Содан бері бүкіл қазақ елінің шежіресімен біте қайнасып келе жатқан қаламыз бірнеше тарихи кезеңдерді еңсерді. Астана кезеңі, уезд орталығы, облыс орталығы, өлкелік партия жүйесі кезіндегі, Тәуелсіздік кезіндегі облыстың бас қаласы ретінде қаламыз әр кезеңнің өзіндік ерекшеліктері мен тағылым берер даму жолдарынан өтіп келеді.
Тәуелсіздік кезеңінде облыс орталығы ретіндегі өңіріміздің дамуындағы орнын айшықтай түскен жұмыстардың басында болған ел ағалары ортамызда жүр.
Осы кезеңдердің бәрінде Қызылорда қала ретінде Ұлы даламызда қала мәдениетін дамытуда мәнді де маңызды роль атқарды. Қаламыздың мәдени динамикасын түсіну үшін оның тарихи дамуына көз жүгірту керек. Қызылорданың астаналық кезеңінен мемлекет құрылысының, сонау Қаңлы, Оғыз мемлекеттерінен бастау алатын Сыр өңіріндегі қала мәдениетінің іргетасы қаланды. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси-экономикалық реформалар негізінде демократиялық қағидаттар күш алып, басқаруда «жылымық» қалыптасып, жасаймын деген басшыларға орталықтан қолдау күшейді. Соның бірден-бір дәлелі – «постқаңтар» кезеңіндегі Сыр өңірінің серпінді дамуға қол жеткізуі. Менің айтпағым, осы кезеңдегі қала мәдениетінің өңірімізде жаңа кезеңге көтерілуі туралы болмақ.
Қала мәдениеті – қоғам дамуының айнасы, оның рухани және әлеуметтік бейнесін анықтайтын маңызды фактор. Қала кеңістігі тек физикалық құрылым емес, ол – адамдардың арасындағы қарым-қатынас, өмір салты, құндылықтар мен эстетикалық талғамдар тоғысқан орта. Жалпы «мәдениет» сөзі көне заманда «жерді өңдеу» сөзінен шыққан. Кейіндеу «жанды жетілдіру» деген ұғымға ауыса бастады. Уақыт өте келе, бұл атау «бірлесе өмір», «білім беру», «даму», «қабілеттілік», «құрметтеу» деген мағыналарға ие болуда. Деректерге сүйенсек, жалпы мәдениет қазақ тіліне арабтың «мадават» қала, қалалық деген сөзден енген.
«Мәдениет» түсінігінде адамдар еңбегінің, оның адамдардың іс-әрекетімен байланыстылығы, қызметі мен бірлігі айқындалады, яғни мәдениет адамдар жасаған «екінші табиғат» деген де түсінік бар. Мәдениеттің оның ішінде, қала мәдениетінің әсерімен қоғам ілгері жылжиды. Қала мәдениетін көтеру арқылы тұрғындар бойында еркіндікті сыйлау, жауапкершілікті бірлесе көтере білу, адамгершілік қасиеттерді құрметтеуді жаңаша түсіне аламыз. Өркениетті елдерде қала мәдениеті «адамға жайлы орта» қағидасына сүйенеді: экология, қоғамдық кеңістік, мәдени және цифрлық инклюзия барлығы үйлесім табады. Мысалы, Скандинавия елдері адамның тыныс алуына, табиғатпен үйлесімді өмір сүруіне басымдық береді. Жапония тәртіп пен қоғамдық этикеттің үлгісін жоғары қояды. Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Вьетнам, т.б. «Смарт қалаға» көп көңіл бөлуде. Америка, Еуропаның көп елдері «қалалық бақтар» қозғалысын өркендетуде. Әлемдік қала мәдениеті келесідей тенденцияларды алдыңғы қатарға шығаруда: жасыл урбанизация, цифрлық урбанизация, адамға бағытталған қала, креативті индустриялар мен мәдени туризм, қоғамдық жауапкершілік пен этика.
Осы сөздеріміздің біршамасын Сыр өңіріндегі ауқымды жобалардың іске асуымен дәлелдей аламыз. Өңірімізді жандандыру процесінде облыс басшысы, Президентіміздің «облыс орталықтары өз өңірлерінің өсімінің өзегі болуға тиіс», – деген көзқарасына сүйенді.
Облыс басшысы Нұрлыбек Машбекұлы өңірді дамытуда жан-жақты ойластырылып, мұқият жүргізілетін бағыттарды анықтауға қатты көңіл бөлді, жобалаушылардан қатаң талап етті. Өткеннің жетістіктеріне құрметпен қарап, көп нәрсені жете зерделеу керектігі басты ұстаным болды. Барлық нысандардың сәулетін салыстыра қарау қоғамдық санада серпіліс туғызды. Ескінің бәрі жаман емес, бірақ оларды тұрғындардың қалауына сәйкес жаңғырту оңай шаруа емес.
Осы бағыттағы негізінен басымдықта болған тенденцияларға назар аударуымыз маңызды.
Біріншіден, облыстағы тұрғын үй бағдарламалары, қолжетімді қоғамдық кеңістіктер мен инфрақұрылымдар адамдардың өмір сүру деңгейі мен мүмкіндіктерін теңестіруге бағытталды. Кейінгі үш жылда 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Аудандарда инфрақұрылымы қала үйлеріне барынша теңестірілген бір жарым мың пәтер тұрғындарға берілді. Өңірдегі әлеуметтік, білім, денсаулық, спорт, мәдени, әлеуметтік қорғау нысандарының тұрғындарға қолжетімділігі артты. Қаншама парктер мен скверлер, алаңдар салынды, қайта жөндеуден өтті. Жаңадан ТЭЦ салынды, ыстық су берілуде.
Екіншіден, тұрғындардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүруде. Цифрлық жаңа технологияларды пайдалану арқылы қалада, барлық аудандарда шұғыл басқару орталықтары өз жұмысын бастады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың психоэмоционалдық жайлылығына әсер етуде.
Үшіншіден, өңірімізде жер мен уақытты және қаржыны тиімді пайдалану мақсатында көпфункционалды нысандар салынуда. Мысалы, жақында ашылған стадионда 20 мың шаршы метрді қамтитын аумақта оннан астам олимпиадалық спорт түрінен секциялар жұмыс жасайды. Кенттер мен ауылдардағы спорт кешендері де бірнеше спорт түрлеріне ыңғайластырылған. «Руханият орталығы» бүгінге дейінгі өзекті мәселелерді бірден шешуге мүмкіндік берді. «Оқушылар сарайлары» мен шығармашылық-инновациялық академиясы жиырмаға жуық үйірмені қамтып отыр. Мәдениет үйлері «Адал адам» мәдени-тәрбие орталықтары ретінде қайта құрылды. «Өнер орталығы», музыкалық колледж, «Отбасы орталығы», «Анаға тағзым» орталықтары да бірнеше функцияларды атқаруда.
Төртіншіден, қала және елді мекендердегі жаяу жүргіншілерге арналған кеңістіктердің кеңеюі көлік қозғалысын реттеуге, экожүйені жақсартуға, адамдардың денсаулығына көмектеседі. Бұл тұрғыда жаңадан ашылған жайлы веложолдар, түзу тротуарлар, сәнді скверлер мен ашық аллеяларға көпшілік куә. Қалааралық көлік қатынасы реттестірілді. Жаңа әуежай, автовокзал салынды, барлық теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден өтуде. Бірнешеуі қайта салынуда. Қала ішіндегі қөлік қатынасы шешілді. Экотакси келді. Жасыл урбанизация аясында қайта өңдеу зауыты салынуда. Осындай тағы басқа да ойластырылған жұмыстар нәтижесінде қоғамдық санамыздың деңгейі көтерілуде. Тұрғындардың қолдауы артып келеді. Дегенмен, ақыл қосып, пікірталас кезінде жеке адамнан гөрі көпшілік жақсы, ал іс-қимыл, шешім қабылдауда топқа қарағанда даралық тиімді. Адамдардың ортақ шешім қабылдауына қатысуы өте тартымды көрінгенімен, оны күш-жігер жұмсауға тұрарлық етіп жұмыс істетуге мәжбүрлеу қажеттігін түсіну қиын. Осы ретте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының біріктіру факторына назар аударуымыз керек. Ал саналы тәртіп мәдениетке айналады. Бұл арқылы біз тазалыққа үйренудеміз, үйретудеміз. Сыр өңіріне келген қонақтардың барлығы бірлесіп жасаған тазалығымызға риза болуда, басқаға үлгі қылуда. Оның нақты бір дәлелі, биыл шілде айында Үкімет мүшелері, халықаралық сарапшылар қатысқан Қазақстанның Ұлттық урбан форумының бізде өтуі.
Қала мәдениетінің қазіргі тенденциясының басты факторы, әр тұрғынның ортақ кеңістікке ұмытылысына яғни, қоғамдық жауапкершілігі пен этикасына байланысты. Өркениетті қаланың басты көрсеткіші – адам мәдениеті. Өңіріміздің әлеуметтік-мәдени динамикасы осыны көрсетуде. Бүгінде Қызылорда қаласы – аймақтың мәдени орталығы, дәстүр мен жаңашылдықты қатар ұстанған заманауи кеңістік.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты





