Сапарбаев көпбалалы отбасыларға қандай көмек көрсетілетінін айтты

196

0

 Аз қамтылған және көпбалалы отбасындағы әр балаға 20 мың теңге беру туралы тапсырма наурызда Парламентте қаралады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қаладағы және ауылдардағы көпбалалы отбасыларға қандай көмек көрсетілетінін айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 
Министрдің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін көтеріледі.  Сондай-ақ, министрдің сөзіне қарағанда, аз қамтылған отбасынан шыққан балалар 18 жасқа толғанға дейін және оқу оқыған жағдайда 23 жасқа дейін оларға ай сайын кепілді көмек ретінде 20 789 теңге беріледі. Бұл қазіргі уақытта беріліп жатқан төлемді орташа есеппен 40 пайызға дейін жоғарылатады. «Осыған дейін бұл төлемді 571 мың бала алып отырса, қазір оны 830 мыңнан аса адам алып отыр. Наурызда заңнамалық өзгерістер енгізіліп, ол Республикалық бюджеттік комиссияда қаралады», – деді министр. 
Сондай-ақ, Сапарбаев мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға да көмек берілетінін айтып өтті. «Жәрдемақыны 31,1 мың теңгеден 41,6 мың теңгеге өсіреміз. Мүгедек баланың күтіміне және 18 жастан асқан бірінші топтағы мүгедек балаларды асырап отырған 100 мың адамға берілетін жәрдемақы өседі. (…)», – деді министр. Еске салайық, мұның алдында Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасылардағы әр балаға минимал төлемді 21 мың теңге сомасында бекітуді тапсырған болатын. «Қазіргі уақытта арнаулы әлеуметтік көмекті мемлекеттен 111 мың отбасы алып жатыр. Үкіметке мұндай отбасыларға көрсетілетін көмектің талаптарын күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін көтеруді тапсырамын. Көпбалалы отбасылардағы әр балаға берілетін төлемнің минималдық көрсеткіші 21 мың теңге болсын. Оның үстіне, оны алу үшін әркімнің босағасын жағаламау үшін әлеуметтік көмек көрсету процедурасын барынша жеңілдету керек», – деген еді Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде.

Дереккөз: tengrinews.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<