Сарбаз иығындағы салмақты жүк

305

0

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ел тыныштығы мен тұрақтылығы – сарбаздар иығындағы салмақты жүк. Әскери қызметтің қиындығы мен жауапкершілігіне қарамастан, елге адал қызмет ету – нағыз ердің ісі. Сондай биік борышты абыроймен атқарып келе жатқан майталман офицер, 5547 әскери бөлімінің штаб бастығы, подполковник Асылбек Асқарбековтің әскери жолы табандылық пен ерлікке, жауапкершілік пен адалдыққа толы.

Ол 1986 жылы Тараз қа­ласында дүниеге келген. Отба­сындағы тұңғыш перзент. Әкесі – Сырасыл Асқарбеков ұзақ жылдар бойы «ВолковГеология» ме­кемесінде, кейін «Қазатом­өнер­кәсіпте» еңбек етті. Анасы Ғайша Ас­қарбекова – мек­тепте мұға­лім бо­лып, талай шәкірт тәр­биелеген  ұс­таз. Отба­сын­да­ғы әкенің тәлімі, ана­ның тәрбиесі оны осындай беделді, парасатты, ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, білікті қызметкер биігіне кө­терілуіне негіз қалады.

Білімге құштар Асылбек мектеп кезінен-ақ озат оқушы болды. Тараз қаласындағы №16 мектепті үздік бітіріп, Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясына оқуға түсті. Талантты жас оқуын қызыл дипломмен тәмамдады. Білімін одан әрі шыңдау үшін Тараздағы Инновациялық-гуманитарлық университетіне түсіп,  құқықтану мамандығы бойынша бітірді.

Әскери жол  ар жолы деп санайтын ол  2008 жылдан бастап Ұлттық ұлан қатарында түрлі маңызды қызмет атқарды. Тараз қаласындағы 3 жедел мақсаттағы ротаның 2-взвод командирі, 5513 әскери бөлімінде 1-жедел мақсаттағы ротаның командирі, сол бөлімнің батальон командирінің орынбасары болды. Одан кейін 5547 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальон командирі, штаб бастығының орынбасары және 6506 әскери бөлімінің штаб бастығының орынбасары қызметін абыройлы атқарды. Ал 2023 жылдан бастап 5547 әскери бөлімінің штаб бастығы лауазымын атқарып келеді.

Ол – әскери құжат айналымының қырағы бақылаушысы. Бұйрықтардың заңдылығы, хаттамалардың сауаттылығы, құжаттардың ресмилігі мен нақтылығы – подполковниктің күнделікті ісі. Өз жұмысын ұқыпты атқаратын оны әріптестері құрмет тұтады.

Көп жылғы мінсіз қызметі мен ерлікке толы еңбегі үшін Асылбек Сырасылұлы  бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, ІІ және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдары, «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін», «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісі, І және ІІ дәрежелі «Қайсар» медальдарын иемденді. Бұл марапаттары оның кәсіби шеберлігі мен елге деген адалдығының жарқын дәлелі іспетті.

Асылбек – тек мықты офицер ғана емес, сонымен қатар өнегелі отбасының арқа сүйері. Жары Тұрсынай Шарынова екеуі 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр. Балаларын отансүйгіштікке, адалдыққа, еңбекке баулып, ұлттық тәрбиені бойына сіңіруде.

Ұлттық ұланның беделін арттырып, мемлекет мүддесі­не қалтқысыз қызмет етіп жүрген Асылбек Асқарбеков – кейінгі жастарға үлгі, болашақ офицерлерге бағдар берер мықты маман. Оның бойындағы адалдық, талапшылдық, әділдік пен парасат  сынды қасиет кез келген ер азаматқа тән болуы тиіс. 

Сара АДАЙБАЕВА,

 «Сыр бойы»