Жалағаш ауданы бойынша барлық сайлау учаскесінде Наурыз мерекесі тойланып, жергілікті өнерпаздар сайлаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сайлау учаскесінің алды тақырыпқа сай этно бағытта безендірілген. Мұнан өзге, арнайы шатырлар құрылып, сайлаушыларға ұлттық тағамдар ұсынылды.
Сондай-ақ, тұрғындар арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілуде. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мадақтама грамоталары мен сыйлықтар табысталады.
Бүгінгі сайлау қазақстандықтар үшін өте маңызды. Өйткені бүгін халық қалаулыларына жауапкершілік жүгін артатын күн. Бұл тұста жалағаштықтар да бірліктің үлгісін көрсетіп, ертелетіп өздеріне қарасты участіктерге келуде. Біз табан тіреген Еңбектегі сайлау округінің жұмысы қызу қарқын алыпты.
Еңсесін тіктеген елді мекендегі жұртшылық Ұлыстың Ұлы күнімен тұспа-тұс келген саяси науқанды ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Әсіресе таңдауын жасап, ел ісіне атсалысуға асыққан бір топ алтын құрсақты аналар көрген көзді сүйсіндірді. Отыз жылдық тарихы бар «Батыр аналар» ансамбілінің әрбір мүшесі өз даусының маңызды екенін жақсы біледі. «Ел ертеңі үшін жасалған әр істе тек бірлік керек» деген ақжаулық иелері ізгі тілектерін жаудырып қоя берді.
«Біз жас емеспіз, бірақ қазақ халқының ертеңі үшін, тәуелсіз еліміздің мәңгілік болуы үшін әрбіріміздің қосар үлесіміз бар екенін білеміз. Саяси науқанның маңыздылығын ескергендіктен, барлығымыз бірге дауыс беруге келдік. Алдағы уақытта депутат болып сайланатын азаматтардың барлығы да ел мүддесіне жұмыс істейді деп сенеміз. Мақсат, абырой ортақ болса, кез келген белесті бағындыруға болады. Бұл жолда тек қана сәттілік тілейміз» дейді алтын құрсақты аналар. Иә, төл өнерді дәріптеп, қазақы салт-дәстүрімізді насихаттап жүрген аналар ансамбілінің аудандағы алар орны ерекше. Әсіресе мәдениет саласының көш ілгері болуына үлкен үлесін қосты. Қазіргі таңда 14 ана батыр аналардың осы жолдағы жұмысын жандандырып, өнерді өрге сүйреді.
Айта кетейік, бірнеше жыл бұрын батыр ана, ақжаулықты әжелер эстафетасын аталған ауылдың жас 16 батыр анасына табыс етті. Батыр аналардың жолын жалғастыруды мақсат еткен жас аналардан құралған ансамбль бүгінде өскелең ұрпақты ұлттық үрдісте тәрбиелеу, халыққа қызмет көрсету, ұрпаққа үлгі-өнеге қалдыру жолында аянбай тер төгіп келеді. Аналар ізін жалғаған алтын құрсақты жас аналарда саяси науқаннан шет қалмайды. Анасын ардақтаған ауылдағы тындырымды тірлікке, бірлігі жарасқан берекелі өміріне біз де сүйсініп қайттық.
Айта кету керек, Еңбектегі сайлау учаскесіне осы уақытқа дейін ,,,,, тұрғын келіп, өз таңдауын жасап, ел ертеңіне жұмыс істейді деген үміткеріне дауыс берген. Батыр аналармен қатар жастар да, орта буын өкілдері де белсенділік танытып, халық қалаулыларын таңдауға асығуда. Асыл аналардың ақ батасымен басталған науқан қызу жүруде және ешқандай кемшілік байқалмады. Әлі де науқан соңына дейін қалған сайлаушылар таңдауларын жасайды деп сенеміз.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<