Сексеуіл кентінде жаңа мешіт ашылды

943

0

Қасиетті Құрбан айт мерекесінің екінші күнінде, яғни шілде айының 10-шы жұлдызында Сексеуіл кентінде жаңа мешіт ғимараты ашылды. «Тілеуқұл ишан» атындағы имандылық үйінің ашылуына кент тұрғындары мен ардагерлер мен кенттен түлеп ұшқан азаматтар жиналды.
Көпшілік бас қосқан шарада алдымен облыстық мәслихат хатшысы Н. Байқадамов қазіргі кезеңде тұрғындарды ізгілікке, мейірбандылыққа шақыратын мешіт қызметінің маңызы зор екендігіне тоқталып, облыс әкімі Н. Нәлібаевтың құттықтау хатын табыстады.
– Ата-бабадан аманат болып қалған дәстүрлі дінімізде мешіт – Жаратушының жер бетіндегі қастерлі үйі болып танылған. Сексеуіл кенті тұрғындарының ниет-ықыласына нәсіп болған бұл ғибадат үйінің іші жамағатқа толсын! Баршаңызды Құрбан айт мерекесімен құттықтай отырып, жаңа мешіт халқымыздың рухани құндылығын нығайтуға қызмет етеді деп сенім білдіремін – делінген аймақ басшысының құттықтауында.
Одан соң кент тұрғындарын қасиетті мерекемен тұспа-тұс келген қуаныштарымен құттықтаған аудан әкімі С.Сермағамбетов ғибадат үйінің халықты ізгілікке бастап, рухани жол сілтеуші орталыққа айналуына тілектестігін білдіріп, естелік ретінде сый-сияпат табыс етті.
Аталған шарада сөз алған Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Әбуов Болатбек қажы асыл дініміздің құндылықтарын дәріптейтін мешіт үйінің жамағатпен көрікті болатынын айтып, жастар үшін ата-ананы сыйлап, құрмет тұтуға үндейтін ілім алуына мүмкіндік жасалғанына қуанышты екендігін жеткізді. Сонымен бірге, діни орталықтың алдағы жұмысына сәттілік тілеп, Қасиетті Құран кітабын сыйға тартты.
Құрбан айт мерекесінде өткен мазмұнды шараға тұрғындар қуанышына ортақтаса келген Парламент мәжілісінің депуттаттары Бақытбек Смағұл мен Геннадий Шиповских қатысып, ақжарма тілектерін білдірді.
Сондай-ақ, белгілі айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов сөз кезегінде Сексеуіл кенті халқының ауызбіршілігіне, игі іске бастамашы болған азаматтарға ризашылығын жеткізді.
Шара барысында мешіт имамына ҚР Қорғаныс министрлігінің, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының және көршілес Қазалы ауданы әкімінің құттықтау хаттары табысталды.
Мұнан кейін жаңа мешіт ғимаратының лентасы қиылып, өмірден өткен марқұмдар рухына арналып, құран бағышталды.
Осылайша кент орталығынан бой көтеріп, заманауи үлгіде салынған «Тілеуқұл ишан» атындағы жаңа мешіт Құрбан айт мерекесінде жамағатқа есігін айқара ашты. Мешіттің құрылысы белгілі меценат, облыстық мәслихат депутаты болған Бедер Қадірбергеннің бастамасымен қолға алынған болатын. Ғимарат құрылысына осы өңірден түлеп ұшқан азаматтар мен Сексеуіл кентінің және ауданның біршама кәсіпкерлері біркісідей атсалысып, демеушілік жасаған.
Бір мезетте 1000 адам құлшылық ете алатын мешітте ерлер мен әйелдер намазханасынан бөлек екі дәрісхана және имамдар бөлмесі қарастырылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<