Салық кодексі: Түсіндіру жұмыстары басталды

142

0

Елімізде «Салық кодексіне қол қойылғаннан кейін түсіндіру жұмыстары басталды. Алғашқы жария түсіндіру «Атамекен» ҰКП алаңында өтті. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Палата през­идиумының төрағасы Райым­бек Баталов салалық қауым­дастықтардың өкілдерімен офлайн және онлайн форматта өткен семинар-кеңес аясында кездесті.

Іс-шара барысында мемлекеттік орган­дардың өкілдері бизнеске жаңа Салық кодекс­інің негізгі нор­маларын түсіндірді. Қатысу­­шылар арасында машина жасау, фар­миндустрия, қо­ғам­дық тамақ­тану, бөлшек сауда, ден­саулық сақтау, салық кеңесшілері және басқа да бірлестіктер өкілдері бар.

Жаңа құжаттағы негізгі өз­герістер туралы хабардар етуден бас­қа, арнайы салық режимдеріне және салықтық әкім­шілендірудің жаңа тәсілдеріне ерекше назар аударылды.

Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты депар­таментінің дирек­торы Ерлан Са­ғына­ев жаңа кодексте арнаулы са­лық режимдерінің саны жетіден үш­ке дейін қысқартылғанын атап өтті:

«Өзін-өзі жұмыспен қамты­ған­дар үшін АСР-ды жеке кәсіп­кер болып табылмайтын, жұмыс­керлердің еңбегін пайдаланбайтын және осы АСР қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерін жүзеге асыр­майтын жеке тұлғалар қолдануға құқылы. Күнтізбелік айдағы табысы 300 АЕК-тен аспайтындар», – деді Е.Сағынаев.

Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дар ЖТС-дан босатылады және табысының 4% мөлшерінде өздері үшін әлеуметтік төлем ғана төлейді. Жеңілдетілген декларацияның жаңа режимінде ҚҚС пен әлеуметтік салықты төлемеу мүмкіндігі сақталады. Оны күнтізбелік жылдағы табысы 600 мың еселенген АЕК-тен (2,4 млрд теңге) аспайтын, жалдамалы жұ­мыскер санына шектеу жоқ және қызмет түрі тыйым салу түрлері тізбесіне ен­гізілмеген салық төлеушілер қолдануға құқылы.

Айта кетейік, енді жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру жұмысы басқа өңірлерде жалғасады.