Сайлаубай Жұбатырұлы: Туындыңның бітім-болмысында өзіндік заң жасау – намысты шығармашылық жолы

1829

0

Есімі қазақ көркемсөзінің қадірін білетін талғамы жоғары халыққа қадірлі де, қымбатты, қалың оқырманның сүйіспеншілігіне бөленген көптеген әңгіме-хикаяттың, көркем эсселердің, «Абыржы» секілді тұрпаты бөлек трилогияның авторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреты, жазушы Сайлаубай Жұбатырұлымен әңгімеміз көкейде жүрген көп ойдың жауабын берді. Жетпіс бестің асуынан асқан қаламгердің ұлт әдебиеті туралы ойларын қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

– Сайлаубай аға, өмір балалық, жастықтың жарқын өрістерінен бастау алады. Бұдан арғы ой тереңдетулерге барар алдында, адамның болашақ мәуелерін айқындайтын, қалыптастыратын үміттер мезгіліндей, сонау өмір көктеміңізден сөз тартсақ…

– Иә, көктем жарқын үміттер кезеңі ғой! Адам «болашақ» деген «терра-инкогнитоға» қа­дам басарында алдында мың тарау жол жатады. Өрістегі жемінің жүлгесін қуалап кете беретін бір санасыз жаратылыс емес, адамда арман, жоспар, мақсат дегендер болады. Жақсылыққа талпынбайтын пенде жоқ. «Талапты ерге нұр жауар» – бір жақсы көретін мәтелім. Сол талпынысыңды тіршілік көп бұлғаққа салады. Ол – өмір. Әйтсе де, соның ішінде арман, мақсат күші – мықты қолдаушы. Талап, талпыныс керек. Бала кезіңде оқыған кітаптардың, шырайлы басылымдардың әсері сондай күшті, олар өміріңе кететін құнар іспетті. Өз түсінігім солай. (Осы ретте «балалар жазушысы, ақыны болу – жауапты міндет» деген сәнге ғана айтылатын сөздің үлкен салмағы осында жатыр-ау деген ой көкейде тұрады). Солар және ең бастысы, туған, өскен орта, Арал­дың ғажайып қасиеттері мені осы күнге жеткізді-ау…

Бала кезде оқыған кітаптар, идеалдардың бәріне алғыстымын.

Біз қиян қиялдарға, биік армандарға шақыратын жерде өстік. Мектеп бітірерде алтын медальға ұсынылдым. Мектептің ұйғарымын облыстағы көкелердің кесімі сүріндірді. Ұстаздардың не қадағалағанын қайдам, ал өзім сол кезде В.Чкалов атындағы Орынбор жоғары әскери авиациалық училищесінің (Ю.Гагарин оқыған) курсанты жолында Арал әскери комиссариатымен екі арада сабылып жүргем. Аттестатта бар сабақтан «бес», ал қазақ тілі мен әдебиетінен облыс қойып жіберген баға «үш» пен «төрт» болды. Тіл, әдебиет өмірінің мәніне айналған бұл жазушы-қаламгердің сол ілімдегі жағдайы солай басталған. Қайдам, тамыр-таныстық, жер-көрге тарту деген сол кезде де бар ма еді?.. «Бәрі дұрыс, данышпан Эйнштейн математикадан «екіге» оқыған! Пушкин өте нашар оқушы болған!» Бұл маған кейін келген жұбату-ой… Ішірткі емес… Балалық қой… Тау шағылып, талап қайту деген қаперде де болған жоқ… Бұдан тек «үлкен өмір аяқтан шалудан басталған екен» деген ой тумасын.

– Сіздің үлкен әдебиет табалдырығын аттау жолыңыз көп оқырманға таныс. Қазақ әдебиетіне романтизмнің өзіндік үлгісін әкелген жазушы ретінде танылдыңыз. Бұл бағытқа (әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге арналған хикаяттарыңызда) бет түзеуіңіздің сыры неде? Кеңес дәуірінде әдебиетте өктем тұрған «социалистік реализмнің» түпкі мәнін ерте түсінген соң одан іргені аулақ салу ма, әлде басқа себебі бар ма?

– Хикаялы, шиырлы сюжеттерді ұнаттым. Со­нау алғаш қанатқақты дүнием «Алыстағы аралдар» сондай табиғатта туған. Онан ары, лирикалық ауанды «Жасыл сағым» повесін жаздым. Бұл да жаман қабылданбады. Тағы бір конкурс жүлдегері атанды. Тіпті, сонау Ұңғыз сырты Қарақұмындағы түрікмен ағайын бұл повесть бойынша кино да түсірмекші болды… Сосын, алғашқы аты «Отты өткел», бірақ Зейнолла (Шүкіров) ағам кейін бір романына осы атауды қолай көріп, өзіне иемденіп алған соң әлгі атын «Тамұқ төріндегі қазына» деп өзгерткен тағы бір хикаялы повестке қалам салдым. Жұрт қызығып оқыды. Сосын, ол кезде орыс тілі сән еді, – сондай мода ағымында орысша «Бумеранг» повесін жаздым (1980 ж.).

Бұның бәрі авторлық жол таңдау, шығармашылық сынтасқа түсіп көру әрекеті еді… Әлгі соцреализмге қарсы «бунт» дегеніңе айтарым: «Мен сондай әулие едім, соцреализмнің тайыз табиғатын ерте түсінгенмін» деп көсемсудің реті жоқ. Кешегі өмірде өскен кім-кім де сол «шапаннан» шыққан. Бірақ онан біз өнеге ұстанып жүретін дүниелердің пәсі төменшік тартпаса керек. Себебі қай «реализм», «басқаизм» болмасын, сөз, өнер нысаны – адам, адам жаны, адам болмысы. Міне, сол дегдарларды біздің шеберлер, сондай «..измнің» құрсауында жүріп-ақ тереңіне бойлап, сөйлете алды деп ойлаймын. Сонау еркін әлем перзенттерімен шендесе алатын төл дүниелеріміз солай туған.

«Шаблон, стандарт, қалып» дегендер суқаным сүймейтін нәрселер. Олар еркін тынысты тарылтады, адамды қорғаншақ етеді. Мен әу бастан олардан «қиыстау» жол таңдадым. Әлі сол жолдамын…

– Балаларға арналған хикаяттардан соң әңгіме жанрында керемет туындылар жасадыңыз. Әңгімелеріңіз сол кездегі өз тұстастарынан мүлдем оқшау ерекшелігімен әлі есте. Тіпті, арасында роман жүгін көтеретіндей астарлы да салмақты (мәселен, «Басазат» секілді) шығармалар болды. Шерхан Мұртаза секілді көрнекті тұлғалар сондай әңгімелеріңізді жоғары бағалады. Бірақ сіз шығармашылықтың осы бір кемел шағында Алматыны тастап, туып-өскен Сыр-Арал жағасына қоныс аудардыңыз. Осының қаламгерлік ғұмырыңызға не әсері болды?

– Өткен ғасырдың 70-80-жылдары «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттерінде, «Жалын», «Білім және Еңбек», «Балдырған» журналдарында әңгімелерім жүйелі жарияланып тұрды. Жалпы, оқырман ғана емес, қаламдас-әріптес ағаларым да сол туындыларға жылы қабақ танытып, сол іспетті дүниелердің «ертеңінен үлкен үміт күте» жүрді. Өкінішке қарай, сол жазғандардың біразы архивімде сақталмай, жоғалып кетіпті.

Мамандығым журналист болғандықтан, сол салада қисынды түрде тірлік еттім. Алғашқы қызмет орным Ф.Оңғарсынова басқаратын «Қазақстан пионері» газеті болды. Ол кезең – неше түрлі ізденіс пен эксперимент уақыты еді. Бұл туралы ақын апамыздың «Шашы ағарған қыз» кітабында қысқа, бірақ нұсқалы сөз бар. Салмақты, сабақты публицистика деген кейінірек келді. Әсіресе, Арал, Сырдария, «Байқоңыр», жалпы Қазақстан экологиясы тақырыбы тым қордалы еді. Сол зілді мәселелер мәні әсер етті-ау, 80-жылдары қазақ журналистикасындағы проблемалық мақала нұсқасына жол салып, тың үлгілі сөзсаптауға бардым. Бұл проблемалық публицистика үлгісі болды. (Ш.Мұртаза ағаның пікірі. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1984 жыл). Тымырсықтау ахуалда сөз созып жүрген қазақ журналистикасы, кілт сілкініп, осы жаңалықты қызу іліп әкетті. Мұның арасында 20 жылдан астам тағы бір кезең болды. «Сөз өнерінің өзіндік бір Көктөбесіне көтерілдім ғой, енді осы мүмкіндікті үні-тілі жоқ, қорғансыздың күнін кешкен, тіпті бәрінен тепкі көрген Арал жолына салсам қайтеді?» деген ой… 80-жылдар еді. Қайран Арал пенделер басына салған ақырет отының ортасында күйіп жатты. КСРО атты империяның қылышынан қан тамып тұрды. Түрлі қаулымен тұмшаланған аса тыйымды тақырып еді. Тәуекелді, тіпті болашақ көп өмір-жолды кесердей қатерлі талап болды. Кейінгі өмір-тағдырда солай болған да сияқты.

Кезбелік жағдайында Аралдың елсіз жағалауы мен өлі ұлтанын адақтап кеттім. Арал мен үшін қасиеті ұлық қария еді. Ата-баба алдында саналы бала әмәнда қарыздар. Мен Арал батасымен қанаттанған адаммын… Бұл сүркіл талап, өңеш-жалаңаш, 80-жылдан басталды, әлі созылып келеді. Шығармашылық қуаттың көп мәйегі соның садағасында кетті. Әлі жансебіл жалғасып келеді. Бітетін түрі жоқ. Өйткені Арал әлі күнге сол ақырет отының ортасында жатыр… Солайша, оқырман ағайын, шамамен, 1980 жылдан жазушы С.Жұбатыровты «жоғалтып» алды-ау. Тіпті, әдебиетке кездейсоқ келіп қалған біреу секілді болдым ба?.. Осы шашбаулы сірі көзқарас содан жабысқан созылмалы сырқаттай әлі еріп жүр. Әйтсе де, солай өткен жылдар үшін өкінбеймін: Арал үні әлемге жетті. Теңіз қасіреті адамзат қайғысына айналды. Бүгінмен санағанда 33 жыл бойы шулата көтерген «Кіші Арал» жүзеге асып, нәпақасын ел көре бастады. Шүкір! Қолымнан келген біршама парызымды атқардым-ау деген сезім көңіл түкпірінде…

Көркем тірлікте тууы мүмкін-ау деген дүниелердің біразы, сол, 20 жыл, онан да ұзақ бұру жолдың астында кетті. Көп ой іштегі шарана күйінде қалды. Олар енді қайтып тіріле қоймас. Қайран Аралым үшін мен сондай да шығынға бардым. Ортақұрсақ жүрсе де, өзін шығармашылыққа арнап, әдебиет, өнер жолдарында күндіз-түні алаңсыз бейнет кеше алған адамның бір бақыты артық-ау деп ойлаймын. Арал біздей байғұсты от пен суға салды.

Ал шын талант (біз соның санатынан табыла алсақ!) қай жерде жүрсе де, талант қой. «Прописка» дегеннің кей марапат-сияпатта Қожанасыр әпенденің ала шапаны сияқты ғана мәні болар… Орыс мәтелі «с любимым и в шалаше рай» дейді. Шығармашылық іңкәрлігі, Дон-Кихот айтпақшы, сені «жұлдыз жарығы, гүлдер иісімен тойындырып, самал желмен сусындатады». Жаныңның бір бөлшегіндей дүние сондай іңкәрлікте туады… Әйтсе де, көкке ұшып кете алмайтын социумның бір бөлігісің – адамға пенде жағдайы керек, тұрмыс халі мәнді… Сый-сияпаттар да тартымды… Әрине, аштан өліп, көштен қалып жатқан біз жоқ. Жан қалауы – еркіндікте, Арал жағасы, ел табиғатының аясында жүру бұйырды маған… Бір қарағанға, социум мәселелері, тәжікелі орталардан жырақтау жүру сияқты… Әрине, сонау «тәжікелі орталарда» өмір мүдделері, қоғам мәселелері, әріптестер жағдайы, одақ тағдыры үлкен тартыстарда шешіліп жатты. Ол күрделі коллизиялардағы жігіттер еңбегіне бас иемін. Ал өлі Арал ұлтаны да қыдырыстың жері емес…

– Елде жүрген жиырма жылға жуық уақытыңызды «Абыржы» трилогиясын жазуға арнадыңыз. Пішіні жағынан алсақ, үш кітаптан тұратын бұл романыңыз өзінің гибрид-болмысымен, соны да бөлекше сөз саптауымен, идеяны берудегі астарлы ишаратымен дараланып тұр. Бұл ұзақ жылғы ізденістің жемісі десек те, прозада мұншама сонылыққа жету оңай емес. Үлкен бір бағыттың басында тұрған «Абыржының» осынша сәтті бітіп, талғампаз оқырманның көңілінен шығуы үшін сізге композициялық жағынан ерекше пішін табу маңызды болды ма, әлде қалыпты прозалық схематизмнен қашып еркін баяндаудың үлгісін жасау ма?

– Апыр-ай, көркем әдебиет туралы түрлі іліми сөзден қашатын едім… «Схематизм» ең ұнатпайтын нәрсем ғой. «Композицияның ерекше пішімі» дегенің де сонан шыққан болар… Мені жазу процесінен гөрі жазу алдындағы ойлар көп қинайды. Ең бастысы, бұл дүниеде айтылатын сөз – таптаурын құла-торы баян емес, өкініштің, ай-қаптың, ашу-ызаның зығыр үні болуы керек дедім. Бір жағы өктемдік, бір жағы қорқақтықтың, немқұрайды бейтарап көңілдердің, бейшаралықтың құрбаны Арал алдымызда жатыр. Әлемде баламасы, мысалы сирек құбылыс. (Жалпы, біздің көп тағдырымыз осы тамырлы-ау). Соған қалай келу керек? Арал жағасында туса, Уильям Фолкнер, Гарсиа Маркес не дер еді, қалай ұқсатар еді мұны?..

Күндіз-түні, көптеген жыл бойы жанымды жай таптырмай қамшылаған сұрақтар осылар. Кітаптың алғашқы нұсқалары тіпті күрделі шықты. Қанша от кешсең де, әсте-әстеде, өз ортаңның ақиқатынан алыс кете бермеген дұрыс екен. Содан кітапты көп көшірдім, көп өңдедім. Соның өзінде күрделілігі әлі де көзге ұрып тұр. Тіпті, кітаптың техникалық әлпетінің өзі қалыпты қабылдауға қиындау. Бәрі сол алынған тақырыптың ауқымдылығынан, мәселенің салмағынан, міндеттің үлкендігінен, шамасы…

Жалпы, «Абыржының» өзім білетін болмыс-бітімін бір сұхбат, бір мақалада қамти айту қиындау. Соңғы 4-5 жыл талдауларында бұл бағытта бірсыпыра ой тарқатылды.

Мына әсірепрагматикалық заманда табаны күректей үшем-кітап жазу – өзіндік бір донкихоттық болды. Қайтейін, басқа амалға бара алмадым… Өзің айтпақшы, бұл жазған «үлкен бір бағыттың басында» тұрған дүние болса, шүкірден басқа не айтам? Мұның қай «измге» жататынын сейіс көздер өздері танып, айтар. Мен өзім бұл жағын айта алмаймын. Құдай бәлсінуден сақтасын!.. Осы күні әдебиет, өнерде «измдер» баршылық қой. Жалпы, уақыттың түрлі «измдерін» ескере отырып, жазушы өз дүниесінде өз «изімін» жасай алса кәне! Әдебиетте бір «Америка ашу» тіпті де мақсат емес, бірақ көкей сөзің өзіңе ғана тән өз соқпағыңда оқырман жаны мен санасына жетіп жатса, ел алдында да, уақыт алдында да Сенің Сөзіңнің айтылғаны. Еш заңға бас шұлғымай, бір туындыңның бітім-болмысында өзіндік заң жасау – намысты шығармашылық жолы сол.

Ал ойлы оқырман сенің «ойын» шартыңды түсініп, тіпті қызыға қабылдайтын сияқты. Ендеше сол оқырманды да күрделі ой-сана ағымына шақыру бір жақсы талап. Ұйқылы көңілдерді сергіту, сілкінту опалы тірлік… Мысалы, инквизиция мен күпірліктің жазасынан қашқақтап сөз саптауға мәжбүр болған ортағасырлық авторлардың көптеген жұмбақ-табиғат жазбалары, бүгін қарап отырсаңыз, тек қана сондайлық қорқыныштың амалы немесе оқырманды мәңгірте беру әрекеті емес. Ойлануға, терең пайым-анализдерге шақыру немесе адамды ой тәрбиесіне, танымдық, эстетикалық, этикалық биіктерге жетелеу әрекеті сияқты көрінеді маған. Классикалық өлмес жауһарлардың бір кереметі сондай қасиеттерінде болар…

Оқырманға өкпелеу деген болмайды. «Менің идеям керемет. Оны оқымаса, қойсын. Өзіммен бірге алып кетем» деген ой – әлсіздің қыжылы. Жазуға деген іңкәрлікте мұндай көңіл болмайды.

– Кейінгі кездегі шығармаларыңыз эссеистика бағытында жазылып келе жатқанын байқап жүрмін. Мәселен, енді шыққалы жатқан «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» кітабыңыз. Мұның біраз тараулары «Қазақ әдебиеті, «Ана тілі» газеттерінде соңғы 20 жыл бедерінде жарияланып келеді. Бұл қалыпты прозалық шаблондардан бас тарту ма, әлде ойды еркін болжамдармен берудің өзінше бір үлгісі ме?

– Жазу тірлігінің қызықтырып шақырар жолы көп. Сондықтан ба, жазушы-философ, жазушы-драматург деген ұғымдар қатарында жазушы-саясаткер, жазушы-тарихшы, жазушы-эколог, жазушы-саяхатшы деген сияқты анықтауыштар ешкімді таңғалдырмайды. Асылы, «үйкүшік» біреу болмаса, қаламгер көптеген құбылыстың өткір жүзінде жүреді. Бәлкім, ол нысанды мәселеге тым тереңдеп бара алмас (бұл енді таласты жайт), бірақ өз қиял-ізденістерінде көп жайтқа жол бастап ашады. Тарих мұны дәлелдеумен келеді.

Леонардо да Винчи феномені тек ренессанс құбылысы емес. Біз өзіміздің рухани-мәдени көкжиегімізді әуелі бірер ғасыр, сосын, «бес», «жеті» ғасыр, сосын түркі кезеңіне кеңейту үдерісін кібіртіктеп бастап, бүгін ары дамытушы жұртпыз. Буырқанған әлем ой мен қырды қалдырмай аударып жатыр. Сол ұлы ағынға неге ат қоспасқа?! Әсіресе, Ұлы Дала, Тұран сияқты әлемдік те, тарихи да феноменнің төрін иен жайлап жатқан жұрт болсақ! Керемет жаңалықтар, әлде сенсация биіктері шақырып тұр. Соларға өз жолдарымызды тарту керек. Тек мұндайда «еркіндіктің балалық ауруы» деген шетіндікке ұрынудан сақтасын!

Адамзаттың Қазық Жұрты – мына жатқан Қазықұрт, әлемдік философия атасы Заратуштра, Атажұрт-Ататілдің түбірлі тегі, әлем тілдеріндегі түркілік сарындар сияқты жайттар мені көп ойландырады, қызықтырып жүретін. Сол шақырулардан шыққан ойлар ғой. Шамамен 2000 жылдың орта шенінен бермен қарай орталық басылымдарда жарияланып келеді. Байқаймын, сондай сабақты-салмақты бағыттарда айтылып жүрген пікірлер осы күні баршылық. Қайсысының салмағы қаншалық, негізі қандай – салыстыра бағамдау көрсете жатар.

Әрине, бәрі де жазушының беймаза ізденісінің жемістері. «Жазушы» деген беймазаны бұл принципті мәселелерде ескертіңкіреп айтқан мақұл.

– Қаламгерлердің шығармашылық тағдырында қиянат-плагиат деген мысалдары кездеседі. Біреулер біреудің идеясын ұрлайды, кей шығармалардың қолжазбасы жоғалып кетіп, кейін оның басқа бір жақтан қылаң беруі байқалады немесе көп бейнеттен туған туындылар дер кезінде бағасын алмай, оның өңі өзгерген эпигондары өзге біреулердің жемісті-жеңісті еңбектеріне айналып жатады. Сіздің жолда ондай жағдайлар кездеспеді ме?

– Мына сұрағыңды ойлап қарасам, айтқаныңның барлығы да менің басымда болған жайттар сияқты. Ендеше сөздің орайы келгенде, ойдағыны айтып тастаған да дұрыс болар, бұл жайттарды үн-түнсіз арқалап кетуде не мәніс?.. Өзім де бұрыннан шет-пұшпағын естіп жүретін едім, Фариза апамыз Оңғарсынова өзі қатысқан соңғы жазушылар құрылтайында мені арнайы әңгімеге тартып, шамасы көкейде жүрген бір сырын айтты. «Сайлау, мен сырқаттанып жүрмін, мына бір жайтты өзіңе айтпай кеткенім дұрыс болмас: Қазақстан комсомолы мен «Жалын» альманағының сол бірінші бәйгесінде бар комиссия мүшесі сенің «Алыстағы аралдар» повесіңе бірінші орын беріп еді, ақсақалымыз Сапарғали Бегалин, жалғыз өзі, «бірінші орынды Т.Нұрмағанбетовтің «Қош бол, атасына» бермесеңдер, мен сендерге риза емеспін» деп «сақалын алға тартып» отырып алды. Амал жоқ, комиссия сол үлкеннің айтқанын істеуге мәжбүр болды. Жеңіс сенікі еді, бірақ нәтиже басқаша шықты, бұл шындықты біле жүргенің мақұл» деді. Мен апамызға рақмет айттым. Бұл туралы бір сыбыстар бұрыннан жететін, мен соны тіпті зерлеген емеспін, талай адал көңілдің бағын ашқан, 70-жылдардың «жыл келгендей жаңалығы» болған, Шерхан ағам айтпақшы, «сыбыр-сыпсыңсыз» өткен бәйгенің тазалығына, адалдығына сенімім кәміл еді. Әлі сол көңіл… Тек осы күні астаналар жақтан келетін телефон-хабарларда, әлемжеліде әдебиет саласында соңғы кезде болып жатқан дабыралы істерде сонау күмәнді «баспалдақтан» басталған қадамның біреулер үшін өмір дәстүрі ме, тәсілі ме болып кеткенін ишара еткен сөз көп. Әр істің негізі ойлантады… Иә, әркім әділет алдында жауапты. Оның нағыз сұрауы мүлдем басқа жақта болар…

Екінші: 1973 жылы Мәскеуге екі айлық іссапарға бардым. «Пионерская правда» газетінде маған қараған жұмыс та жоқ еді. Содан нағыз махаббат дегенді іздеген бір жас жігіт туралы повесті сонау Мәскеу-қалада бір демде жазып тастадым. Аты есімде жоқ. Жас жігіт нағыз махаббат іздеп, от пен су кешеді, тіпті сондай үміт ізінде сығандар арасына барады, бір өлімнен қалады… Повесть моралі былай болатын: нағыз үлкен махаббат, әйтеуір бір келеді, тек сен түңілме, адаспа, үмітіңді үзбе… Ол кезде қазіргідей компьютер деген жоқ, андағы машинкалардың бәрі орысша. Алматыға келгесін қолдан жазылған жалғыз дана дүниемді алып, «Жалын» альманағына жеттім. Проза бөлімінің бастығы Б.Нұржекеев еді. Жазушы сол жерде, «кассадан ұзамай» дегендей, сол шағын повесті бірден оқып шықты. Бұл ынталылықты мен түсінбедім… Сонымен, Аллаһу акбар, сол дүние солай кете барды, мен де сұрамадым, ол да жарық көрмеді, не бір хабары да келмеді. Ол кезде шамалы атақтың желімен желпініңкіреп жүрген аңғалдық бар еді. Шәмші ағамыздың «ертеңгісін үйден шыққанда, қолтығымда қыстырған бірнеше әнім болады, бірақ сонан кейде түске шейін «Лениншіл жасқа» жете алмай, әндерімнің де қайда қалғанын білмей жүремін» дейтін гәбі біздің де баста болып тұратын жайттар еді. (Сондай хабарсыз кеткен дүниелер есебін жүргізген емеспін). Сонымен, сол повесть бүгінге шейін мен үшін жұмбаққа жұтылған дүние. Бірақ бір жайтқа кейінірек мән бердім: көп ұзамай, сол 70-жылдардың орта шенінде Б.Нұржекеевтің «Бір ғана махаббат» атты кітабы шықты. Әлгі повесімнің аты сол емес пе еді деген ой жүрді біраз көңілімде. Кейін ол ой да ұмытылып кетті. Ол кісімен біз өмірде мүлдем қатысқан адамдар емеспіз… Ол автор содан бастап қазақ әдебиетіндегі махаббат-жетік авторға аталды…

Енді мына әдеби тірліктерде «Абыржы» сияқты етек-жеңі кеңдеу дүниеден де жырымшылау бар деседі. Соның бәрін аңдап-бағамдауға осы күні уақыт та жоқ…

Эпигон деген плагиаттың бір ұрқыны деп ойлаймын, былайша айтқанда, ол да бір өзінше «шеберлік мектебі» сияқты. Ол бүгін соншама қарабайыр емес, заманына сай – жетіліп, «қуланып» алған. Мысалы, сен бір заманда өз қанаңнан шыққан баланың таныс белгілерін өзгеден көріп тұрасың, бірақ ол солай деп дәлелдеу қиын. Мейлінше иленген (өңделген), «киіндірілген» бауыр етіңді өзімдікі деп айта да алмайсың. Даукес, рухани кембағал біреуге айналуың мүмкін. Мен ең жек көретін адами кінәраттың бірі бұл…

Сөз соңында бүгінгі қазақ прозасы туралы ойларыңызды білгіміз келеді. Қандай жас, жасамыс жазушылардың шығармаларын оқып, нендей пікір түйдіңіз? Әдебиеттің бүгінгі бағытында қандай да жетістіктер, соны бағыт, ерекше ізденістер көзіңізге түсті ме?

– Ізденістер бар. Жастардың көбінің аты есте қала бермейді… Бірақ көңіліңді елең еткізер соны дүниелер бірінші сөйлемінен-ақ көз тартып сала береді. Олар үшін қазір замана көктемі ғой. Көп мүмкіндік бар… Осы жерде, жас талапқа қатысты бір ойды орайлай кетейін: (көркем әдебиетке тікелей қатысы болмаса да, бейнелі мысал) атақты П.Пикассоның сурет салу үдерісімен танысу реті келді. Испандықтар зәңгі тұқымына әуес ел ғой, суретші, әуелі, он екі мүшесі түгел бұқаны бейнелейді. Портреттік шыншылдығы ренессанс жауһарынан бір де кем емес. Бірақ бірер апта өткенде, әлгінің бас-аяғы күзеліп, сол зәңгі түлігі кәдімгі инелікке ұқсай бастайды, ақыр соңында, әжептәуір бұқадан бір-жар сызықтар ғана қалады. Пикассо абстракциясына «жол осылай түседі». Мұның мән-моралі былай: болмысты портреттік қабылдау – примитив көзқарас, ал ойлы адам оның ең мәнді детальдарын ұғынып «ұстайды». Сөйткенде адам абстракциялы ойлау, биік рухани, интеллектуалды таным деңгейінде болмақ. Интеллектуалды кемелдікке шақырудың бір жолы осы іспетті. Адам жанын толғандыру, адамды ойландыру қай туындының да биік миссиясы… Жаңа шығармаларда кешегі қаз-қалпындағы баяндаулардан гөрі астар айтары терең, көкей ойдың көркем мәнділігін ұғыну бар. Жас авторлар жиірек баратын символизм осының бір көрінісі. Ойлылыққа шақыру, интеллект, эстетика дегдарлығы бүгінгі біз үшін ауадай қажет. Қарау бар да – көру бар, тыңдау бар да – есту бар, оқу бар да – тоқу бар… Соңғылары мәнді…

Қапелімде аты еске түспей тұрғаны болмаса, әдебиет жолында маңдайдан тер бұршақтатып жүрген бірталай іні-қарындас бар. Солардың арасында өзінің ізденісімен дараланып көзге түсіп жүрген Бегабат Ұзақов інімізді айта кету ләзім. Оның соңғы прозалық кітабындағы он бес әңгімесі қазақ өмірінің соңғы жарты ғасырын қамтып, біздің рухани әлемімізде болып жатқан жақсылық пен жамандықтың, аярлық пен адалдықтың, шынайы бәсеке мен көрсоқыр қызғаныштың егесіне сан тараптан назар аудартып, соның астарына үңілтеді. Ең бастысы, оның жазу тәсілі мен суреттеген өмір сыры өзгеше, соны. Тіпті, архетип кейіпкерлер жасаудың биігінен көрінген.

Ал «жасамыс» дегенің – қатарын мына біз де көбейтіп жүрген қарам болар? Аруақты аталар рухтарынан кешірім сұраймын, жаңа тарихымыздың көшін тарихи романдармен біраз қыр асырдық. Бірақ «жасамыстар» жаңа өмір шындығына көп тісі бата алмай жүр. Мәселе жаңа өмірдің артық-кемісінде емес, сол толқындар арасындағы адам жаны, адамдар тағдырында. Ал өз заманының сырын тамыршыдай тап басып, бүгінді өткенмен ас­тастырып тамаша туындылардың иесі атанған шеберлердің уақтысында лайық бағасын ала алмай қалуы да әділетсіздік. Әйтпесе, қазақ прозасында үлкен орны бар прозашы М.Қаназдың шығармашылығы туралы бірен-саран пікірлер болғанымен, әділ талдау жасалмай, сол күйінде арғы ғасырдан бергі ғасырға өтіп, кешеге дейін бағаланбай келуі өрескел кемшілік.

Біздің қатардан кеше өтіп кеткен М.Қабанбай, М.Асылғазин, Төлеухан (тегін ұмыттым), Қадырқұл (тегін ұмыттым), Ж.Кәттебеков сияқты феномендер – жанбай жатып сөнген жұлдыздар еді. Мен өзіндік өзгеше үні бар талант тобын айтып отырмын. Еңбегі еш бағаланбай кеткен Жанат Ахмадидің орны бір бөлек… Дей келгенде, әдебиет үшін төккен тер ешқашан далаға кеткен емес.

– Әңгімеңізге рақмет!

Ахмет Өмірзақ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<