«Саламатты Қазақстан» пойызы биыл 100 мыңнан астам адамға көмек көрсетті

193

0

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Бүгін «Саламатты Қазақстан» пойызы жұмысын аяқтайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Samruk-Kazyna trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева айтты.

— Әлеуметтік маңызды жобалардың бірі — «Саламатты Қазақстан» пойызы. Әлеуметтік жоба Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» қоры, Денсаулық сақтау министрлігі және «Әлеуметтік жобалар қорының» өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асты. Пойыз жұмысын 1 мамырда бастап, 8 ай ішінде 17 облысты аралады. Биыл медициналық пойыз жұмысын су тасқыны орын алған батыс өңірлерден бастап, Алматы облысында бүгін аяқтайды. Өткен жылы біз 121 станцияны қамтысақ, биыл 140 шалғай елді мекенде болдық, — деді ол.

Оның атап өтуінше, пойыз аралаған станцияларда және оның қасындағы ауылдарда ірі ауруханалар жоқ. Сондықтан биыл пойыз 21 мыңнан астам шақырым жол жүрді. Өткен жылы 18 мың шақырым еңсерілген болатын.

— Өткен жылы пойызда 35 маман қызмет атқарса, осы жолы 40 маман тартылды. Олар: түрлі бағыттағы дәрігерлер және медиатор мен заңгер. Мақсатымыз кем дегенде 100 мың халықты қамту болатын. Биыл бұл міндетімізді толығымен орындадық, — деді Альфия Адиева.

Еске салсақ, бұдан бұрын Алматы облысында дәрігерлер науқастың өт қабынан 111 тас алғаны хабарланды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<