Сапа қайтсе жақсарады?

500

0

Жол сапасы туралы айтыла бастаса зар илейміз. Елімізде жалпы ұзындығы 96 мың шақырым болатын автожол бар. Соның 24 мыңы – республикалық, 71 мыңы жергілікті маңызға ие. Бірақ қай өңірдің жолы туралы айтсаң да қолыңа ілінер ілік көп. Өңірлер арасын жалғайтын жолдарды былай қойғанда, алақандай қала ішіндегі жолдардың өзі жыл сайын сүріліп, жыл сайын төселіп жатады. Егер көлік бөлшектері базарында сеңдей соғылысып бөлшек іздеген жүргізушілерді көрсеңіз, онда оның көлігінің бұзылу себебінде Қазақстан жолдарының үлесі аса мол деп білгейсіз.

Біздің шенділерде Президент айтпаса қозғала қоймайтын жаман бір әдет бар. Егер әлдебір проблемаға Мемлекет басшысы назар аудармаса, демек ол проблемаға біздің де назар аударуымыз қажетсіз деп ұғынатын сияқты…

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Жол сапасы мүлде сын көтермейді. Үкіметке «ҚазАвтоЖол» мен «Қазақ­автодорды» біріктіріп, бірыңғай автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде, қызметкер саны да қысқарады», деген еді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, жол құрылысының сапасын жақсарту үшін министрлік жүйелі шаралар мен жаңа тәсілдерді әзірлеп жатыр. Ең бірінші кезекте, кепілдік мерзімінде ақаулар пайда болған жағдайда техникалық, авторлық қадағалау және тапсырыс берушінің жауапкершілігін күшейту көзделеді. Одан соң әлемнің 100-ден астам елінде қолданылатын ФИДИК элементтерін (мердігер, тапсырыс беруші және инженер арасындағы өзара қарым-қатынас) енгізу арқылы толық аяқталған схема бойынша EPC келісімшарттарын енгізу (жобалау, пайдалану және құрылыс) жоспарланған.

Үшінші міндет – жаңа технологияларды енгізу және кадрларды даярлау.

«Бұдан басқа, сапаны қамтамасыз ету және жергілікті атқарушы органдарға қаржылық тәуелділікті жою үшін «Көлік туралы» заң жобасының шеңберінде бірыңғай шартқа қол қою тетігі уәкілетті органмен және Сапа орталығымен пысықталатын болады. Бұл шартқа қарамастан әкімдіктердің атына ескертулер беруге және олардың міндетті түрде орындалуын талап етуге мүмкіндік береді. Биыл жергілікті жолдардың сапасына бақылау жүргізу барысында 9 мыңға жуық сынама алынды, олардың 2,5 мың сынамасы немесе 28%-ы талаптарға сәйкес келмейді», делінген министрлік хабарламасында.

Ескертулерге қарамастан, тапсырыс берушілер объектілерді қабылдап жіберген. Мұның соңы кей өңірде қылмыстық істің қозғалуына (Ақтөбе облысында, Шымкентте) әкеліп соқтырып жатыр.

«Сонымен қатар қаржыландыруды тепе-тең бөлу мәселесі өзекті болып отыр. Міндеттемелерге қарамастан жекелеген облыстар бұл талаптарды сақтамайды (Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары). Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасына қарамастан, Батыс Қазақстан облысында жергілікті жолдарды дамыту қарқыны төмен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша республиканың орташа көрсеткіші 80% бола тұра өңірдегі жолдардың нормативтік жай-күйі 39%-ды құрады», дейді ведомство.

egemen.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<