Сахна – өмірдің өзі

295

0

Фото: Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры

Сыр елінің рухани ордасы – Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының 70 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатқан «Сырдың Сәбирасы – І» халықаралық фестивалінде өңірлер мен шетелдерден келген театр ұжымдары мәдени алмасудың тамаша үлгісін көрсетуде.

Алғаш болып Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры А.Островскийдің «Найзағай» драмасын сахналады. Режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен ұсынылған шығармада қорғансыз қалған әйелдің махаббат хикаясы суреттеледі.

«Найзағай» – үміт пен арманға толы нәзік жан­ның жүрекжарды тарихы. Жарық пен ерік-жігерді армандайтын жас әйел бостандыққа ұмтылады.  Басты кейіпкер өзінің күйеуіне опасыздық жасағанын және оның күнә екенін білсе де, махаббатына қосылуды қалайды. Бірақ соңында жүрекке түскен ауыртпалық басты кейіпкерді өлімге итермелейді. Қойылымдағы нәзік сезім, кейіпкердің бойындағы қорқыныш пен ауыртпалық көрерменге ерекше әсер қалдырды.

Фестивальдің бірінші кү­нінде Румыниядан келген Эль­вира Годяну атындағы дра­ма театр «Неке және ажырасу» қо­йылымын ұсынды.  Анто­нел­­ла Корничидің «Неапо­ли­тан­дық стильдегі неке және ажы­расу» спектаклі италия­лық драматург Эдуардо де Фи­лип­поның «Итальяндық үй­лену» комедиясының желісі бо­­йынша сахналанды.

Қойылымда Доменико Сориано мен Филумена Марту­рано арасындағы күрделі ма­хаббат хикаясы баяндалады. Ре­жиссер сахнада жанды диалог пен тапқырлыққа негіз­делген стильді қолданып, кө­рерменге әрі күлдіретін, әрі терең ойға же­телейтін туынды тарту етті. Оқиға барысында Филумена сүйген адамы До­мениконың өз­ге біреуге үй­ленбек болғанын білгенде, өзін қорланған әрі тастанды сезінеді. Ол отбасы мен әлеу­меттік мәртебесін сақтау үшін айлакер жоспарға барады.

«Неке және ажырасу» – махаббат, адалдық, құрмет пен әлеу­меттік екіжүзділік сияқты ма­ңызды тақырыптарды қоз­ға­ған, өзектілігін жоғалтпаған жо­ғары деңгейдегі комедия­лық қойылымды көрермен қа­уым өте жақсы қабылдады.

Сенбі, жексенбі күндері де театр көрермен қауымға руха­ни демалыс сыйлады. С.Қо­­жам­құлов атындағы қа­зақ музы­калық-дра­ма театры (Жезқазған қаласы) «Ма­кон­до» қойылымын ұсын­ды. Со­нымен қатар Н.Дум­бадзе атын­дағы Грузия мемле­кеттік кәсіби балалар мен жасөс­пірімдер театры У.Шекс­пир­дің «Гамлет» қойылымын сах­на­­лады. Сонау ХVІІ ға­сыр­дың ба­сында жазылған бұл пьеса әлемнің жүздеген ті­ліне аударылып, талай сахнада қойылды. Бұл жолғы спек­такльді  көрермен қа­уым 3 сағат бойы тап­жылмай тамашалады.

Жексенбі күні Ф.Достоев­ский атындағы орыс драма театры (Семей) «Миф об Ат­тиле» шығармасын  және  Т.Аб­ду­мо­мунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры «Ай тұтылған түн» қойылымын ұсын­ды. Ақын, драматург Мұс­тай Кәрімнің трагедиясы – дәс­түрден кете алмайтын және таза махаббатты бейнелейтін шы­ғарманың бірегей үлгісі. Ха­лықтық әдет-ғұрыптар мен ға­сырлар бойы қалыптасқан дәс­түрлерден бас тарту – қо­йы­лымдағы негізгі драмалық шие­леністің өзегі. Бұл – ескі мен жаңа, салт пен сана арасындағы күрес. Шы­ғарма махаббаттың шек­сіз құ­діретін паш етіп, кө­рер­менді ойға жетелейді.

Қойылымдар соңында театр ұжымдарына аймақ бас­шы­сының ықылас гүлі табысталды.

Фестиваль 30 сәуірге дейін жалғасады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»