Сексеуілді кесуге мораторий 5 жылға ұзартылды

222

0

Қазақстанда сексеуіл кесуге тыйым салу мерзімі тағы 5 жылға ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Бұған дейін мұндай шектеу еліміздің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығы негізінде 2015 жылдан 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін енгізілген болатын.

Атап өтілгендей, табиғатты қорғауға бағытталған осындай шаралар негізінде Қазақстанда сексеуіл плантацияларының көлемін арттыру мүмкін болды.

Бүгінде Сыр өңіріндегі орманды жерлердің 87 пайызында шөлге шыдамды ағаштың осы түрі өседі. Айта кетейік, «Ормандарды сақтау және республиканың орманды жерлерін көбейту» жобасы аясында 2008-2014 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 57 мың гектардан астам сексеуіл, сарсазан тәрізді, шөлге, сортаң топыраққа бейімді ағаш-бұта түрлері отырғызылды. Биыл тағы 10 мың гектар теңіз ұлтанына сексеуіл егілмек.

«2018 жылы осы күнге дейін сексеуіл плантацияларын заңсыз кесудің 49 дерегі тіркелді. 10 азаматқа айыппұлдар салынды, үш адам 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. Тағы екі адам бір жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 25 сотталушы табиғатқа келтірген шығынды өтегеннен кейін сот шешімімен қылмыстық жауапкершіліктен босатылды», – деді облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Айбек Жолақанов.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<