Сана сергімей, індет іркілмейді

873

0

Әлем елдерін әлекке салған «COVID-19» вирусы біздің мемлекетіміз үшін де қауіп тудыруда. Қатерлі індет облыс көлемінде ең алғаш 28 наурызда тіркелген болатын. Алғашқы кезде тұрғындар  аурудың бар екеніне сенбей, сақтық шараларына мән бермегенін білеміз.

Алайда қауіпті кесел өз дегенін істеді.  Бірлі-жарым болса да үздіксіз тіркелген ауру маусым, шілде айларында тіпті өршігені есімізде. Рес­публика көлемінде ахуал күрделенді. Осыған байланыс­ты қатаң карантиндік режим енгізіліп,   шектеу шаралары қабылданды. Тамыз айында ауру едәуір бәсеңдегенімен, қауіп сейілген жоқ еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күзде пандемияның екінші толқыны болады деген болжам айтты. Қазірдің өзінде тұрғындар пандемия жайлы өткен шақта айтып жүр. Бірақ індет қайта белең алуда. Еуропа елдерінде, көрші Ресейде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күн сайын артып отыр.

Біздің еліміздің солтүстік аймақтарында да эпидахуал тұрақ­сыздануда. Сон­­дықтан сақ­тық шараларын қатаң ұстанып, өз ден­саулығымызға өзіміз жауап­­кер­шілікпен қарауымыз керек. Облыста бүгінде індет жұқ­тырғандар саны 3249-ды құрайды. Оның 55,4 процентінде клиникалық белгілері бар болса, 44,6 процентінің клиникалық белгілері айқындалмаған. Ауру­ға шалдыққандардың басым көпшілігі – 20-29, 70-79 жас аралығындағы азаматтар. Бұл дегеніміз, карантиндік шектеу­лерге қарамастан, жастардың ойын-сауық басқосуларының жал­ғасып, үлкен кісілердің ас беру, үй жағдайында той, жиын­дарға баруының тыйыл­ма­ғанын көрсетеді. Осындай жиын­дар­ды болдырмау, алдын алу мақсатында облыста құрылған мониторингтік топ бүгінге дейін 3000-ға жуық тексеру ұйымдастырып, 629 азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.

Мәселен, төтенше жағдай жарияланған 16 наурыз – 11 мамыр аралығында 229 ауру тіркелсе, төтенше жағдай алын­ғаннан кейін, яғни, 12 мамыр – 5 шілде аралығында ауруға шалдыққандар саны 1179-ға дейін өсті. Бұл –  эпидемиологиялық ахуал тұрғындардың іс-қимы­лымен тікелей байланыс­ты екенінің тағы бір дәлелі. «Сақтансаң сақтаймын» демек­ші, ендеше пандемияның болжамды екінші толқынын болдырмау  өзімізге байланысты екенін ескеруіміз қажет. Осы орайда саулығымызға салғырт қара­май, сақтық шараларын қатаң орындауға шақырамын.

Әлия ЫДЫРЫСОВА,

облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім

басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<