалқар» газетінің бас редакторы, «Жанашыр» қоғамының президенті Жаңыл Әпетова, Сыр өңірінің өнерпазы Сара Бекахметова, Сауық Жақанованың шәкірті, «Сахара сандуғашы» кітабын құрастырушы автордың бірі Жазира Амантай қатысып, келелі ой-пікірлерін бөлісті.
Кеш соңында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Қали Омаров «Қазақ радиосының» аңызы Сауық Жақановаға университет ректоры атынан сый-құрмет көрсетті.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





