Samsung Қазақстанда кір жуатын мәшине, теледидар шығаруы мүмкін

305

0

Фото: Pexels

Қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аталған компаниямен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы ведомство басшысы Қанат Шарлапаев мәлім етті.

«Елімізде тұрмыстық техника өндірісі 3,8 есе өсті. Айтар болсақ, Алматы қаласында Xiaomi теледидар құрастырып-шығару зауыты іске қосылды. Түркістанда коммерциялық тоңазытқыш құрастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics және Қытайдың HKC компанияларымен келіссөз жүріп жатыр», – деді Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында.

Үкімет отырысынан кейін өткен БАҚ өкілдері Samsung компаниясымен жүргізіліп жатқан келіссөзді тарқатып айтып беруін сұрады.

«Samsung компаниясы тарапынан қызығушылық бар, бірақ келісімнің қашан аяқталатыны белгісіз. Егер біздің жоспар орындалса, біз де Samsung тұрмыстық техникасын шығаратын боламыз, нақты айтқанда теледидар, кір жуу мәшинесі дегендей. Компания бізге келуі үшін құқықтық-нормативтік құжаттарды өзгертуіміз қажет», – деп жауап берді ведомство басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<