8,5 мыңдай адам кәсіподақ қатарына қосылды

258

0

 Қызылордада кәсіподақ қатарына 8,5 мыңдай адам қосылып, мүшелерінің саны 99 мыңға жуықтады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов бұл бір жылда атқарылған қыруар жұмыстың нәтижесі екенін айтты. 

– Алдын ала статистикалық мәліметке сәйкес, өңірдегі 348,1 мың жұмыс күшінің 331,4 мыңы еңбекпен қамтылған. Халық санына шаққанда соның 29,8 проценті ғана кәсіподаққа мүше. Бізге әлі 232 мыңнан астам адамды қатарға тарту керек, – деді ол.

Кәсіподақ ұйымы бар мекемелердің 83 проценті мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Өткен жылы осындай 848 мекемеде ұжымдық шарттың толықтырылып, өзгеруіне байланыс­ты жалақы өсті. Бүгінгі күні тағы 23 кәсіпорында еңбекақыны көтеру бастамасы мақұлданып отыр.

– Өңірдегі 6 мыңнан астам мекеме мен кәсіпорында ұжымдық шарт тіркелсе, біз соның 17 процентінің ғана орындалуын бақылай аламыз. Әйтсе де, соңғы уақытта жұмысшылар тарапынан кәсіподақ құруға, ұжымдық шарт жасауға сұраныс артып келеді, – деді бірлестік төрағасы.

Іргелі ұйымның ұсынысы қолдау тапса, ұжымдық шарттың болуы алдағы уақытта аудандар мен облыс орталығы әкімдерінің рейтингіне тікелей әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, Еңбек кодексіне өндірістік кеңес құру міндеттілігін көздейтін норма енгізу ұсынылып отыр. Өйткені өндірісте жазатайым оқиғаға ұшырайтындар аз емес. Былтырдың өзінде құрылыс басында – 7, энергетика саласында – 1, ауыл шаруашылығы мекемесінде – 1, басқа да бюджеттік мекемелерде 4 адам көз жұмған.

Назерке Саниязова,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<