Сенат «Қазақстан халық жазушысы» атағын қайтаратын заңды мақұлдады

402

0

Фото: Сенат

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, мемлекеттік авиация, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мақұлданды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Аталған заңда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы», «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы», сондай-ақ «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заңдарға түзетулер енгізіліп, жетілдіру көзделген.

«Біріншіден, Мемлекет басшысының 2023 жылғы 17 маусымдағы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Халық жазушысы» атағын қайтару туралы тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістер енгізу ескерілген. «Қазақстанның халық жазушысы» атағы – еліміздің әдебиетін дамытуға ерекше үлес қосқан, бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған тұлғаларға берілетін болады. Сондай-ақ, ұлт әдебиетін жаңа деңгейге көтерген, әдеби шығармашылық ортаның ең жоғарғы сыйлығы болады», – деді сенатор Геннадий Шиповских.

Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға түзетулер арқылын мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік авиацияда ұшу жұмысын ұйымдастыру жөніндегі, мемлекеттік авиациядағы әуе сапарын объективті түрде бақылауды ұйымдастыру жөніндегі және Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясы персоналының сыныптық дәрежесін беру туралы нұсқаулықтарды әзірлеу және бекіту құзыреті бекітіледі.

«Бұдан бөлек, мемлекеттің күш құрылымдары саналатын мемлекеттік тапсырыс берушілер қару-жарақтың, әскери техниканың, басқа да әскери мүліктің, сондай-ақ жұмыстар мен қызметтердің заманауи үлгілерін алуға мүдделі. Сондықтан өндірісті жаңғырту, ұсынылатын тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсарту, жергілікті қамту үлесін арттыру қорғаныс өнеркәсібі үшін де, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы үшін де маңызды. Бұдан өзге, Заңда қорғаныс өнеркәсібі әрі мемлекеттік қорғаныс тапсырысы саласындағы уәкілетті органның оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды кәдеге жарату объектілерінің өндірістік қызметін ұйымдастыру, осы жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды кәдеге жарату объектілерін күзету жөніндегі қағидаларды әзірлеу, сондай-ақ бекіту бөлігінде құзыреті нақтыланған. Қару-жарақ пен әскери техниканы жедел қалпына келтіру мақсатында Заңда қосалқы бөлшектерді сатып алу рәсімін оңайлату және оларды мемлекеттік сатып алу рәсімі арқылы өткізу ұсынылған», – деді сенатор.

Айта кетейік, биыл маусым айында Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтаруды тапсырған еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<