Салық саласының майталманы

47

0

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Салық – мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен дамуының басты тіректерінің бірі. Ел бюджетінің қалыптасуы, әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуы, аймақтардың көркеюі тікелей осы саладағы жүйелі жұмыстарға байланысты. Осындай маңызды салада ұзақ жылдар бойы адал қызмет етіп келе жатқан маманның бірі – Гүлбану Смайлова.

Нақты кезеңде ол Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқар­масында бас маман. Өз ісіне жауап­кер­шілікпен қарайтын қаржыгер еңбекте тә­жірибе мен кәсібилікті ұштастыра отырып, әріптестерінің құрметіне бөленген.

Еңбек жолын облыстық ветери­нариялық лабораторияда экономист болып бастап, кейін Сырдария аудандық салық инспекциясында аға салық инспекторы қызметін атқарды. Мінезі орнықты жас маманның қабілетін байқаған басшылық оны облыстық салық комитетіне бас маман етіп қызметке алды. Осы жұмыста жүріп тәжірибе жинақтады.

Бас маманның адамдармен қарым-қатынас жасауы, т.б. көптеген адами қасиеттері көрініп, бөлім басшысы қыз­метіне жоғарылатылды.  Еңбек жолы осы­лай жалғасқан Гүлбану Смайлова кейін Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына ауысты. Осындағы есеп бөлімінің басшысы болды.

Бекболат есімді азаматпен бас қосып, отау құрады. Отбасын құру, оны берік сақтау, ұрпақ өсіріп, тәрбиелеу – аса маңызды міндет. Ынтымақты өмірдің арқасында дүниеге Айзат есімді перзент әкелді.

Саладағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Гүлбану Смайлова «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгісі­нің иегері атанды. Сондай-ақ ол Қаржы министрлігінің Алғыс хаттарымен және мерекелік медальдарымен марапатталған. Ұжым арасында сыйлы, өз ісінің білгірі атанған Г.Смайлова бүгінгі күні де қаржы саласының дамуына өз үлесін қосып келеді. Оның еңбек жолы – жас мамандарға үлгі, ал адал қызметі – көпшілікке өнеге.

 «СБ» ақпарат