Еуропада қалыпты жағдай болып есептелетін «Өмірді сақтандыру» дейтін ұғым бар. Бұл – қазақ қоғамына әзірге таңсық. Көзқарас мүлде басқаша. Көліктің өзін сақтандыруға мойны жар бермейтін ағайынға «өмірді сақтандыру» туралы айтса, мойнын қиқаң еткізер. Алда не күтіп тұрғаны немесе әлдебір оқыс оқиға орын алса, мұның үлкен көмегі барын сөз етсеңіз де жүре тыңдар. Тіптен болмаса айтқан түсіндірме жұмыстарыңызға бас изей отырып, «Құдай сақтасын» дейтініне де шүбә жоқ. Міне, сізге сақтандыру!
Біз мойындамасақ та расымен өмірде түрлі жағдай көп. Артынша тығырыққа тірелген адам басына сан қилы сұрақ та әуес келеді. Мұндай қысылтаяңда кім қаржылай қолдау көрсетеді?
Денсаулығымды қандай қаржыға жақсартамын? Балаларымның біліміне ақшаны қайдан аламын? Зейнеткерлік жасқа толып, жұмыссыз қалғанда артық ақшасыз қалай өмір сүремін? Осылай жалғаса береді…
«Бұған негізгі жауап – өмірді сақтандыру полисін ашу. Адамның өмірі мен денсаулығымен қоса, отбасымыздағы тыныштық пен бірлік, балаларымыздың болашағы бәрімізді алаңдатады.
Ал өмірден өтіп кеткенде береке бұзылып, баламыз білімсіз қалмасын, қол жайып, әркімге бір жалтақтап қалмасын десек, қазірден ойланып, қаржы жинауымыз керек.
Сақтандыру бағдарламалары – жақсы құрал. Оның артықшылығы көп.
Мысалы, өмірі сақтандырылған адам дүниеден өтіп кетсе, сақтандыру компаниясы оның пайдаланушысына жинап үлгерген сомасын бермейді, жинақтау мерзімі ішінде жинауы керек соманы береді.
Айталық, клиент кеше ғана 10 жылға айына 20 мың теңге салып отыратын шарт жасап, бүгін қайтыс болып кетті делік. Осы сәтте оның мұрагері 20 мың теңге емес, шамамен 2 млн теңгеден аса төлем алады», дейді «Halyk-Life» АҚ Басқарма төрайымы Жанар Жұбаниязова.
Жоғарыда айтқандай, шетелдерде өз өмірін сақтандыратындардың қатары қалың. Тіпті кейбір мемлекеттерде бұл үрдіс міндеттелген. Ал біздің елімізде өз өмірін сақтандырушылардың саны мүлде аз. Пайызбен көрсетсек, 1% аспайды. Оның өзі ерікті түрде.
Отандастарымыздың өз өмірін сақтандыруға кедергі болып отырған басты факторлар неде? Біріншіден, сенімсіздік. Екіншіден, дәл осы жүйе туралы ақпарат тым аз. Дұрысы, насихаты төмен. Оның үстіне адамдарда «маған ештеңе болмайды» деген түсінік кеңінен таралған. Соңғысы – әлеуметтік жағдай. Тұрмыстағы жетіспеушілік.
Бүгінде елімізде 9 өмірді сақтандыру компаниясы жұмыс істейтін көрінеді. Әр компанияға тән өз ерекшеліктері және бағдарламалары бар. Соның бірі – Қазақстанның Халық Банкінің өмірді сақтандыру бойынша еншілес компаниясы – «Halyk-Life» АҚ 2005 жылы құрылыпты.
Компания елдегі сақтандыру сыйақыларының көлемі бойынша және «өмір сақтандыру» қаржылық көрсеткіштері бойынша көшбасшы болып отыр.
2006 жылы өмір сақтандыру лицензиясын алған. Сондай-ақ аталған компания «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының» мүшесі болып табылады.
«Бізде сақтандыруға қатысты бағдарламалар өте көп. Олар өзінің қамтамасыз ететін қорғаныс түрлеріне қарай бөлінеді.
Шарттары икемді, әр адам өзі сақтандыру мерзімін, қорғаныс түрлерін, мысалы, дене жарақатынан, ауыр аурулардан бастап өмірден өтіп кетуге дейін өз мақсаты мен қаржылай мүмкіндігіне қарай салым көлемін өзі таңдайды. Мақсаты да әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, баланың оқуына қаржы жинау.
Сонымен қатар, бір шарт аясында тек өзіңді ғана емес, жақындарыңды да сақтандыруға болады.
Шарт барысында клиент пайдаланушыны, яғни мұрагерді өзі белгілейді және тек сол адамға ол тиесілі болады.
Сақтандыру жағдайы орын алғанда төлемді пайдаланушы кәмелеттік жасқа толғанда ала ма немесе заңды өкілі-қамқоршысы ала ма, бәрін өзі таңдап, соған сай компания төлем жасайды», дейді «Halyk-Life» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Андрей Джексембаев.
Оның айтуынша, «Halyk-Life» АҚ ақша құйып отырған клиентке қосымша сыйақы қарастырылған әрі әр бағдарлама бойынша өз көлемі бекітілген.
Одан бөлек, дивиденттерімен жыл сайын бөлісіп отырады. Мемлекеттік сыйақы беретін бағдарлама да бар.
Айталық, «Bilim-life» – балаларыңызға білім берудің сенімді қаржылық негізін қамтамасыз етуге көмектесетін бағдарлама.
Бұл бағдарламамен компания жылына 8% сыйақы беріп отырады. Бала мектеп бітірген соң грантқа түспей қалса, осы жинаған ақшамен оқу ақысын төлей алады.
Егер грантқа түсіп кетсе, шартты келесі баласына рәсімдеуге немесе жинаған ақшасын сыйақымен шешіп алуға болады.
Жинақ ақшасына анасының немесе әкесінің өмірі мен денсаулығын да сақтандыруға болады.
Сондай-ақ ата-ана өмірден өтіп кетсе немесе І, ІІ топтағы мүгедектікті алса, компания ата-анасы үшін балаға жинақ жасайды.
Соның арқасында бала қаржылай қамтамасыз етіледі деген сөз.
Тағы бір жаңалық, «Halyk-Life» АҚ сақтандырылған балаларға жарақат алған жағдайда қомақты қаржы төлейді.
Бұл «Балам» атты жаңа сақтандыру бағдарламасы арқылы іске асады. Бағдарлама баланың жарақаттануынан кейін болатын ем-дом, күтім шығындарын 1 миллион теңгеге дейін өтей алады.
«Біз ерекше назар аударуды қажет ететін мәселенің бірі – балалардың жарақаттануы. Олар ойын барысында немесе басқа әрекет кезінде түрлі жарақат алып жатады емес пе?
Бұл бала денсаулығына зақым келтіріп қана қоймай, эмоциялық жағынан да әсер етеді. Ал жарақаттардың негізгі себептері жол-көлік апаттары, балалар алаңында орын алатын оқыс жағдайлар, үйде, суда және спортпен шұғылданудан шығады.
Біздің компанияның «Балам» атты сақтандыру бағдарламасы – бала жарақат алған жағдайда сапалы медициналық көмек, күтім мен сауықтыруға қажетті қаржылық көмек алуын қамтамасыз ететін ерікті сақтандыру полисі.
Бұл полисті кез келген ата-ана HalykLife мобильді қосымшасында рәсімдей алады. Төлемдер 3 жұмыс күн ішінде төленеді», дейді Андрей Джексембаев.
Андрейдің айтуынша, «Балам» сақтандыру бағдарламасының артықшылығы – баланы туғанынан бастап 18 жасына дейін сақтандыра аласыз.
Сақтандыру сомасы 1 миллион теңгеге дейін болатын қорғаныс бағдарламасы жыл бойы әрі 24 сағат дүниенің әр түкпірінде қызмет етеді.
«Жалпы алған жарақатының нәтижесінде баланы ауруханаға жатқызамыз. Өзіңіз білесіз, бауыр етіміз саналатын олар табиғатынан белсенді, әр нәрсеге әуестенгіш. Дүниені тануға, әр жаратылысқа қызыққыш олар оқыс жағдайда жарақаттанып, аяқ-қолын шығарып не сындырып алып жатады. Балалардың «ойындарының» салдары отбасылық бюджетке едәуір әсер ететіні белгілі. Қаржыңыз жетпей қалуы мүмкін. Сол себепті балаларыңызды сақтандырғаныңыз абзал. Дұрысы, әрбір ата-ананың басты міндеті – баласын жақсы көріп қана қоймай, осындай жарақаттардан қаржылай сақтайтын полис ашу», дейді бұған қосымша компанияның Басқарма төрайымы Жанар Жұбаниязова.
Расымен елімізге дендеп кіре қоймаған өмірді сақтандыру жүйесі шынтуайтында көп қиындықтан құтқарары анық. Бірақ мақала барысында айтылғандай, түрлі себептің һәм немқұрайдылықтың әсері дейміз бе, бұған мән берілмей келеді. Демек, әлі де қоғамдағы қаржылық сауаттылықты арттыру керек екені түсінікті болып отыр.
Ержан ҚОЖАС,
журналист
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<