Елімізде «Жол активтерінің ұлтық сапа орталығы» деп аталатын құзырлы мекеме бар. Орталық 6 жыл бұрын Президент Жолдауынан соң жұмысын бастады. Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев республикадағы жолдардың сын көтермейтінін, сапасыз һәм жүрдім-бардым салынатынын қатаң ескерткен еді. Осыдан кейін жауапты сала етек-жеңін жинай бастады.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» кәсіпорнының негізгі міндеті – республика аумағында салынып немесе жөнделіп, жаңартудан өткен автожолдар сапасын сараптау. Жол қалай салынды, қалыңдығы, ұзындығы мен ені құжат бойынша сәйкес пе, асфальт құрамы, битум сапасы, бәрін-бәрін арнайы зертханада анықтап, қорытындысын береді. Аталған мекеменің біздің облыста филиалы бар.
– «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстағы филиалы жыл басынан бері өңірдегі 123 жол нысанына сараптама жүргізді. Филиал мамандары 935 рет жолға шығып, зерттеу жасады. Алынған 3141 сынаманың 966-сы нормативке сәйкес келмеді. Оның 358-і қайта қалпына келтірілді. Республикалық желі бойынша 11 нысанға біздің қызметкерлер зерттеу жасаған, алынған 1049 сынаманың 345-і нормативке сәйкес келмеген. Қазір 241 сынама қайта қалпына келді, – дейді облыстық филиал директоры Нұрбол Абызбаев.
Басшының айтуынша, жергілікті жолдарда тексерілген 112 нысандағы 2092 сынаманың 621-і сапаға сай емес. Қазір мұның 117-сі қайта жөнделіп, сапасы талапқа сай дұрысталған.
Биыл «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» («Қызылорда-Жезқазған» автобанының өңірдегі шекарасы) және облыс орталығындағы бірқатар жол құрылысы бітіп, ел игілігіне пайдалануға берілгені белгілі.
– Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін, яғни Тәуелсіздікке 25 жыл көшесі бойына автомобиль жолын салғанда біздің филиал қызметкерлері 22 рет тексеріс жүргізді, 57 сынама алынды. Соның 19-нан түрлі кемшілік табылды. Бұдан басқа, жол салу кезінде бір ақау болған. Ол да жөнделді. Ал «Қызылорда-Жезқазған» жолының біздегі бөлігінде 88 рет тексеру жұмысы жүрді. Алынған 611 сынаманың 9-ы белгіленген нормативке сәйкес емес. 8 ақау тіркеліп, оның алтауы дұрысталды, – дейді филиалдың сапа бөлімінің басшысы Ержан Усманов.
Ел дамуындағы басты міндеттердің бірі – жол инфрақұрылымын дамыту. Президент айтқандай, 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту басты назарда тұру тиіс. Республикалық ғана емес, ауыл-аймақтағы автожолдардың өзі тақтайдай тегіс, сапалы салынуы қажет. Жылдан-жылға жол құрылысына бақылаудың күшеюі осының нақты дәлеліндей.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





