Сексеуілдіктер газ жағатын күн жақын

88

0

Фото: Арал ауданы

Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ауданға қарасты Сексеуіл кентінде болып, жергілікті тұрғындармен жүздесіп, аудандағы жыл көлемінде атқарылған жұмыстар легіне тоқталды.

Кент бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша да оң өзгерістер қалыптасты. Айталық құрылысы тұралап, жыры жылдарға созылған кенттегі 40 төсектік аурухана биыл аяқталды. Қазіргі таңда жұмысшы құрам орналасап, бүгін-ертең халыққа қызмет көрсетуге әзірлік үстінде.

Одан бөлек ауыл халқының жылдар бойы айтып келген көгілдір отын мәселесі де бүгінде толық шешімін тапты. Мамандардың айтуы бойынша санаулы күндерден соң кентішілік желілерге газ жіберіле бастайды.

Кенттегі жайлы мектеп ғимаратының да құрылысы жүруде. Сәтін салса келер жылы бұл мектеп те ел игілігіне пайдалануға берілмек. Осы және өзге де оң өзгерістерге бастаған кенттің бүгінде көші келісті деуге толық негіз бар.

Кездесу барысында Қызылорда газ тарату жүйесі КММ-нің бас инженері Бекнұр Ақылбекұлы Ысқақов ауыл тұрғындарына кентішілік желілерге көгілдір отын жіберілген кезде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды айтып, газға қатысты кез келген әрекетте арнайы мамандардың кеңесіне құлақ түрген жөн екендігін ескертті. Сонымен қатар Сексеуіл кентінің газ шаруашылық мекемесінің директоры болып жергілікті жердің азаматы Мұхтар Исматуллаев тағайындалғанын жеткізді.

Аудан әкімі кент бойынша басқа да өзекті деген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтып, ауыл тұрғындарының өзге де ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.

Әрине ел болған соң мұқтаждық, талап-тілектердің болатыны заңдылық. Ауыл ардагерлері ең алдымен жасалып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, аулдан ардагерлер үйін ашса, кент ішіндегі ескі ғимараттарды бұзып немесе басқа мақсатқа пайдалануға бейімдесе деген ұсыныстарын айтты. Ауылда тұрғын үй кезегінде тұрған жандар да баршылық. Қазірдің өзінде кент бойынша 100-дің үстінде тұрғын баспана мәселесімен кезекте тұр. Кездесуде кенттен ипотекалық тұрғын үй салу мәселесі де көтерілді. Сонымен қатар ауыл сыртынан қоқыс полигонын салу және аудан орталығымен қатынас жасайтын автожолды күрделі жөндеу бойынша ұсыныстар айтылды.

Аудан әкімі айтылған ұсыныстардың орынды екенін алға тартып, келер жылдан бастап көтерілген мәселелерді шешу бағытында жұмыстар жасалатынын жеткізді.

Мұнан соң аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы ауыл тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді. Тұрғындардың дені жұмыссыздық мәселесін көтерді. Өзге де мәселемен келген азаматтар бар. Аудан әкімі айтылған өтініштер мүмкіндігіне қарай, ауылдағы қоғамдық кеңестің шешімі негізінде жүзеге асатынын айтып, барлық ұсыныстарды ескерусіз қалдырмайтынын жеткізді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<