Сенаттың жалпы отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңына толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған құжат 23 ақпанда Сенаттың жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған болатын.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбековтің айтуынша, заң жобасын талқылау және оны екінші оқылымға дайындау барысында құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Біріншіден, бөлшек салық бойынша арнаулы салық режиміне қатысты:
– Режимді 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап пайдалану мүмкіндігін беру;
– Салық кодексінің бөлшек сауда жөніндегі тарауының қолданысын қалпына келтіру;
– Қызмет түрлерін қоғамдық тамақтану саласы ғана емес, Үкімет қаулысымен айқындалатын тізбесімен кеңейту;
– Салық мөлшерлемесін 6%-дан 4%-ға дейін төмендету;
– Мәслихаттарға мөлшерлеменің 50 пайызға, яғни 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету құқығын беру;
– Заңды тұлғаларға тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан және қызметтер көрсетуден түскен кірістер бойынша 8% деңгейінде мөлшерлеме белгілеу ескерілген.
Салықтың көрсетілген сараланған мөлшерлемелерін қолдану үшін салық төлеушілер бөлек салық есебін жүргізуі тиіс.
«ҚР Конституциялық Сотының 2023 жылғы 22 ақпандағы № 3 нормативтік қаулысына сәйкес, Салық Кодексінің 610-бабы 2-тармағының «осындай даулар бойынша әкімшілік талап қою, талап-арыз берілген кезде» деген сөздер бөлігіндегі ережелері әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау жөніндегі конституциялық құқыққа нұқсан келтіретіндіктен, ҚР Конституциясының 13-бабының 2-тармағына және 14-бабына сәйкес келмейді деп танылды. Осыған байланысты аталған тармаққа өзгерістер енгізілді, «өтініш субъектісі үшін» деген сөздермен ауыстырылды. Сондай-ақ, 610-баптың 1-тармағының 1) тармақшасына өзгерістер енгізілді, оларға сәйкес мүліктік даулар бойынша мемлекеттік баждардың жоғары шегін белгілеу ұсынылды», – деді депутат.
«Бұдан басқа, зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша ақшаны сақтандыру ұйымынан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтару жүзеге асырылған жағдайда қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында, заң жобасы баптарының нормаларын бір-бірімен үйлестіретін, сонымен қатар заң техникасының ережелеріне байланысты бірқатар өзгерістер енгізілді», –деді Бекболат Орынбеков.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<