Сенат халықаралық 2 келісімді қарайды

3

0

Коллаж: Kazinform/ Freepik

Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар Франциямен адамдарды реадмиссиялау туралы және Моңғолиямен зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық келісімдерді қарайды.

Депутаттар алдымен қарайтын «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Мәжіліс өткен жылдың желтоқсан айында қабылдаған еді. Бұл келісімге 2024 жылы 5 қарашада Мемлекет басшысының Францияға сапары барысында қол қойылған. Келісіммен өзге елде болу шарттарын бұзған немесе қиын жағдайға тап болған, яғни құжаттарын жоғалтқан адамдарды өз азаматтығы бар елге қайтару көзделеді. Ел азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттар болмаса немесе Францияда заңсыз жүрсе, оларға қандай да бір санкциясыз (әкімшілік айыппұл салу түрінде) қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл ретте, осы елдің уәкілетті органдары азаматтың еліне оралу үшін құжаттарды ресімдеуге көмек көрсететін болады. Келісімнің күшіне енуі көші-қонды бақылауды арттырып, екі елдің ынтымақтастығын нығайтады.

Жалпы, бүгінде еліміз реадмиссия бойынша 20 елмен келісім жасап, белсенді жұмыс істеп жатыр.

Сенаторлар талқыға салатын келесі Заң – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы». Бұл Заңды да Мәжіліс өткен жылдың желтоқсанында қабылдады.

Заңның мақсаты – 2024 жылғы 29 қазанда Ұлан-Батыр қаласында қол қойылған Қазақстан Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау. Аталған келісімді ратификациялау екі ел азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Ол зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтілін тану және есепке жатқызу бөлігінде басқа елдің аумағына көшу кезінде Қазақстан Республикасы мен Моңғолия азаматтары үшін қосымша мүмкіндіктер береді. Атап айтқанда:

ортақ және базалық зейнетақыларды есептеу кезінде еңбек өтілін есепке алу мақсатында;
Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесі аясында қалыптастырылатын жинақтаушы зейнетақыларды экспорттау кезінде.

Атаулы Келісім келесі зейнетақыларға:

Қазақстан Республикасында — еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне;
Моңғолияда — әскери қызметі үшін зейнетақыларға қолданылмайды.
Осы мемлекеттердің азаматтарына зейнетақы тағайындау және төлеу тұратын мемлекетінің заңнамасы бойынша жүзеге асырылады.

Айта кетейік, өткен аптадағы палатаның жалпы отырысында сенаторлар «Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады.

— 2011 жылғы 26 қарашада Токиода қол қойылған Конвенция Азия-Тынық мұхиты аймағында жоғары білім саласындағы біліктілікті тану саласындағы ынтымақтастықты орнатуға бағытталған. ЮНЕСКО аясында әзірленген бұл Конвенцияда дипломдар, академиялық дәрежелерді тану рәсімін жеңілдету, оларды бағалауда ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ету, сондай-ақ өңір елдері арасындағы академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейту мақсат етілген. Токио конвенциясына Ауғанстан, Армения, Аустралия, Қытай, Фиджи, Жапония, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Корея Республикасы, Ресей және Түркия сияқты он екі мемлекет кіреді, — деген еді Заң бойынша негізгі баяндама жасаған сенатор Әсем Рахметова.

Заң ережелері бойынша Конвенцияны ратификациялау оған мүше елдердің жоғары білімге қатысты біліктілікті тану жөніндегі ұлттық ақпараттық орталықтарының аймақтық желісіне (APNNIC) кіруді көздейді. Бұл ортақ желі арқылы шетелдік дипломдардың түпнұсқалығын растау, жоғары білім беру жүйесінің сапасы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды тану рәсімі үшін қажет мәліметтерді қамтамасыз ету мәселелері бойынша жедел ақпарат алмасуға жағдай жасалған.

Сондай-ақ отырыс соңында сенаторлар Үкімет мүшелеріне депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, сенатор Геннадий Шиповских депутаттық сауалында әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнаманың күшейіп бара жатқаны туралы мәселе көтерді.

– Meta, TikTok және өзге де платформалармен бірлесіп, Қазақстан аумағында тыйым салынған және қоғамға қауіпті жарнамалардың алгоритм арқылы таралуына жол бермеу бойынша нақты келісімдерге қол жеткізуді ұсынамын. Есірткі, жезөкшелік, онлайн-казино және порнографиялық сипаттағы пайда болатын жарнамалардың таралуын автоматты түрде анықтап, жедел бұғаттайтын нақты бақылау механизмдерін енгізу керек. Медициналық білімі жоқтардың адам денсаулығына тікелей әсер ететін өнімдерді жарнамалауына шектеу қою қажет, ал мұндай жарнаманың салдарынан азаматтардың денсаулығына зиян келген жағдайда, өнімді жарнамалаған адамның да жауапкершілігін қарастыру керек, – деді сенатор.

Ал Жанна Асанова алкоголь, есірткі және токсикомания салдарынан мас күйде болғандарды кең инфрақұрылымы мен заманауи технологиялары бар жеке зертханаларда медициналық куәландыру жүргізуге рұқсат беру орынды қадам екенін айтты.

Үкімет басшысының атына сауал жолданған оның айтуынша, жүргізушілерді медициналық куәландыру тек мемлекеттік медициналық ұйымдардың зертханаларында жүргізіледі. Алайда, бүгінде аталған жүйенің мүмкіндігі шектеулі.

Осыған орай Жанна Асанова Үкімет басшысына мынандай ұсыныстар берді:

аккредиттелген жекеменшік зертханаларды пайдалану арқылы медициналық куәландыру моделін енгізу, оларды мемлекеттік зертханалармен бірге бірыңғай тізілімге қосу;
олардың қорытындысын аккредиттеу және процессуалдық тануға жіберу тетігін бекіту, сонымен қатар азаматтарға қайтадан тексеруден өту үшін зертханамен өздігінен таңдау мүмкіндігін беру;
бұл моделдің іске асу моделін, оның ішінде мемлекеттік бюджетке жүктеме түсірмей қаржыландыру мәселен айқындау.

Ернұр Әйткенов сәбіз экспортына тыйым салуды тоқтатуға шақырды. Оның айтуынша, тек Павлодар облысындағы шаруалардың қоймаларында 112 мың тоннадан астам өнім бар. Бұл көлем елдің ішкі қажеттілігін жабуға ғана емес, сонымен бірге экспортқа да жеткілікті. Ал Бибигүл Жексенбай барлық облыстағы аудандық газеттердің архивтеріне түгендеу жүргізуді және аудандық баспасөз архивтерін сақтау, цифрландыру, мемлекеттік архивтерге беру жөніндегі бірыңғай ұлттық стандарт әзірлеуді ұсынды. Депутаттың пікірінше, мұрағаттардың жоғалуы құқықтық және басқа да сын-қатерлерді тудырады.