Санақ саланың дамуына дем береді

254

0

Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Қайрат Әбсұлтановпен сұхбат.

– Қайрат Байғабылұлы, биыл өткізілуі тиіс ауыл шаруа­шы­лығы санағы туралы толы­ғырақ білсек…

– Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің тапсырмасы мен Қазақстан Республикасы Үкіме­ті­нің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы «Ұлттық ауыл шаруашылығы са­нағын өткізу туралы» №1248 қау­лысы негізінде аймағымызда Ұлттық ауыл шаруашылығы сана­ғы 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында өтеді деп жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы санағы – еліміздің аграрлық секторын зерт­теп, осы саладағы негізгі мә­се­лелерді анықтауға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық шара. Саланың құрылымы, ре­сурс­тары және жағдайы нақты ба­ғаланып, еліміздің аграрлық бола­шағына үлкен септігін тигізеді.

– Санақта шаруашылықпен айналысатын қандай топтар қамтылады?

– Ауыл шаруашылығы сана­ғына мал шаруашылығы, өсімдік  және балық шаруашылығы сала­сын­да қызмет жасайтын 11 мыңға жуық шаруа немесе фермер қожа­лықтары, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қатысады. Сондай-ақ 89 мыңнан аса жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар және мал ұстайтын (бақшасы бар, өздері үшін төрт түлік ұстайтын, құс өсіретіндер) үй шаруашылықтары да қамтылады. 

– Санақтың өту тәртібіне тоқталып өтсеңіз…

– Санақ екі кезеңнен тұра­ды. Бірінші кезең – онлайн сауал­нама, 2025 жылдың 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz порта­лында өтеді. Сауалнама кезеңінде заңды тұлғалар, фермерлер, же­ке кәсіпкерлер және басқа да ауыл шаруашылығы саласымен айна­лы­сатын кәсіпорындар сауална­ма­ны өз бетінше онлайн режимінде санақтың сауалдарына жауап беру арқылы тапсыра алады. Он­лайн сауалнама жинақтау жұ­мыс­­та­ры­ның тиімділігін және де­рек­тер­дің сапасын арттыруға мүм­кін­дік береді.

Екінші кезең – 2025 жылдың 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында интервьюерлердің жаппай үй ша­руашылықтарын аралау арқылы сауалнама жүргізуімен жүзеге асы­­рылады. Бұл кезеңде онлайн са­уалнаманы толтырмаған  ауыл тұрғындары мен фермерлерге де сауалнама жүргізіледі.

Сондай-ақ онлайн сауалнаманы толтыру кезінде сұрақтар туындаса, sanaq-Myrza деп аталатын вир­туалды көмекші арқылы жауап алу­ға болады. Сонымен қатар, 1446 нөмірі бойынша біздің байланыс орталығына хабарласа алады. Бай­ланыс орталығы сауалнамаға қа­тысты барлық сұрақтарға жауап беруге дайын.

– Санақ жұмыстарына кімдер тартылады?

– Санақ жұмыстарына жалпы 240-қа тарта нұсқаушы мен ин­тер­вьюер уақытша жұмысқа тар­тылады. Ауыл шаруашылығы са­­нағының символикасы бар бейс­болка, жамылғысы, портфель және QR коды бар куәлік болады. Бұл QR код арқылы  интервьюердің ресми қызметкер екенін тексеруге мүмкіндік береді.

– Санақтан қандай нәти­же­лер күтуге болады?

– Ауыл шаруашылығы сана­ғы – аграрлық сектордың жай-күйі туралы шынайы және жан-жақ­ты ақпараттың негізгі көзі. Ол егін алқаптары, мал басы, ша­руа­­шылықтардың құрылымы, ма­те­риал­­дық-техникалық жарақ­тан­дыру деңгейі, еңбек ресурстары ту­ралы деректерді ұсынады, бұл аг­рарлық сектордың әлеуетін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Санақ нәтижелері мемлекеттік ре­сурстарды тиімді бөлу және тұ­рақты агроөнеркәсіптік саясатын қалыптастыру мақсатында маңыз­ды шешімдерді қабылдау үшін қажет.

– Санақтың қорытынды мә­ліметтері қашан жарияланады?    

– Іс-шаралар жоспарына сәйкес санақтың қысқаша қорытын­ды­лары 2025 жылдың желтоқса­нын­да жоспарланған. Ал толық қоры­тынды мәліметтері 2026 жылы Ұлт­тық статистика бюросының сай­тында көпшілікке ұсынылатын болады.

– Сөз соңында оқырмаңдарға айтар ұсыныс-пікіріңіз болса…

– Азаматтардың белсенділігі мен шынайы жауаптары – сапалы деректер алудың негізі. Сондықтан шынайы әрі нақты ақпарат елі­міздің аграрлық секторын дамы­туға зор ықпал ететіні сөзсіз. Бар­лық аза­маттарды стратегиялық ма­ңызы зор шараға белсенді түрде қа­тысуға шақырамын.

Әңгімелескен

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»