Сайлауалды бағдарлама аясында салынып жатқан құрылыс нысандарына мониторинг жасалды

164

0

Фото: «AMANAT» партиясы

Сыр өңіріндегі жұмыс сапары барысында «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының Ұйымдастыру және аймақтармен жұмыс департаментінің инспекторы Еркін Дәрібаев партияның сайлауалды бағдарламасы аясында облыс орталығында салынып жатқан нысандардың құрылысымен танысты.

Мониторинг жұмысына партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, партияның облыстық, қалалық филиалдары жанындағы партиялық бақылау комиссияларының төрағалары, депутаттық фракция мүшелері, облыстық құрылыс сәулет және қала құрылысы басқармасы, облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мемлекеттік инспекциясы басшылары мен аталған нысанға жауапты мамандар мен техникалық сарапшылар тобы қатысты.

Зерделеу тобы алдымен Қызылорда қаласының сол жағалауында салынып жатқан бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар, 300 төсек орындық көп бейінді аурухананың құрылысын көрді.

Өңірдегі ең ауқымды денсаулық сақтау жобаларының бірі болып саналатын нысан басында құрылыс қарқынды жүруде. Қазір нысанда 10 блок бойынша қабырғалар мен бағандар орнатылып, іргетастар мен бетондау жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Бас мердігер – «Мелиоратор» ЖШС-і өкілі нысанды 2027 жылдың шілде айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз,- дейді.

Келесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Арай шағын ауданында салынып жатқан 1500 орындық мектеп құрылысының да 70 пайызы аяқталған. Тапсырыс беруші, техникалық қадағалаушы мекемелердің өкілдері күні – түні құрылыс нысаны басында. Мұнан бөлек, аталмыш нысандарға партиялық бақылау орнатылып, жауапты фракция мүшелерімен де айына 1 рет мониторинг жасалуда. Бұл жұмыстар өз кезегінде құрылыс сапасының дұрыс болуына ықпал етуде.

Мониторинг барысында «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының Ұйымдастыру және аймақтармен жұмыс департаментінің инспекторы Еркін Дәрібаев партиялық бақылау комиссиясымен атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, мердігерлерге ризашылығын білдірді.

«Өңірде құрылыс қарқыны жоғары. Мен сапар барысында Арал, Қазалы аудандарында да болып, сайлауалды бағдарлама аясында іске қосылған нысандарды көрдім. Өте керемет салынған. Нысандарға арнайы белгі қойылып, партияның назарына алынған. Біздің ең бірінші маңызды міндеттеріміздің бірі халыққа берген сайлауалды уәделерімізді орындау. Бағдарламаға енген әрбір нысан сапалы, уақыты ел игілігіне табысталуы керек»,- деді Еркін Дәрібаев.

Атап өтейік, аталмыш нысандар ел игілігіне табысталғанша «AMANAT» партиясының бақылауында болмақ.