2025 жылғы 4 қарашада Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясы аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры ұйымдастырған іс-шара өтті. Онда түркі өркениетінің терең тамырын және бай мәдениетін бейнелейтін бірқатар бірегей жобалардың тұсаукесері жасалды.
Шара барысында «Түркі әлемінің мәдени коды» атты түркі мәдени мұрасының каталогы және көптілді, көптомдық «Түркі фольклорлық мұрасы» антологиясы таныстырылды. Бұл жобалар «Түркі әлемінің келешегі – 2040» және «TURKTIME» стратегиялық құжаттарына сәйкес әзірленген.
Сонымен қатар, конференция аясында ЮНЕСКО-ның шешімімен 15 желтоқсан – Дүниежүзілік түркі тілі тобының күні (World Turkic Language Family Day) болып жариялануына арналған жиын ұйымдастырылды.
Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова іс-шараны ашып, ЮНЕСКО мен Өзбекстан тарапына көрсеткен қолдауы мен қонақжайлығы үшін алғыс білдірді. Ол сондай-ақ аталған жобаларды әзірлеуге атсалысқан ғалымдар мен сарапшылардың еңбегін жоғары бағалады.
Жоба кураторы Рустам Музафаров және өзбек ғалымы Жаббор Ешенқұлов сөз сөйлеп, ұсынылған еңбектердің түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтау мен насихаттаудағы маңызын атап өтті.
Іс-шараға Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары профессор Күршад Зорлы, Өзбекстан Ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдухалимов, сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғыз Республикасы және Венгрияның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілдері қатысты.
Жиынға әлемнің бірнеше елінен келген дипломаттар, халықаралық ұйым өкілдері, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері де қатысып, түркі мәдениетінің жаһандық деңгейде танылуына зор үлес қосқан бастамаларды жоғары бағалады.
Іс-шара этно-фольклорлық «TURAN» ансамблінің өнерімен қорытындыланды. Түркі мәдениетінің рухын дәріптеген топтың орындауы қатысушылар тарапынан үлкен қошеметке ие болды.





