Семейде жаңажылдық шыршаны безендіру кезінде биіктен құлаған мұғалім Қуат Айтқалиевтің мәселесі Мәжілісте айтылды. Бүгін жалпы отырыста депутат Жұлдыз Сүлейменова бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ашық ақпараттардан белгілі болғандай, 2024 жылғы 21 желтоқсанда №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 49 жастағы Қуат Айтқалиев орталық алаңда жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде жоғары биіктіктен құлап, ауыр жарақат алған. Қазіргі уақытта жағдайы өте ауыр. Мемлекет басшысы Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға арналған. Аталған заң мұғалімдердің негізгі қызметіне жатпайтын артық міндеттерден қорғауы шарт. Алайда, осы жағдай педагог мәртебесі туралы заңды өрескел бұзып тұр, – дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Ол осы ретте бірнеше ұсыныс енгізді.
1. Мұғалімдерді заңсыз жұмысқа тарту шешімін қабылдаған және «Педагог мәртебесі туралы» заңды бұзған тұлғаларды анықтап, қатаң жауапкершілікке тартуды сұраймыз.
2. Зардап шеккен мұғалімге толық медициналық көмек көрсетуді және заңды өтемақы төлеуді, оның ішінде педагогтың алған жарақатын өндірістік жарақат деп тануды және оған өмір бойы өндірістік жарақатқа берілетін төлемді тағайындауды қарастыруды сұраймыз.
3. Семей қаласында шыршасын орнату мен безендіруге бөлінген қаражатты тексеріп, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланғандар болса, оларды заң аясында жауапкершілікке тарту қарастырылсын.
4. «Педагог мәртебесін туралы» заң талаптарын сақтамау жағдайларына байланысты барлық білім беру ұйымдарында тексеріс жүргізіп, мұғалімдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауды ұсынамыз.
5. AMANAT партиясы фракциясы Қазақстан Республикасының бас прокуратурасынан осы мәселені жеке бақылауға алып, кінәлілерді жауапқа тартып және зардап шеккен жағдайы ауыр педагогтың құқықтарын толық қорғауды қамтамасыз етуде нақты шаралар қабылдауды сұраймыз.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<