Сенат депутаттары облыстық онкология орталығының жұмысымен танысты

4

0

Фото: Денсаулық сақтау басқармасы

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Искаков Олжас Ермекұлы сенат депутаттары Рүстемов Руслан Рүстемұлы мен Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлына облыстық онкология орталығының жұмысымен таныстырды.

Сондай-ақ сенаторлар орталық қызметкерлерімен кездесіп, Парламент тарапынан қабылданған заңдар жөнінде пікір алмасып, Мемлекет басшысының «Түркістан» газетіне шыққан мақаласындағы денсаулық сақтау саласына қойылған басымдықтар жөнінде ой бөлісті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қабылданған «Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 5 қазандағы № 874 қаулысына cәйкес Үкіметтің және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен облыстық онкологиялық орталыққа 2025 жылы 3,9 млрд. теңге қаржы бөлініп, аса қажетті заманауи КТ, маммограф, рентген, УЗИ, С-дуга және Эндоскопиялық кешен аппараттары сатып алынып, нәтижесінде Орталықтың медициналық құрал жабдықпен қамтылуы 97%-ды құрады.

Сонымен қатар, аймақта медицина саласын дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. Облыс «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыста. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 4,9 млрд. теңге қаржы бағыттады. Оның ішінде:

– 1,1 млрд. теңгеге онкологиялық скринингтік тексерулер жүргізуге арналған 2 дана жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етілді.

– 966,4 млн. теңгеге материалдық-техникалық жабдықтар алуға;

– 2,9 млрд. теңгеге дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге;

– 6,0 млн. теңгеге медицина қызхметкерлерін оқытуға;

– 12,5 млн. теңгеге пациенттерге қайырымдылық және медициналық көмек көрсетуге.

Қазіргі таңда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен келіссөздер жүргізіліп, келер жылы Қор тарапынан онкологиялық науқастарға өте қажет, аймағымызда бұрын соңды болмаған, құны 3,4 млрд. теңге тұратын сызықтық үдеткіш (линейный ускоритель) құрал-жабдығын алу жоспарлануда.