Сенат жаңартылатын энергия көздеріне қатысты заңды мақұлдады

379

0

Фото: Pixabay.com

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.

«Заң жаңартылатын энергия көздері саласын жетілдіруге бағытталған.

«Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына» сәйкес, еліміз 2030 жылға қарай жалпы электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 10 пайызға жеткізуі тиіс және 2050 жылға қарай жалпы электр энергиясын өндірудегі баламалы әрі жаңартылатын энергия көздерінің 50% үлесіне жетуі қажет. Дегенмен, ұлттық деректерге сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жаңартылатын энергияның үлесі өндірілген электр энергиясының тек 6 пайызын құрады. Қарастырып отырған Заңды қабылдау осы салаға оң әсерін тигізетіні сөзсіз», – деді сенатор Әлібек Нәутиев.

Атап айтқанда, Заң электр энергиясын сататын жеке тұлғалардың нетто-тұтынушы ретінде жеке кәсіпкер болып тіркелу міндетін жояды. Бұл норма жаңартылатын энергияны пайдаланушылардың санын арттыруға, сондай-ақ электр желілеріне жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметінше, «нетто-тұтынушы» ұғымы нақтыланады – жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын ауқымы шағын объектіден электр энергиясын және жылу энергиясын өзінің толық әрі ішінара тұтынуын қамтамасыз ететін жеке немесе заңды тұлға.

Сонымен бірге, энергиямен жабдықтаушы ұйымның нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу жөніндегі міндеттемелері, энергия беруші ұйымдардың нетто-тұтынушыларды электр желілеріне қосу жөніндегі міндеттемелері заңнамалық деңгейде бекітіледі. Нетто-тұтынушыларды электр энергиясын бергені үшін төлемнен босату ескерілген, сондай-ақ шағын гидроэлектр станцияларына (10 МВт дейін) электр энергиясын шекті тариф бойынша сату құқығы беріледі.

«Бұдан басқа, коммуналдық меншіктегі Өңірлік электр желілері компаниясының желілерін бюджет қаражаты есебінен кредиттеу, реконструкциялау және жаңғырту мүмкіндіктерін заңнамалық тұрғыдан бекіту энергетика саласының инфрақұрылымын жаңартуға ықпал етеді. Заңның нормалары жылу электр станцияларын жаңғырту тәртібін жетілдіруге бағытталған. Инвестициялық тартымдылықтың төмендігіне байланысты жылумен жабдықтау секторындағы қазіргі жағдайды, тарифтерді көтерудің өткір әлеуметтік маңыздылығын және Республикалық маңызы бар қалалардағы экологиялық ахуалдың нашарлауын ескеріп, сондай-ақ инвестициялық келісімдер аясында жабдықтарды газға ауыстыра отырып, жылу электр станцияларын жаңғырту мүмкіндіктері қамтамасыз етіледі», – деді депутат.

Заңды қабылдаудың оң әсерлерінің қатарына мыналарды атап айтуға болады:

– күнделікті өмірде жаңартылатын энергия көздерін белсенді енгізу,

– жаңа жұмыс орындарын құру,

– желілік инфрақұрылымды одан әрі дамыту,

– елдің энергетика секторына инвестициялар тартуға ықпал ету.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<